Жаңалықтар

«Қазақ елі барда – қазақ тілі тұғырдан түспейді»: Президент сөзі көпшіліктің көңілінен шықты

Бірнеше күн бұрын Астанада өткен «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Х құрылтайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайы мен болашағына қатысты маңызды мәселелерді көтерді. Президенттің ана тіліміздің мәртебесін арттыру, тіл мәдениетін қалыптастыру және аударма сапасын жақсарту жөніндегі пікірлері әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды.

Сурет Ақордадан

Мемлекет басшысы қазақ тілінің дамуы тек мемлекеттік органдардың міндеті емес екенін атап өтті. Бұл іске қоғамның барлық өкілі, зиялы қауым, кәсіпкерлер мен азаматтар атсалысуы қажет. Президенттің «Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді!» деген сөзі желі қолданушыларының ерекше ықыласына бөленді.

Құрылтай барысында Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір терминдердің мағынасына сай келмейтін, жасанды аудармаларына да назар аударды. Бұл мәселе көпшіліктің көкейінде жүрген оймен үндесті. Әлеуметтік желі қолданушылары ресми құжаттар мен күнделікті қолданыста кездесетін сәтсіз аудармаларды сынға алып, тілдің табиғи болмысы мен сөз қолданысына мән беру керектігін жазды.

Сондай-ақ тіл мәдениетіне қатысты өзге де пікірлер ортаға салынды. Желі қолданушыларының арасында қазақша сөйлеу барысында өзге тілдерден орынсыз сөз араластыру мәселесін көтеріп, Президенттің бұл бағыттағы ұстанымын қолдағандар да болды.

Жалпы, көпшілік Мемлекет басшысының ана тіліне қатысты ойларын оң қабылдады. Бірі жылы лебізін білдірсе, енді бірі тілдің қолданыс аясын кеңейту мен қоғамдық ортадағы беделін арттыру қажеттігін атап өтті.

Қорыта айтқанда, халықаралық құрылтайда көтерілген мәселелер әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қазақ тілінің тағдыры қоғам үшін маңызды тақырып екенін тағы бір мәрте көрсетті. Ана тілінің абыройын асқақтату – бір ғана мекеменің емес, тұтас ұлттың ортақ міндеті.

Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button