10 қараша: Қарағандыда ауа райы қандай болады?
10 қарашада еліміздің басым бөлігінде күн райы құбылмалы болады. Қарағанды облысы және еліміздің тағы басқа өңірлерінде жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде жауын-шашын мол түседі. Сондай-ақ көктайғақ болып, жел күшейеді. Түнгі және таңертеңгі уақытта тұман түсуі мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.

Синоптиктердің болжамынша, күндіз еліміздің батысында ауа температурасы +3…+12 градус, солтүстік-батысында 0…+8 градус болады. Ал солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде ауа температурасы -3…+5 градус аралығында сақталады. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда күндіз +2…+10 градус жылы болады.
Қарағанды облысында ауа райы қандай болады?
Қарағанды қаласында 10 қарашада көшпелі бұлт шығып, жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Кей уақытта жауын-шашын қатты болуы мүмкін. Көктайғақ болып, түнде және таңертең тұман түседі. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, жылдамдығы секундына 9-14 метрге жетеді.
Ауа температурасы түнде де, күндіз де 0…+2 градус шамасында болады.
Мамандар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда сақ болуға шақырады. Әсіресе, көктайғақ кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтап, жылдамдықты ауа райына қарай таңдаған жөн.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



