Қамбаны қазынаға толтырған
Дастарқан төріндегі бір бөлке ыстық нанның бағасы дүкен сөресіндегі қағазда ғана емес, диқанның маңдай терімен, механизатордың табан ақысымен өлшенсе керек. Сол нанның дастарқанға келу тізбегін кері шолып көріңізші. Наубайшының пешінен диірменге, диірменнен қамбаға, қамбадан көктемде тұқым себілген танапқа апарады. Көктемгі ылғалдың әр күніне есеп құрған диқан да, күзде жауынға қалмайық деп комбайн тізгіндеген алтын қолды механизатор да осы бір қастерлі жолдың бойында тұр. Сол іспетті таңғы сауыннан басталатын бір кесе сүттің де өз шежіресі бар. Күнделікті ішіп-жеп жүрген ас-ауқатымызға осылай тереңірек үңілсек, ел экономикасының қамбасын қазынаға толтырып отырған ауыл еңбеккерлерінің өлшеусіз бейнетін бағамдай аламыз.

Бұл саланың ел өміріндегі елеулі орны туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы – мемлекет экономикасының қозғаушы күші әрі ұлттық азық-түлік қауіпсіздігінің басты кепілі. Біз агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық, бәсекеге қабілетті және табысты салаға айналдыруымыз керек», – деп қадап айтқан болатын. Президенттің осы бір орамды ойы бүгінгі дала еңбеккерлерінің, соның ішінде, Кеншілер өлкесінің шаруаларының қыруар ісінің айқын бағдары іспетті.
Қарағанды десе, алдымен, көмір мен мыстың есебі көз алдымызға келетіні рас. Дегенмен, биыл өндірісті өңірдің диқандары да табиғаттың мінезіне мойымай, 904,5 мың гектардың астығын жинап, қамбаға 750,8 мың тонна алтын дән құйды. Бұл дәннің бір бөлігі ұн болып, елдің ырысына айналса, келесі бөлігі келер көктемге тұқымға сақталады. Ауылдағы ағайынның тынымсыз тірлігінің арқасында жылдың тоғыз айында облыстың ауыл, орман және балық шаруашылығындағы өнім көлемі 381,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен асып түсті.
– Жалпы, шаруа қожалықтары мен диқандардың еңбегі ерекше, олардың маңдай тері кез келген мақтауға тұрарлық. Биылғы көктемнің ылғалы мен күздің жауынына қарамастан, ауыл адамдары уақытпен санаспай тер төкті. Егін орағының маусымдық науқанын уақтылы әрі ысырапсыз өткізу – тек техниканың күші ғана емес, адамның қажыр-қайраты мен төзімінің жемісі. Мемлекет тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетіліп, шаруаларға күзгі дала жұмыстарына арнап 19,3 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны уақытылы жеткізілді. Биыл 465 шаруашылық 22,2 млрд теңгеге 1 123 жаңа техника сатып алып, паркін жаңартты, өйткені, бір комбайн іркіліссіз жұмыс істесе, тұтас алқаптың несібесі шашылмайды. Осындай тынымсыз еңбектің, бірлескен күш-жігердің арқасында қамбамыз астыққа толды, – дейді облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.
Шынында да, егіншінің шығыны алқапқа трактор шыққан алғашқы күннен басталады. Бұл ретте «Кең дала» және «Кең дала – 2» бағдарламаларымен 272 шаруашылыққа берілген 15,9 млрд теңге қаражат көктемгі дән себуге де, күзгі жиын-терінге де үлкен демеу болды. Соның нәтижесінде биыл өңірде 321 мың тонна картоп пен 34,2 мың тонна көкөніс жиналды. Әсіресе, Нұра, Бұқар жырау, Шет аудандарының диқандары гектарынан 285-325 центнерден мол өнім алып, көш бастады. Мұнша байлықты сақтап қалу үшін облыста қазір сыйымдылығы 357,8 мың тонна болатын 143 қойма жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін «Шахтерское», «Евразия Инвест LTD» және «Баймырза Агро 2018» серіктестіктерінің іске қосар жаңа жобаларының арқасында бұл көлем тағы 30 мың тоннаға артпақ.
Сырым Бошпанов саланың даму көкжиегі тек өнім өндірумен шектелмейтінін де атап өтті.
– Біздің қазіргі басты мақсатымыз – тек шикізат өндірумен шектеліп қалмай, қайта өңдеу өнеркәсібін барынша дамыту. Майлы дақылдар мен картопты, ет пен сүтті терең өңдеу арқылы шаруалардың өнімін тұрақты өткізуіне толық жағдай жасауымыз керек. Ауылдағы ағайын өндірген шикізат зауытқа кедергісіз жетіп, дүкен сөресіне сапалы отандық тауар болып шыққанда ғана саланың толыққанды нәтижесін көреміз. Жақында іске қосылған ірі ет комбинаттары мен жаңа сүт-тауарлы фермалары осы кешенді жұмыстың нақты көрінісі деп білемін. Бұл – тек құрғақ экономикалық көрсеткіш емес, ең алдымен, ауылдағы ағайынның тұрақты жұмысы, отбасының амандығы мен елдің ырысы, – деді ол.
Айтса айтқандай, Абай ауданында сәуір айында іске қосылған «Alisha Group» кешені жылына 2 400 тонна өнім өндіріп, етті салқындатып, мұздатып, вакуумға қаптап шығаруға кірісті. Облыста тоғыз айда ет өндірісі 3,9 пайызға, сүт 5,5 пайызға артқаны – осындай жүйелі жұмыстың айғағы. Осакаров ауданында 1 200 сауын сиырға есептелген жаңа ферма, Нұрадағы «Рамадан» шаруашылығы, сүтті 22 қабылдау пункті арқылы жинайтын «Нәтиже» фабрикасы – бәрі де бір тізбектегі ортақ істің бөлшектері.
Тіпті, ауыл еңбеккерлерінің маңдай терімен келген өнімдер ел шекарасынан да асып жатыр. Бие сүтінен алынған «SAUMAL» мен түйе сүтінен дайындалған «SAUBOTA» өнімдері Қытай нарығын бағындырса, бекіре өсіретін шаруашылық өнімі көрші Ресейге жөнелтілуде.
Қазірдің өзінде қамбасын толтырған диқан келер көктемнің қамын жеп, 89,9 мың тонна дәнді дақыл мен 32,9 мың тонна картоп тұқымын дайындап қойды. Механизатор техникасын сайлап, малшы қыстаудағы жемшөбін түгендеп жатыр. Дала өмірінің бір сәтке де толастамайтын осы бір ұлы көші тоқтаған емес.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



