Алаш арысы Ақбаев
Алаш арысы Ақбаев
Деректі романнан үзінді
Петербургтегі күндер
Таңертең келіп түскен Жақып университетке жету үшін вокзал басынан тарантас жалдап, қайда баратынын айтқан еді, арбакеш бірден түсінді. Орысша судай сөйлеп тұрған бозбаланың бетіне таңданысын жасырмай, үңіле қарады да:

– Қытаймысың? – деп сұраған.
– Жоқ, – деп саңқ ете қалды Жақып. – Мен – қазақпын.
– А, солай ма? – деді көшір одан сайын таңдана түсіп. – Ондай да халық бар екен ғой.
– Иә, бар! Бізді қазір «қырғыз» деп жүр…
Айтуын айтқанымен терең түпкірден бір сезім жүрегін шаншып өтті. Өз халқын басқа ұлттың атымен атағандықтан пайда болған бұл сезімді дәл сол сәтте оның өзі де түсінбей қалған еді.
– Міне, енді дұрыс! «Киргиз» деген халықты естуім бар. Олар ат үстінен түспейтін, көшпелі халық қой? – біраз үнсіздіктен соң: – Бәрің де орысша сөйлейсіңдер ме? – деп сұраған еді, оған да бозбала:
– Жоқ. Біз өз тілімізде сөйлейміз, – деді нығарлай түсіп, жігерлі үнмен.
Жолаушысының жауабынан оның жақтырмай қалғанын сезген көшір бұл тақырыпқа қайта оралған жоқ. Жолшыбай көшелер туралы айтып, оның атаулары туралы сөз қозғады. Атақты адамдар жайлы айтып отырды. Бірінші Петрді мақтан тұтатынын, оның орыс халқының ұлы адамдарының бірі екенін, Невадағы осы қаланың іргетасының қалануына қосқан үлесін айтумен болды.
Жақыптың айтқан мекенжайы бойынша әкеліп салған көшір оның Санкт-Петербург университетіне түсуге келген талапкер екенін бірден түсініп, діттеген жеріне жеткізген соң жүктерін түсіруге көмектесіп, оқуына сәттілік тілеп, аттанып кетті.
Оқуға түсуге жолдамасы болғандықтан, оның орналасуы қиынға түскен жоқ. Александров алаңының бойындағы 7-ші үйдің үшінші пәтерін ол өзіне қолайлы деп тапқан. Көп ұзамай екінші курстың студенті Айдархан Тұрлыбаевқа кездесті.
Орналасып болған соң Сенат алаңына барды, көрікті қаланың алуан-алуан көшелерін аралап, оқу басталғанша қаламен танысып алуды ойлаған. Сондай оймен бірталай жерге дейін серуендеп қайтты. Келесі күні есіктің алдында бір топ жас жігіт әңгімелесіп тұр екен. Тақай берген Жақыпқа ішіндегі біреуінің жүзі жылы ұшырап кетті. Қазақ баласы екендігі сөзсіз. Мұны ол да байқап, ақырын ғана жанына келді. Сөйтсе, бұл Айдархан екен.
Омбыда Айдархан бір класс жоғары оқыған. Одан кейін бұл Том гимназиясына ауысып кеткен болатын. Негізінен гимназияда өтетін әртүрлі шараларда кездесіп, сырттай таныс болғанымен, онша араласпаған еді. Енді, міне, Петерборда жолы түйісіп отыр.
Осыдан соң жерлес жігіттер күнделікті араласып, бірге жүретін болды. Бара-бара араларынан қыл өтпейтін достар болып кетті.
Жақып Петерборға келіп, орналасып болысымен оқу орнына барған. Заң факультетіне түскен соң Далалық өлке бастығының қағазын көрсеткен.
– Дұрыс, қай факультетке түссең де тиісті шәкіртақыңды төлеп тұрса жақсы. Тек ертеңгі күні «біздің жіберген факультетке түспеді» деген сөз туындамасы болғаны, – деді құжаттарын қабылдағын орта жастағы, байсалды азамат.
