Отбасы құндылығы – мемлекет болашағының негізі
Мемлекеттің қуаты тек экономикалық әлеуетімен немесе саяси тұрақтылығымен өлшенбейді. Оның шынайы беріктігі – қоғамның рухани тұтастығы, отбасының әл-ауқаты және өскелең ұрпақтың қауіпсіз әрі сапалы өмір сүруіне жасалған жағдаймен айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында отбасы институтына, ана мен әке мәртебесіне және бала құқығына ерекше мән берілуі – қоғам дамуының маңызды құқықтық бағдарларының бірі.

Жаңа Ата Заңның 30-бабында неке мен отбасы, ана, әке мен баланың мемлекет қорғауында болатыны нақты бекітілген. Сондай-ақ, неке ер мен әйелдің заңға сәйкес тіркелген ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалып, балаға қамқорлық жасау мен оны тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрі міндеті ретінде белгіленген. Бұл нормалар отбасының қоғамдық өмірдегі орнын айқындап, оның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мемлекет пен ата-ананың қатар жауапты екенін көрсетеді.
Отбасы – баланың тұлға болып қалыптасатын алғашқы ортасы. Адам бойындағы адамгершілік, жауапкершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді қасиеттердің негізі де осы ортада қаланады. Сондықтан отбасы құндылықтарын қорғау тек дәстүрді сақтау мәселесі емес, ұлттың келешегіне салынған инвестиция. Ал ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі оның материалдық қажеттілігін өтеумен шектелмейді. Баланың сапалы білім алуына, денсаулығының нығаюына, қабілеті мен дарынын дамытуына және қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасау да осы міндеттің ажырамас бөлігі.
Конституцияда адамның жеке өміріне және отбасы құпиясына қол сұғылмау құқығының бекітілуі де бүгінгі қоғам үшін айрықша маңызды. Ақпараттық технологиялар кеңінен тараған кезеңде баланың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігі, жеке деректерінің қорғалуы мен ақпараттық сауаттылығы өзекті мәселеге айналды. Демек, құқықтық қорғау ұғымы енді күнделікті өмірмен қатар цифрлық ортамен де тығыз байланысты.
Бұған қоса, білім алу мен денсаулық сақтау құқығының конституциялық деңгейде бекітілуі баланың жан-жақты дамуына қажетті құқықтық негіз қалыптастырады. Өйткені, әрбір баланың сапалы білімге қол жеткізуі, медициналық көмек алуы және қоғам өміріне тең дәрежеде араласуы – әлеуметтік мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі.
Алайда, конституциялық нормалардың шынайы нәтижесі олардың күнделікті өмірде қаншалықты орындалатынына байланысты. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың құқығын қорғау, сапалы білім мен медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету – мемлекеттік органдармен қатар бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бұл ретте отбасы, мектеп және қоғамдық орта арасындағы сабақтастықтың маңызы зор.
Түптеп келгенде Жаңа Конституцияда отбасы мен бала құқығына басымдық берілуі – болашаққа бағдарланған мемлекеттік ұстанымның көрінісі. Себебі, бүгін қорғалған баланың құқығы – ертеңгі қоғамның қауіпсіздігі. Ал, берік отбасы – тұрақты мемлекеттің тірегі. Ұрпақтың тағдырына жауапкершілікпен қарау арқылы ғана әділетті, ізгілікті әрі орнықты қоғам қалыптастыруға болады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Оrtalyq.kz



