Теміртауда сенбі күндері жәрмеңке саудасы өтеді
Күз айлары басталғалы Теміртау қаласында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі сенбі сайын өтуде.
Тұрғындар бұл жәрмеңкеден отандық тауар өндірушілердің сапалы азық-түлік өнімдерін базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатып алып, қыстық тамақ қорын қамдап жатыр.

Сенбі сайын мұндай сауда-саттық қаладағы “Экспресс” сауда-фермерлік орталығының аумағында ұйымдастырылып, оған облыс аудандарының ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілері мен Қарағанды, Теміртау қалаларының кәсіпкерлері қатысуда.

Оның үстіне мұнда 7 қарашада өткен облыстық “Дала дәмі” ауылшаруашылық жәрмеңкесінде теміртаулықтардың сатып алуына 65 тонна азық-түлік өнімдері мен 45 мың дана жұмыртқа ұсынылған.
Мұндай жәрмеңкелерді өткізу отандық өнімдерді өндірушілерден тұтынушыларға тікелей жеткізіп, делдалдыққа жол бермей, қалалықтардың сапалы азық-түлікті қолжетімді бағамен сатып алуларына мүмкіндік береді.

Сонымен, Теміртаудағы ауылшаруашылық жәрмеңкелері әрі қарай әр сенбіде жалғаса береді.
Ержан ИМАШ
ТЕМІРТАУ



