Ауыл жастарына цифрлық табыс жолы ашыла ма?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан цифрлық технологиялар арқылы табыс табуына мүмкіндік жасау қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы ауылда немесе қалада тұратын әрбір азамат смартфон арқылы заңды табыс табуды үйренуге тиіс екенін айтты. Бұл бастама әсіресе ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін. Алайда, ол үшін сапалы интернетпен қатар, цифрлық сауаттылық пен сұранысқа ие дағдылар қажет.

Цифрлық экономиканың мәні – адамның қай жерде тұратынына қарамастан, өз білімі мен қабілеті арқылы табыс табуы. Мәселен, ауыл жастары қашықтан жұмыс істеп, графикалық дизайн, бағдарламалау, мәтін жазу, SMM, аударма және онлайн қызмет көрсету салаларында еңбек ете алады. Ал, ауыл кәсіпкерлері өз өнімдерін маркетплейстер мен әлеуметтік желілер арқылы сатып, тұтынушылар аясын кеңейтуге мүмкіндік алады.
Дегенмен, мұның бәрі тұрақты интернетке байланысты. Облыста бүгінде 342 ауылдық елді мекеннің 269-ы интернет желісіне қол жеткізген. Оның ішінде 253 ауылда мобильді интернет бар. Ал, 73 ауылда әзірге интернет жоқ. Бұл елді мекендерде 12,2 мыңнан астам адам тұрады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2026 жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Жоба аясында облыстың 133 ауылында талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу көзделген. Бұдан бөлек, 2027 жылдың соңына дейін 68 ауылдық елді мекенде интернетті тікелей тұрғын үйлерге жеткізетін «соңғы миль» желісін дамыту жоспарланып отыр.
Облыстық цифрландыру басқарма басшысы Константин Ильницкий шалғай елдімекендерді байланыспен қамтуда спутниктік технологиялардың да маңызы зор екендігін баса айтты.
– Қазір облыстың 56 аз қоныстанған ауылдық елдімекенінде спутниктік интернет қолжетімді. Оның 43-і OneWeb төмен орбиталық жүйесі арқылы секундына 50-ден 100 Мбитке дейінгі жылдамдықпен жұмыс істейді. 2026 жылдың соңына дейін тағы 47 елді мекенді қосу жоспарланған. Ал, 2027 жылы қалған тоғыз ауылды қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар, талшықты-оптикалық желілерді дамыту және базалық станцияларды көбейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауыл тұрғындарының заманауи цифрлық қызметтерді пайдалануына және интернет мүмкіндіктерін кеңінен қолдануына жағдай жасайды, – дейді басқарма басшысы.
Десе де, интернеттің қолжетімді болуы – алғашқы қадам ғана. Оны нақты табыс көзіне айналдыру үшін жастардың цифрлық сауаттылығын арттырып, сұранысқа ие мамандықтар мен онлайн кәсіп дағдыларын меңгеруіне жағдай жасау маңызды.
Бұл бағытта облыста ауыл жастарының әлеуетін дамытуға арналған жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – 2025 жылы пилоттық режимде басталып, 2026 жылы жүйелі түрде жалғасқан «Ұлт қазынасы» жобасы. Оның мақсаты – дарынды жастарды анықтау, тәжірибелі мамандардың білімін жас буынға беру және тәлімгерлік мәдениетін дамыту.
2026 жылы жоба аясында 52 кездесу өткізіліп, 39 ауылдық елді мекен қамтылды. Жалпы қамту көрсеткіші 2 600 жасты құрады. Оның ішінде, 61 жас тікелей менти ретінде қатысып, 16 ментордан бірнеше ай бойы жеке және топтық форматта тәлімгерлік қолдау алды. Жобаны жүзеге асыруға 14,4 миллион теңге бөлінді.
Бұдан бөлек, ауыл жастары «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына және жергілікті гранттық бағдарламаларға қатыса алады. 2026 жылы аталған грант бойынша облыстан 266 өтінім түскен. Конкурс қорытындысында 25 қатысушыға грант тағайындау көзделген. Грант бизнес, ғылым, мәдениет, IT, медиа және волонтерлік бағыттарды қамтиды.
Аудан жастарының да бұл мүмкіндікке қызығушылығы бар. Мәселен, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына Абай ауданынан – 12, Ақтоғайдан – 6, Бұқар жырау ауданынан – 7, Қарқаралыдан – 14, Нұрадан – 2, Осакаров ауданынан – 9, Шет ауданынан 10 өтінім түскен. Бұл көрсеткіштер аудан жастарының да өз жобаларын ұсынып, мемлекеттік қолдауға қатысып жатқанын аңғартады.
Облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың ақпараттық саясат және коммуникация бөлімінің басшысы Аружан Қосдәулетова ауыл жастарын қолдауда олардың кәсіби бағдарын айқындап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу маңызды екендігін атап өтті.
– Аймақта 302 301 жас бар. Оның 20,6 пайызы, яғни шамамен 62,3 мыңы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан ауыл жастарының білім алып, кәсіби дамуына және өз ісін бастауына жағдай жасау – маңызды бағыттың бірі. «Ұлт қазынасы» жобасы арқылы біз белсенді әрі дарынды жастарды анықтап, тәжірибелі мамандармен байланыстырып отырмыз. Ал, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жастардың өз идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Бүгінде жастар үшін цифрлық дағдыларды меңгерудің маңызы артып келеді. Онлайн қызмет көрсету, интернет арқылы сауда жасау, цифрлық платформалармен жұмыс істеу және өз өнімін нарыққа шығару – ауыл жастары үшін де қолжетімді бағыттар. Міндетіміз – олардың бастамаларын қолдап, мүмкіндіктерін кеңейту, – дейді Аружан Манасқызы.
Айта кетейік, 2026 жылы жүргізіліп жатқан әлеуметтік зерттеулер аясында облыс ауылдарындағы 1 560 жас қамтылған.
Цифрлық экономика ауыл мен қала арасындағы мүмкіндіктер айырмасын қысқартуға жол аша алады. Бірақ, ол үшін интернет инфрақұрылымын дамытумен қатар, жастарды нақты дағдыларға үйретіп, онлайн еңбек нарығына бейімдеу қажет. Сонда ауыл жастары жұмыс іздеп қалаға көшуді ғана емес, туған жерінде отырып-ақ табыс табуды да таңдай алады.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq Qazaqstan



