Есімі ескерткішке жазылды
Отандық химия ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, химия ғылымдарының докторы, профессор Болат Қасеновтің туғанына 80 жыл толуына арналған тағылымды шара өтті. Ж.Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының ғимаратында ғалымның құрметіне мемориалдық тақта орнатылып, оның өмір жолы мен ғылыми мұрасына арналған естеліктер жинағы таныстырылды.

Салтанатты жиынға көрнекті қоғам және ғылым қайраткерлері, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, ғалымның әріптестері мен шәкірттері, ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері, жас зерттеушілер, сондай-ақ, туған-туыстары қатысты.

Жиында сөз сөйлеген облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы Болат Қоңырұлының отандық ғылымға сіңірген еңбегі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасының маңызына тоқталды.
– Бүгін біз ғылым мен отандық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосып, өнегелі мұра қалдырған бірегей тұлға, көрнекті ғалым Болат Қасеновті еске алып, рухына тағзым ету мақсатында жиналып отырмыз. Бүгін – ағамыздың туғанына 80 жыл толған айтулы күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел үмітін ақтаған, халықтың ықыласына бөленген тұлғаларды ұлықтау кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы екенін атап өткен болатын. Бүгінгі мемориалдық тақтаның ашылуы – осы құрмет пен азаматтық борышымыздың нақты көрінісі. Бұл тақта тек тасқа қашалған есім ғана емес, кейінгі жастар мен болашақ ұрпаққа қалдырылған үлкен ғибрат. Осындай маңызды шараны ұйымдастырып, ағамыздың есімін мәңгі есте қалдыруға атсалысқан барша азаматқа, ғалымның отбасы мен жақындарына алғысымызды білдіреміз. Болат Қоңырұлының жарқын бейнесі мен ғылыми мұрасы ел жадында мәңгі сақталады, – деді ол.
Болат Қасенов – саналы ғұмырының жарты ғасырдан астам уақытын отандық химия ғылымын дамытуға арнаған тұлға. Ол физикалық химия, химиялық термодинамика, термохимия, бейорганикалық және табиғи қосылыстардың физика-химиясы бағыттарында іргелі зерттеулер жүргізді. Ғалымның ғылыми жетекшілігімен әрі тікелей қатысуымен жүзеге асқан зерттеулер Қазақстанда ғана емес, шетелдік ғылыми ортада да танылды.
– Болат Қасеновтің отандық ғылымға сіңірген еңбегі ерекше. Ол елу жылдан астам уақыт бойы Химия-металлургия институтында қызмет атқарып, мыңнан астам ғылыми еңбегін жариялады. Химиялық термодинамика саласының дамуына зор үлес қосты. Академик Евней Бөкетовтің ғылыми жолын жалғастырып, іргелі зерттеулерді өндіріспен және экономикамен ұштастыруға айрықша еңбек сіңірді. Ғалым қалыптастырған ғылыми мектеп пен зертхананың жұмысы бүгінде де жалғасып келеді. Оның ізін қызы, химия ғылымдарының докторы, профессор Шұға Қасенова жалғастырып, ұжыммен бірге жаңа ғылыми жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Болат Қоңырұлының зерттеулері мен ғылыми мектебі алдағы уақытта да ел ғылымының дамуына үлес қосатынына сенімдіміз. Осындай айтулы күні зиялы қауым мен ғылым өкілдерінің бас қосып, көрнекті тұлғаның еңбегіне құрмет көрсетуі – кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге, – деді химия ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Әдекенов.
Мемориалдық тақтаның ашылуы – көрнекті тұлғаның есімін ұлықтап, оның ел ғылымына сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа танытудың маңызды көрінісі. Ал, естеліктер жинағы ғалымның өмір жолын, ғылыми қызметін және әріптестері мен шәкірттерінің естеліктерін сақтауға мүмкіндік береді.
Болат Қасеновтің есімі мен ғылыми мұрасы отандық ғылым тарихында сақталып, жас ғалымдарға өнеге болары сөзсіз. Өйткені ғылымға ғұмырын арнаған тұлғаның еңбегі құндылығын жоғалтпайды.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