Жақып болса, ондай сөздің туындамайтындығына сендірді. Сонымен бұл әңгіме тәмам болды.
Жақыптың Айдарханға кезіккені жақсы болды. Ол сабақтан қолы босаған кездерде қаланың көптеген көрікті жерлерін аралатып көрсетті.
– Бұл жерлерде орыстың ұлы ақындары Пушкин мен Лермонтов жүрген, қыздармен қыдырған, – деп қояды.
Тағы бір қолы қалт еткен сәтте Жақып екінші қабатта тұратын Айдарханға көтерілген. Ойы тағы да қаланы аралап көру еді. Мұның кенеттен кіріп келгенін көрген Айдархан қолындағы қағаздарын қайда қоярын білмей тұрып қалды да, жастығының астына тыға салды. Өзі киініп алыпты, бір жаққа жиналып жатқан сияқты.
– Кел, кел, – деді ол қысылған түрде, абдырай сөйлеп. – Мен бір жерлерге бармақшы едім. Сен жай келдің бе?
– Иә, жай келдім. Егер қолың бос болса, тағы да қала көшелерін араласақ деп едім…
– Жоқ, бүгін болмайды. Бос болған кезде өзім айтамын, – деп жастығына қайта-қайта қарап қояды.
Онсыз да қысылып тұрған Айдарханды қолайсыз жағдайға қалдырмас үшін көп тұрмай шығып кетті. Осы оқиға көпке дейін ойынан кетпей жүргенімен, кейін мүлде ұмытып кеткен еді. Оған сабақтан қолының босамауы, студенттік қызықты шақтың сан қырлы оқиғалары мен қаланың қайнаған өмірі астасып кетуі басты себеп болды. Әсіресе, қыр баласын Петербордың «ақ түндері» қатты қызықтыратын. Сондай кездерде қаланың түнгі аспанын, ондағы шұғылалы жолақтардың сан түрмен құбылуы өте қатты әсер етті. Тіпті Неваның салқыны соғып тұратын түндерде өзінің тоңып қалғанын да байқамай қалатын. Түнгі аспанды тамашалаймын деп жүріп өкпесіне суық тигізіп алған кездері де болды.
Жас Жақып университетте оқыған жылдары 400 сом көлемінде шәкіртақы алып тұрды. Дегенмен, Айдарханның және басқа да студенттердің ақылымен университет ректорының атына киім-кешек үшін қаржы сұрап хат жазуына кеңес берген. Сол кеңес бойынша Жақыптың жазған хатына: «Киім-кешектің стипендияның есебінен сатылып алуы қажеттігін есепке ала отырып, Дала өлкесінің бастығы киім-кешек сатып алуға қаражат бөлу туралы оның өтінішін қанағаттандырған жоқ; осыған байланысты университет кеңсесі Семей облысынан келген студент, стипендиат Ақбаевқа жәрдемақы бөліп отыр» деген жазба Омбы облысының мемлекеттік архивінде сақталған (іс №5136, 17 қазан, 1989).
Бұған қарағанда оқу стипендиясын Дала өлкесі төлейтін болғандықтан, университет үздік оқитын студентке өз тараптарынан көмек көрсетуді ойлаған ғой. Әйтпесе, әлеуетті, атақты Жандеркенің Ақбайының отбасынан шыққан Жақып ештеңеден тарлық көрген жоқ. Тек сонау алыстағы қазақ елінен қаржының жетуі қиындық тудырған болуы мүмкін.
Бірақ ешқандай жоқшылық көрмеген Жақып бар күшін оқуға, білім алуға жұмсады. Алған бетінен қайтпайтын жігерлі жас өз қаражатын сауық-сайранға жұмсаған жоқ. Алға қойған мақсатына деген ұмтылыс оның табиғи талантын бұрынғыдан да аша түсіп, үздік оқуға, басқаларға сондай ісімен үлгі болуға жетеледі.
