Кедергісіз орта – тең мүмкіндіктер кепілі
Қоғамның өркениеттілігі әр адамның мүмкіндігіне қарай емес, баршаға бірдей жағдай жасауымен өлшенеді. Қала көшесінде еркін қозғалу, қоғамдық көліккее кедергісіз міну, әлеуметтік нысандарға емін-еркін кіру біреулер үшін үйреншікті жағдай болғанымен, мүгедектігі бар азаматтар үшін әлі де өзекті мәселе. Инклюзивті орта қалыптастыру әлеуметтік саясаттың ғана емес, адам құқығы мен қоғам мәдениетінің де маңызды көрсеткішіне айналып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға айрықша назар аударды. Мемлекет басшысы азаматтардың толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы тұрмыс сапасын арттырудың маңызды шарты екенін атап өтті. Осы бағытта өңірлердегі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілікті жан-жақты зерделеп, жаңа нысандар салу мен қолданыстағыларын жаңғырту міндетін қойды. Жолдауда көтерілген бұл міндеттер кедергісіз орта қалыптастыру мәселесімен де тікелей сабақтас. Инфрақұрылымның дамуы оның баршаға бірдей қолжетімді болуымен өлшенеді. Жаңа ғимарат салумен қатар, оның кіреберісі, қозғалыс жолдары, санитарлық бөлмелері мен ақпараттық жүйелері де әр азаматтың қажеттілігіне сай бейімделуі қажет.
Қарағанды қаласында мүгедектігі бар 25 412 адам тұрады. Оның ішінде, 2 940-ы – балалар. Биылғы қазан айындағы жағдай бойынша 10 009 адам оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етілген. 4 817 тұрғын санаторий-курорттық ем қабылдаса, 1 300 адам жеке көмекшінің қызметін пайдаланған. Ал, 408 азамат ымдау тілі маманының көмегіне жүгінген. Әлеуметтік қолдаумен қатар, қалада бес жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Bizben Birge Bol интеграциялық орталығы, TenQogam әлеуметтік бейімдеу орталығы, «Қамқорлық. Байланыс. Даму» әлеуметтік сүйемелдеу орталығы, баспалдақпен көтеріп-түсіру қызметі және иппотерапия бар. Ерекше назарды ерте қолдау көрсету қызметі де аудартады. Даму ерекшеліктері бар үш жасқа дейінгі 312 бала кешенді түзету-дамыту және психологиялық-педагогикалық көмек алып жүр. Бұл баланың әлеуетін ерте кезеңнен дамытуға және отбасына қажетті қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Көлік қолжетімділігі де назардан тыс қалған жоқ. Қазір Қарағандыда инватакси қызметін 1 500-ден астам адам пайдаланады. Оның 842-сі – мүгедектігі бар балалар. Мұнадй қызмет азаматтардың емдеу мекемелеріне, білім беру ұйымдарына және өзге де әлеуметтік нысандарға қатынауын жеңілдетеді.
Кедергісіз орта қалыптастыруда инфрақұрылымды бейімдеу негізгі міндеттердің бірі саналады. Қолжетімділікті тек ғимарат алдына пандус орнатумен шектеуге болмайды. Азамат нысанға кіргеннен бастап қажетті қызметті өз бетінше ала алатындай жағдай жасалуы керек. Бұл ретте есіктердің кеңдігі, лифт, тактильді жолақтар, арнайы санитарлық бөлмелер, дыбыстық және визуалды ақпараттандыру жүйелері де маңызды.
Кедергісіз орта мәселесі өңірлік деңгейде де талқыланып келеді. Қарағанды облысында іске қосылған «Талдау мектебі» жобасының екінші легінде инклюзия және қолжетімді орта қалыптастыру жеке бағыттардың бірі ретінде қарастырылған. Қатысушылар сегіз апта бойы өңірдің өзекті мәселелерін зерттеп, оларды шешудің нақты жолдарын әзірлеуге кіріскен.
Жобаға қатысушы, инклюзия және кедергісіз орта бағытында жұмыс істейтін Гаухар Әкіжанова бұл мәселеге тәжірибе мен талдау тұрғысынан қараудың маңызын атап өткен.
– Менің негізгі бағытым – инклюзия және кедергісіз орта қалыптастыру. Дегенмен басқа бағыттарды да тыңдауға қызығушылық танытамын. Өйткені, өзің білетін нәрсені айтып қана қоймай, тәжірибе алмасудың да маңызы зор. Таныс мәселелерге тек практикалық тұрғыдан емес, талдамалық көзқараспен де қарағым келеді. Бәлкім, дәл осы талдау арқылы өңірімізді жақсартуға мүмкіндік беретін тиімді шешімдер табармыз, – дейді Гаухар Әкіжанова.
Оның бұл пікірі мәселені шешуде тек инфрақұрылымды өзгертумен шектелмей, қоғамның көзқарасын да жаңғырту қажеттігін аңғартады.
Шын мәнінде, кедергісіз орта – тек мүгедектігі бар азаматтарға арналған жағдай емес. Ол қарт адамдардың, балалы аналардың, уақытша жарақат алған тұрғындардың да күнделікті өмірін жеңілдетеді. Демек, қолжетімді қала қалыптастыру – қоғамның барлық мүшесіне қолайлы жағдай жасау деген сөз. Президент Жолдауында айқындалған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту міндеті осы бағыттағы жұмыстың маңызын одан әрі арттыра түседі. Ендігі кезекте Қарағанды қаласындағы қоғамдық ғимараттардың, көлік пен әлеуметтік қызметтердің бейімделу деңгейін жүйелі тексеріп, анықталған кемшіліктерді кезең-кезеңімен жою маңызды. Тең мүмкіндік қағаз жүзіндегі қағида болып қалмауы керек. Ол әр адамның қала ішінде еркін қозғалуынан, білім алуынан, еңбек етуінен және қоғамдық өмірге кедергісіз араласуынан көрініс табуы тиіс.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



