БілімЖаңалықтар

Облыстық кезеңнен олжалы оралды

Ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде Нұра ауданының оқушылары жоғары нәтиже көрсетті. Білім додасына аудан мектептерінен 93 оқушы қатысып, оның 48-і жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, екі оқушы І орын иеленсе, 12 оқушы ІІ орыннан, 20 оқушы ІІІ орыннан көрінді. Сонымен қатар, бірқатар білім алушы арнайы грамоталармен марапатталды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Жаратылыстану-математика бағытында сынға түскен жерлестер ауданға 15 жүлде алып келді. Атап айтсақ, Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Мирас Ермек физика пәні бойынша І орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, бес оқушы ІІ орынмен оралды. Олардың қатарында физика пәнінен сынға түскен Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектептің 11-сынып оқушысы Ризат Қашқынбаева мен Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Максим Коробейникова бар. Одан бөлек, химия пәнінен бақ сынаған Байтуған жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Карина Омарова, информатикадан Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Никита Шевченко және математикадан А.Асылбеков атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Аяулым Рахымберлинова да жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Жүлделі ІІІ орын еншілегендердің қатарында тоғыз оқушы бар. Биология пәнінен бақ сынаған М.Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Елизавета Доценко, Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектептің 10-сынып оқушысы Тахмина Оспанова, Байтуған жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Людмила Ефремова және М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Іңкәр Тасымова жүлделі оралды. Одан бөлек, география пәнінен Байтуған жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Ақбота Қордабай, Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектептің 10-сынып оқушысы Аружан Баймұрат та жүлдегерлер санатында. Ал, Қ.Шайменов атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Николай Кириченко, М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектеп гимназиясының 11-сынып оқушысы Төрехан Қалқаман информатика пәнінен еншілесе, М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектеп гимназиясының 9-сынып оқушысы Жанарыс Дәулетбек физика пәнінен жүлделі ІІІ орынға қол жеткізді.

Қоғамдық-гуманитарлық бағытында 16 оқушы олжалы оралды. Атап өтсек, М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектеп гимназиясының 11-сынып оқушысы Сәния Разақова қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәні бойынша І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, жеті оқушы ІІ орыннан көрінді.

Қарой жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Саян Зарлық, Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектептің 9-сынып оқушысы Ернар Разах, Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектептің 9-сынып оқушысы Салидат Қашқынбаева, Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектептің 10-сынып оқушысы Бекнұр Кәрімтай, А.Асылбеков атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Жантөре Ерден, М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектеп гимназиясының 11-сынып оқушысы Айлин Нұртас ағылшын тілінен күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал, қазақ тілі мен әдебиетінен бақ сынаған М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектеп гимназиясының 10-сынып оқушысы Айзере Ахынқызы да ІІ орынмен оралды.

ІІІ орыннан көрінгендердің қатарында сегіз оқушы бар. Ағылшын тілінен сынға түскен Р.Асубаев атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Мәди Жанжол мен Қазақстан тарихы пәнінен бақ сынаған Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектептің 9-сынып оқушысы Ақниет Алпысбай мен Нұра жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Ақтоты Өмірзақ қола жүлдегер атанды.

Сонымен қатар, Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектеп (ресурстық орталығының) 10-сынып оқушысы Нелли Греф (орыс мектептеріндегі қазақ тілі); Нұра жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Ертуар Бердешев, М.Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Аяужан Хабылкәрім (қазақ тілі мен әдебиеті); Қ.Шайменов атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Лилия Лаврина (құқық негіздері); Байтуған жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Сандина Нұрмағамбет (қазақ мектептеріндегі орыс тілі).
Айта кетейік, бірқатар оқушылар грамоталармен марапатталып, еңбегі елеусіз қалмады.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ
«Орталық Қазақстан»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button