Конституция – қоғамның тұрақты дамуының құқықтық негізі
Ата Заң – мемлекеттің даму бағытын айқындайтын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін басты құжат. Конституциядағы әрбір норма қоғам өмірінің маңызды салаларын қамтиды. Атап айтқанда, сапалы білім алу, сот арқылы құқықты қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және қоршаған ортаны сақтау мәселелері негізгі заңнамалық қағидаттар қатарында тұр. Бұл талаптардың Қарағанды облысы үшін де маңызы зор.

Конституцияға енгізілген өзгерістердің бірі – цифрлық ортада жеке деректерді қорғау және зияткерлік меншік құқықтарын конституциялық деңгейде бекіту. Сонымен қатар табиғатты қорғау және волонтерлік қызметті қолдау нормалары да негізгі заңда көрініс тапты. Неке ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде нақтыланды. Сондай-ақ саяси партиялар мен саяси қызметпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды шетелден қаржыландыруға шектеу қойылды. Арнайы экономикалық аймақтардың ерекше қаржы режимімен жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл ретте мемлекеттің унитарлық құрылымы мен біртұтас сот-құқық жүйесі өзгеріссіз сақталады.
Қоғамда кеңінен талқыланған мәселелердің бірі – Конституциядағы «тегін» сөзіне қатысты өзгерістер. Атап айтқанда, 13-баптағы «тегін заң көмегі» және 33-баптағы «тегін орта білім» деген тұжырымдар нақтыланды. Бұл өзгерістер азаматтардың аталған қызметтерді алу құқығы жойылды дегенді білдірмейді. Бастауыш және орта білім мемлекет кепілдік берген көлемде ақысыз ұсынылады. Ал заң көмегіне қатысты мәселелер қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеледі. Қаржылық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу тетіктері қарастырылған. Бұл нормалардың тиімділігі олардың іс жүзінде орындалуымен бағаланады.
Қарағанды облысы үшін Конституцияда бекітілген еңбек қауіпсіздігі мәселесінің маңызы ерекше. Өңір өнеркәсіптік әлеуеті жоғары аймақтардың бірі болғандықтан, өндірістік нысандардағы еңбек жағдайы мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау басты назарда болуы тиіс. Әсіресе көмір шахталары мен металлургиялық кәсіпорындарда қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды. Осы бағытта еңбек инспекциясы мен кәсіподақ ұйымдарының қызметі, жұмыс берушілердің жауапкершілігі және мемлекеттік бақылау тетіктері өзара үйлесімді жүзеге асырылуы қажет. Конституциялық кепілдіктердің нақты нәтижесі тиісті заңнамалық нормалар мен бақылау шараларының тиімділігіне байланысты.
Өңір үшін өзекті тағы бір бағыт – экологиялық қауіпсіздік. Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларында қоршаған ортаның сапасы, атмосфералық ауаның тазалығы мен өндірістік қалдықтарды басқару мәселелері айрықша назар аударуды қажет етеді. Табиғатты қорғау қағидатының Конституцияда бекітілуі мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың осы бағыттағы жауапкершілігін арттыруға негіз болады. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып, экологиялық талаптардың орындалуы тұрақты бақылауда болуы қажет.
Сонымен қатар волонтерлік қызметті қолдау нормасы азаматтық қоғамды дамытуға мүмкіндік береді. Әсіресе жастардың экологиялық, әлеуметтік және қоғамдық бастамаларға қатысуын ынталандыру маңызды. Аула аумақтарын абаттандыру, өзен-көлдердің жағалауын тазарту және табиғи ресурстарды қорғау бағытындағы ерікті жобалар қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Конституция азаматтардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін тікелей шешетін құрал емес. Ол мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырып, қоғамдық қатынастарды реттейтін басты қағидаттарды белгілейді. Ал олардың нақты нәтижеге айналуы мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің және азаматтардың заң талаптарын орындауына байланысты.
Қорыта айтқанда, Конституцияның негізгі мақсаты – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайту және мемлекеттің орнықты дамуына жағдай жасау. Әділ сот, қауіпсіз еңбек, сапалы білім және қолайлы қоршаған орта – азаматтардың өмір сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіштер. Сондықтан Ата Заңда бекітілген нормалардың күнделікті өмірде толыққанды жүзеге асуы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болуы тиіс.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



