Мал емдеудің маңызы зор
Бизнесті бастауға және оны өркендетуге бағытталған мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Әсіресе, ауыл тұрғындарына кәсіп ашып, өз ісін дамытуға мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп отырғандар аз емес. Солардың бірі – Осакаров ауданының тұрғыны, ветеринар Асхат Құсайынов. Ол бағдарлама аясында 2 миллион теңге көлемінде грант иеленіп, жеке ветеринарлық клиника ашуға кіріскен. Бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, ауыл шаруашылығы және үй жануарларына ветеринарлық қызмет көрсетуді қолға алуда.

Асхат Құсайыновтың ветеринария саласына деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Әкесі Қайрат Құсайынов – зоотехник. Әке жолын көріп өскен Асхат та жастайынан жануарлардың жай-күйіне ерекше көңіл бөліп, осы салаға ден қояды. Содан Қарқаралы ауылшаруашылық колледжіне оқуға түсіп, 2016 жылы тәмамдайды. Ал, 2023 жылдан бастап, аудандағы жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарына ветеринарлық қызмет көрсетіп, жануарларды емдеп келеді. Одан бөлек, дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстарын да қатар алып жүр.
Ауданда сапалы әрі қолжетімді ветеринарлық көмекке сұраныстың жоғары екенін байқаған кәсіпкер жеке клиника ашуды ұйғарған. Сөйтіп, аудан орталығынан өз қаражатына модульдік ғимарат сатып алып, онда келушілерді қабылдауға қажетті жағдай жасауға кіріседі. Алайда, өзіндегі қаражат жеткіліксіз болған соң, аудан әкімдігі ұсынған гранттық бағдарламаға қатысып, нәтижесінде, грант иегері атанған. Сол грантқа қажетті жиһаздар мен құрылғыларын сатып алып, жөндеу жұмыстарын аяқтапты.
– 2023 жылы ауданға қарасты Николаевка ауылында кәсібімді бастадым. Бір жыл бұрын аудан орталығына көшіп келіп, модульдік ғимарат сатып алдым. Содан бері оны жөндеп, клиника ретінде жабдықтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгінде жөндеу жұмыстары толыққанды аяқталған. Тек, ірілі-ұсақты жұмыс қана қалып тұр. Осы айдың соңына дейін клиникамызды ашуды жоспарлап отырмыз. Әзірге ресми түрде тіркеліп, қол астымда еңбек етіп жүрген маман жоқ. Дегенмен, алдағы уақытта екі адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмын. Клиникада жануарларға вакцинация жасау, кастрациялау және стерильдеу, микрочип орнату, халықаралық ветеринарлық паспорт рәсімдеу, емдік және алғашқы ветеринарлық көмек көрсету қызметтері ұсынылады. Сонымен қатар, емханамен қатар ветеринарлық дәріхана ашу да жоспарда бар, – деді Асхат Құсайынов.
Маманның айтуынша, клиникада ота да жасалып, малды сұйық азотпен таңбалау қызметі де ұсынылмақ. Қазіргі таңда Асхат Құсайынов жергілікті шаруа қожалықтарымен тығыз байланыс орнатып, олардың мал басына жоспарлы профилактикалық шаралар жүргізіп келеді. Келешекте кәсібінің ауқымын кеңейтіп, қызмет түрлерін көбейтуді мақсат етіп отыр. Осы мақсатта кәсіпкер мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып, жеңілдетілген несие алуды да жоспарлап отырғанын жасырмады.
– Аудан әкімінің грантын немесе «Даму» қоры ұсынатын бағдарламаларды да қарастыру ойымда бар. Өйткені, клиниканың материалдық-техникалық базасын әлі де жетілдіру қажет. Атап айтқанда, қан анализаторы, рентген және ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) аппараттарын алуды жоспарлап отырмыз. Мұндай медициналық жабдықтардың бағасы қымбат болғандықтан, оларды бірден сатып алу оңай емес. Сондықтан, мемлекет ұсынатын жеңілдіктер мен қаржылай қолдау тетіктерін пайдаланып, кәсібімізді кезең-кезеңімен дамытқымыз келеді. Жалпы, ветеринария – қызығы мен шыжығы қатар жүретін, үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Жануардың тілін түсініп, оның дертіне дауа табу үшін тек білім мен тәжірибе жеткіліксіз. Жанашырлық та қажет, – деді Асхат Құсайынов.
Кәсіпкер алдағы уақытта клиниканың жұмысы кеңейіп, заманауи құрал-жабдықтар алынады деп баса айтты. Олай болса, ауыл шаруашылығы жануарлары мен үй жануарларына көрсетілетін ветеринарлық көмектің сапасы да арта түспек. Ал, сапалы ветеринарлық қызмет – мал саулығының, шаруашылық тұрақтылығының және ауылдағы кәсіптің өркендеуінің маңызды кепілі.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



