Жаңалықтар

Жаңа Конституция – ел дамуының жаңа кезеңі

Конституция – мемлекеттің саяси жүйесін айқындайтын, қоғамның даму бағытын белгілейтін және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін басты құжат. Ол елдің бүгінгі болмысы мен болашақ бағдарын сабақтастыратын құқықтық негіз. Сондықтан, Ата Заңның жаңаруы – мемлекеттің даму жолындағы маңызды кезең.

Сурет Ақордадан

Уақыт өзгерген сайын қоғамның сұранысы мен азаматтардың талаптары да жаңарады. Осыған орай Қазақстанда конституциялық реформалар қолға алынып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, қоғамдық институттардың рөлін арттыру және адам құқықтарын қорғау мәселелері күн тәртібіне шықты7

Жаңа Конституцияның негізгі өзегінің бірі – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Құжатта азаматтардың заң алдындағы теңдігі, жеке өміріне қол сұғылмауы, сөз бостандығы мен өзге де құқықтарын қорғау мәселелеріне басымдық берілген. Сонымен қатар, цифрлық дәуірдің талаптары ескеріліп, азаматтардың жеке деректерін қорғау мен цифрлық кеңістіктегі құқықтарына назар аударылды. Бұл құқықтық жүйенің заман талабына бейімделіп келе жатқанын көрсетеді.

Конституциялық жаңғырудың маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік билік институттарын қайта ұйымдастыру. Қос палаталы Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай енгізілді. Сондай-ақ Вице-Президент институты бекітіліп, халықтың мүддесін білдіретін консультативтік орган – Қазақстанның Халық Кеңесі құрылды. Бұл өзгерістер мемлекеттік органдардың өзара байланысын жетілдіруге, өкілеттіктер мен жауапкершілікті нақтылауға бағытталған.

Жаңа Ата Заңда білім, ғылым, мәдениет пен инновацияның ел дамуындағы орны айқындалды. Өйткені, бүгінгі жаһандық бәсекеде мемлекеттің әлеуеті тек экономикалық көрсеткіштермен емес, адами капиталымен, ғылыми жетістіктерімен және технологиялық мүмкіндіктерімен де өлшенеді. Одан бөлек, қоршаған ортаны қорғау мен табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәселелеріне мән берілген. Бұл экологиялық мәдениетті қалыптастырудың және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті арттырудың құқықтық негізі.

Әрине, Конституцияның жаңаруы барлық мәселені бірден шешпейді. Оның маңызы құжатта бекітілген қағидаттардың күнделікті өмірде қаншалықты жүзеге асатынымен өлшенеді. Мемлекеттік органдардың заң талаптарын орындауы, азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен қоғамның заңға құрметі осы үдерістің негізгі шарттары саналады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button