Қарағанды облысының туристік орындары 2ГИС картасына енгізіледі
Қарағанды облысының туристік әлеуетін кеңінен таныту және саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында өңірдің жаңа туристік бағыттары 2ГИС картасына қосылады. Осы бағытта Visit Karaganda туристік ақпараттық орталығы мен 2ГИС компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Келісім аясында тараптар туристік нысандар туралы ақпаратты жаңартып, картаға жаңа бағыттар мен демалыс орындарын енгізеді. Әсіресе, Қарқаралы, Балқаш және өзге де танымал туристік аймақтарға басымдық берілмек. Бұл саяхатшыларға көрікті жерлерді өз бетінше тауып, сапарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Visit Karaganda туристік ақпараттық орталығының директоры Бахтиар Бекмырзаевтың айтуынша, облыста цифрлық карталарда әлі белгіленбеген көрікті орындар аз емес. Олардың қатарында Бұйратау және Қарқаралы ұлттық парктері, Қызыларай тауы мен облыстың ең биік нүктесі – Ақсоран шыңы бар.

– Біз 2ГИС-пен бірлесіп, әзірге картада көрсетілмеген туристік маршруттарды әзірлеп, енгізуді көздеп отырмыз. Бұл саяхатшыларға бағытты оңай табуға және өңірдің жаңа орындарын ашуға көмектеседі, – деді Бахтиар Бекмырзаев.

2ГИС дерегіне сүйенсек, Қарағанды облысының картасын сервистен 1,4 миллион пайдаланушы қараған. Қосымшаға қызығушылық әсіресе жаз айларында, шілде мен тамызда артқан. Сондықтан жаңа ақпараттың енгізілуі туристік нысандардың қолжетімділігін арттырып, өңір туралы мәліметті кең аудиторияға таратуға жол ашады.
Айта кетейік, биылғы жазғы туристік маусымда Қарағанды облысына 400 мыңнан астам адам саяхаттаған. Жаңа цифрлық бағыттар өңірдің туристік мүмкіндіктерін кеңінен танытуға және саяхатшылар санын арттыруға ықпал етпек.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



