Бас тақырыпЖаңалықтар

Ұқыптының ырысы ортаймайды

Күз – дала еңбегінің өтеуі қайтып, диқандардың жыл бойғы маңдай тері ақталатын мезгіл. Аймақ шаруалары да биылғы жиын-терінді тәмамдап, қамбаға құйылған өнімнің есебін түгендеді. Алайда, күзгі науқанның аяқталуы ауылдағы қарбаластың саябырсығанын білдірмейді. Алда келер жылдың егісіне әзірлік, тұқым қорын жасақтау және алты айға созылатын мал қыстату қамы тұр. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында осы мәселелер жан-жақты талқыланып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жиында егін жинау науқанының қорытындысын облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ануар Тюлюбеков баяндады. Оның мәліметінше, өңірде егін жинау жұмыстары толық аяқталған.

– Биыл 904,5 мың гектар алқаптан 750,8 мың тонна астық бастырылды. Сонымен қатар, 12,1 мың гектардан 321 мың тонна картоп, 1,02 мың гектардан 34,2 мың тонна көкөніс жиналды. Ал, 114,1 мың гектар майлы дақыл алқабынан 73,9 мың тонна өнім алынды. Әсіресе, картоп өсіруде жекелеген аудандардың көрсеткіші жоғары. Мәселен, Нұра ауданында әр гектардан 325 центнер, Бұқар жырау ауданында 295 центнер, Шет ауданында 285 центнер өнім жиналды, – деді Ануар Тюлюбеков.

Расымен, дала жұмыстарын ұйымдастыруда техникалық қамсыздандырудың маңызы зор. Биылғы жиын-терінге 1966 астық жинайтын, 78 картоп жинайтын комбайн, 64 картоп қазатын машина және 9,5 мыңға жуық өзге де техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, егін жинау мен астық кептіруге бөлінген 19,3 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны шаруашылықтарға кестеге сәйкес толық жеткізілген.

Аграрлық салаға мемлекеттік қолдау да көрсетілді. Басқарма басшысының баян етуінше, биыл өсімдік шаруашылығы бойынша 7,6 млрд теңге мемлекеттік қолдау қаражаты төленген. Қаржы институттары арқылы 465 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші жалпы құны 22,2 млрд теңгеге 1123 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.

Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы «Кең дала» және «Кең дала – 2» бағдарламалары аясында 272 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 15,9 млрд теңге несие берген. Бұл қаражат 2026 жылғы көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған.

– Облыста жиналған астықты сақтауға қажетті қуат жеткілікті. Астық қабылдау кәсіпорындары қалыпты жұмыс істеп тұр. Картоп пен көкөністі орналастыруға да мүмкіндік бар. Жалпы сыйымдылығы 155,4 мың тонналық бес лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны және 82,6 мың тонна өнім сақтайтын үш лицензияланбаған кәсіпорын бар. Бұған қоса, шаруашылықтардағы 704

Облыс әкімі осы бағыттағы әзірлікті жандандыру қажеттігін атап өтті.

– Егін жинау науқаны аяқталғанымен, алдағы жұмыстарды кейінге қалдыруға болмайды. Қазірден бастап, күзгі жер өңдеу, тұқым қорын дайындау және оның сапасын тексеру жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Ауыл шаруашылығы техникасын да көктемгі дала жұмыстарына әзірлеуді қолға алу керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы аудан әкімдері мен жауапты басқармаға тұқымның қажетті көлемін жинақтап, сапасын тексеруге уақытылы тапсыруды, ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы түсімі жөніндегі есепті статистика органдарына ұсынуды міндеттеді. Сондай-ақ, шаруашылықтардың келер жылғы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажетті дизель отынына өтінімдерін алдын ала беруін қамтамасыз ету тапсырылды.

Аппарат жиынында мал қыстату мәселесіне де айрықша назар аударылды. Облыстың табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты қыстату кезеңі қарашадан сәуірге дейін, яғни, алты айға созылатыны әмбеге аян. Сондықтан, малды шығынсыз қыстатып, көктемгі төлдету науқанына тыңғылықты дайындалу маңызды.

Жиынды қорытындылаған Ермағанбет Бөлекпаев ауыл шаруашылығы саласындағы белгіленген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ал, тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебековке жүктелді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button