Елімізде 575 мыңнан астам адам қант диабетіне шалдыққан
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 575 мыңнан астам адам тіркелген. Оның 30 987-ден астамы – 1-типті қант диабетіне шалдыққан, деп хабарлайды Оrtalyq.kz Еgemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгінде Қазақстанда диабетпен ауыратын пациенттерге тиімді медициналық көмек көрсету мақсатында ауруды ерте анықтауға арналған скринингтік бағдарламалар кеңейтіліп, семіздіктің алдын алу және зиянды өнімдерді тұтынуды шектеу шаралары күшейтілді. Сонымен қатар, мамандандырылған құзырет орталықтары ашылған. Скринингтің шеңберінде екі жылда бір рет гликирленген гемоглобин, триглицеридтер және тығыздығы төмен липопротеидтер деңгейін анықтауды қамтитын зерттеулер жүргізіледі. Емханалардың жанындағы «Қант диабеті мектептерінің» желісі де кеңейтіліп жатыр. Онда пациенттер қандағы қант деңгейін бақылауды, дәрігерлердің ұсынымдарын орындауды және аурудың асқынуының алдын алуды үйренеді.
Осы диагнозы бар әрбір пациент емхана арқылы тегін консультация алуға, өзі тіркелген учаскеде тұрақты медициналық бақылауда болуға және асқынулар туындаған жағдайда мамандандырылған медициналық көмек алуға құқылы.
– 2026 жылы МӘМС қаражатының есебінен жалпы сомасы 60,46 млрд теңгеге 50-ден астам атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сатып алынды. Препараттарды медициналық ұйымдарға жеткізу 2026 жылғы қаңтардан бастап бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылып жатыр, – делінген министрліктің хабарламасында.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.



