Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағанды облысында ірі көлемде шаян аулаған браконьерлер тобы ұсталды

Приозерск қаласында заңсыз шаян аулап, оны саудалаумен айналысқан ұйымдасқан топтың қызметі әшкереленді. Жедел іс-шаралар барысында сегіз күдікті қолға түсіп, жалпы салмағы 2,5 тоннадан асатын өнім тәркіленді деп хабарлайды Ortalyq.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Сурет ЖИ арқылы жасалды
Қарағанды облыстық полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бірлескен операция жүргізді. Нәтижесінде 23 пен 50 жас аралығындағы сегіз тұрғын ұсталды. Олар су биоресурстарын заңсыз өндіріп, аса ірі көлемде өткізді деген күдікке ілінген.
Тінту және тергеу амалдары кезінде тәртіп сақшылары 2 557 келі шаянды тәркіледі. Сондай-ақ заттай айғақ ретінде 115 дана арнайы паллет пен заңсыз олжаны тасымалдауға қолданылған жүк көлігі және «ГАЗель» автокөлігі алынды. Алдын ала есептеулер бойынша, браконьерлердің заңсыз әрекетінен мемлекетке 20 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келген.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Ұсталғандардың екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция қызметкерлері қылмыстық топтың өзге де сыбайластарын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button