Жаңалықтар

Қарағанды болаты – халықтық құрылыстың берік тірегі

Президент бастамасымен қолға алынатын «Халықтық құрылыс» аясында отандық өндірістің әлеуетін арттыруға басымдық беріледі. Бұл ретте Теміртаудағы Qarmet металлургиялық комбинатының мүмкіндігі зор. Кәсіпорынның өндірістік қуатын жаңғырту құрылыс саласын қажетті металл өнімдерімен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және өңір экономикасын дамытуға жол ашады.

Суреттер Ақордадан

Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы ең алдымен сапалы инфрақұрылыммен тығыз байланысты. Жаңа тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, жолдар мен өндірістік нысандар салу үшін құрылыс материалдарының тұрақты жеткізілімі қажет. Осы тұрғыдан алғанда, отандық өндірістің әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызы бар міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкциялары мен инженерлік жабдықтарды елімізде өндіру қажеттігін атап өтті. Президенттің пайымынша, мұндай жобалар «Халықтық құрылыс» бағдарламасының негізгі тірегіне айналуы тиіс. Бұл бастама Қарағанды облысы үшін де айрықша маңызды. Өңірде еліміздің қара металлургия саласының ірі кәсіпорны – Теміртау қаласындағы Qarmet металлургиялық комбинаты орналасқан. Көп жылдан бері отандық өнеркәсіптің негізін құрап келе жатқан кәсіпорын болат өндірумен қатар, құрылыс индустриясын дамытуға қажетті өнімдер шығару бағытында да жұмыс істейді.

«Халықтық құрылыс» аясында отандық металл өнімдеріне сұраныстың артуы кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге жаңа серпін береді. Әсіресе, құрылысқа қажетті арматура, бұрыштық профильдер, швеллерлер мен өзге де металл прокатының маңызы зор. Мұндай өнімдер тұрғын үй кешендерін, әлеуметтік нысандарды және инженерлік инфрақұрылымды салуда кеңінен қолданылады.

Qarmet кәсіпорнында өндірісті жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу бағытында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – жаңа сұрыпты прокат кешенінің құрылысы. 2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауға жұмыс сапары барысында осы нысанның құрылыс барысымен танысты.Жаңа кешен іске қосылғанда жылына 540 мың тоннадан астам дайын металл өнімін шығаруға мүмкіндік туады. Мұнда жоғары беріктігімен ерекшеленетін А600 және А1000 санатындағы құрылыс арматурасын, сондай-ақ, бұрыштар, швеллерлер және сұранысқа ие басқа да металл өнімдерін өндіру көзделген. Өндірістік кешен құрамындағы қыздыру пеші сағатына 100 тоннаға дейін металл өткізе алады. Бұл жобаның маңызы тек өндіріс көлемін арттырумен шектелмейді. Жаңа цех ішкі нарықтағы құрылыс металдарына деген сұранысты отандық өнім есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Импорттық өнімге тәуелділікті төмендетіп, қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Әсіресе, болашақта атом электр станциясы секілді күрделі инфрақұрылымдық нысандарды салу кезінде сапалы металл өнімдерінің отандық көзден жеткізілуі маңызды. Қазіргі уақытта нысанда негізгі технологиялық жабдықтарды монтаждау және қажетті инфрақұрылымды салу жұмыстары жүргізілуде. Сұрыпты прокат кешенін 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.Компанияның инвестициялық бағдарламасының жалпы көлемі 3,5 миллиард долларды құрайды. Металлургиялық комбинатта төрт ірі жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында №8 және №9 кокс батареяларының, сұрыпты прокат кешенінің, мырыштау және полимерлі жабын желісінің, сондай-ақ құю-илемдеу кешенінің құрылысы бар.

«Халықтық құрылыс» бастамасының тағы бір маңызды қыры – ел ішіндегі өндірістік байланыстарды нығайту. Яғни ірі құрылыс жобаларына қажетті материалдарды мүмкіндігінше отандық кәсіпорындардан сатып алу тек бір саланың дамуына ғана емес, тұтас экономикалық жүйеге оң әсер етеді. Металлургия, құрылыс индустриясы, машина жасау, көлік және логистика салаларының өзара байланысы күшейеді.

 

Мұндай өндірістік кооперация өңір кәсіпорындарына да жаңа мүмкіндік береді. Қарағанды облысындағы металл өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру және инженерлік қызмет көрсету бағытындағы кәсіпорындар ірі жобалардың жеткізу тізбегіне қатыса алады. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа өндірістік тапсырыстардың пайда болуына және жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етеді.

«Халықтық құрылыс» тек жаңа нысандар тұрғызу науқаны емес, елдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді экономикалық бастама ретінде қарастырылуы тиіс. Ал, Қарағандының металлургиялық мектебі мен Qarmet кәсіпорнының өндірістік мүмкіндігі осы міндетті жүзеге асыруда маңызды орын алады.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»
 

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button