Бас тақырыпЖаңалықтарРесми

Қарағанды облысының әкімі Франция елшісімен кездесті

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесті. Кездесу барысында тараптар өңір мен Франция арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, өзара тиімді серіктестікті кеңейту және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыс әкімі өз сөзінде өңірдің инвестициялық әлеуеті мен экономикалық мүмкіндіктеріне тоқталып, француз компанияларымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

– Біз Француз Республикасымен достық және серіктестік қарым-қатынастты дамытуға зор мән береміз. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, білім беру, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз. Француз тарапының нақты ұсыныстарын қарауға, кәсіпорындар мен ұйымдар арасында тікелей байланыстар орнатуға жәрдемдесуге, сондай-ақ бірлескен инвестициялық және іскерлік жобаларды іске асыруды қолдауға қуаныштымыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қазір облыста «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Мұнда инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылып, қажетті инфрақұрылымдар салынған.

Бүгінде Қарағанды облысында француз капиталының қатысуымен екі кәсіпорын жұмыс істейді. Оның бірі қаржы және сақтандыру саласында, екіншісі кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ, француздың SUEZ International SAS компаниясы «Қарағанды Су» кәсіпорнымен су ресурстарын басқару және тиімді пайдалану бағытында ынтымақтасады.

Кездесуде білім беру саласындағы әріптестік те талқыланды. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде EPC Groupe француз компаниясымен бірлесіп бұрғылау-жару жұмыстарына арналған арнайы оқу аудиториясы ашылған.

Франция елшісі Сильван Гиоге өңірмен экономикалық, өнеркәсіптік, мәдени және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

– Біз Қарағанды облысымен экономикалық, өнеркәсіптік, мәдени және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Әбілқас Сағынов атындағы техникалық университетте EPC Groupe француз компаниясының оқу аудиториясының ашылуы осындай өзара іс-қимылдың мысалы болды. Бұл жоба білікті инженерлерді даярлауға, студенттерді біздің технологияларымызбен таныстыруға және оларға тау-кен өнеркәсібінде сұранысқа ие практикалық білімді беруге мүмкіндік береді. Бұл бастама француз бизнесі, жоғары оқу орны және өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындары арасындағы ұзақ мерзімді серіктестік үшін негіз болады деп үміттенеміз, – деп атап өтті елші.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button