Дәріс кезінде Жақып белсенділігімен танылды. Ұстаздарға алуан сұрақтар қойып, сабақтың тартымды өтуіне де атсалысатын. Оның мұндай алғырлығын, кісімен тез тіл табысып, маңайына үйіріп тұратын қасиетін байқаған ұстаздары оны жандарына жақын тартты.
Жақыптың саяси көзқарасы ерте қалыптасып, демократиялық арнада дами бастағанын байқау қиын емес. Ол жастардың әртүрлі саяси ұйымдарына да сол студент кездерінде қатысты. Бұл жас жігіттің саяси көзқарасын одан әрі дамытуына игі әсерін тигізді.
Кейде кешкілік Айдарханның қайда кетіп қала қоятынын байқай алмай жүрді. Өзінен сұраса, ештеңе демейді. Дегенмен, студенттердің кездесу кештері мен астыртын үйірмелеріне қатысып жүретін Айдарханның бұл туралы өзі айтты.
Екінші курстың басында Айдархан бір әңгімелесіп отырған сәтте оған:
– Мен саған сенемін, Жақып. Бірақ алдын ала келісіп алайық: бұл туралы ешкімге тіс жарып, айтпайтын боласың. Жарай ма?
– Ол не мәселе? Мен түсінбей тұрмын?
– Оны өзің түсінетін боласың. Тек ешкімге ештеңе айтпайтының туралы уәде бересің. Мен саған сенемін, – деді.
Ештеңе түсіне алмаған, бірақ досының жамандыққа жол бастамайтынын білетін Жақып уәдесін берді. Айдарханның да Жақыпқа деген сенімі мол болатын.
– Онда кешке бірге барамыз.
– Жарайды, – деді Жақып.
Бұдан соң басқа сұрақ қойған жоқ. Өйткені, мұның бір құпия шаруа екенін сезе қойды да, артық сұрақ қоймауға тырысты.
Кешкісін Айдарханның соңына ерген ол Ресей астанасының шеткі көшелерінің біріндегі шағын үйлердің бірінің алдына келіп тоқтаған болатын. Ақырын ғана шыққан ысқырық дауысы естілді. Олар жайлап қана бір үйдің есігін қақты.
Іште екі жас жігіт отыр екен. Жарты сағат болмайтын уақыттың ішінде бөлме жастарға лық толды. Бір-екі қыз да бар. Жастардың астыртын ұйымы екенін Жақып бірден түсінді.
Көп созбай мәжіліс басталып кетті. Орталарындағы «бөтен» адамды байқаған олар бірден танысуға асықты. Айдархан жерлесімен таныстырып, курстағы озат және белсенді студенттердің бірі екенін айтып, осындай ұйымға лайықты, сөзіне берік, іске алғыр жан екенін ерекше атап өтті.
Осы ұйым арқылы прогрессивтік көзқарастағы адамдармен танысып, онда бүгінгі күннің басты мәселесіне қатысты саяси сұрақтар қозғалды. Тіпті, өткен отырыста басталған әңгіменің жалғасы болған мемлекеттік құрылымды өзгерту туралы айтылып, биліктегі әділетсіздікті тойтару туралы ауызға алынды.
Осындай астыртын ұйымның мәжілістерінен соң оның саяси сауаты тереңдей түсті. Ұйым мәжілісі кезіндегі жігерлі жігіттердің ақырын ғана сөйлесе де терең толғана отырып айтқан сөздерінің барлығы Жақыптың көкейінен шыға берді. Өзі де толғанып, талай рет іштегі қайнап жатқан пікірлерін ортаға салғаны бар. Тыңдаушыларының айызының қанып отырғанын сол кезде өзі де байқаған. Айтып отырған ойының салмақтылығы мен сөзінің жүйелілігі отырғандарды риза етіп тастады. Қыр даласындағы әділетсіздікті, болыстар мен билердің өктемдігін түйреп өтті. Кейін осы бағыттағы ойын одан әрі дамытып, сол екінші курста оқып жүрген кезінде «Санкт-Петербургские ведомости» газетінде екі мақала жария етті.
Негізі бұл ұйым кешкі үйірме деп аталды. Басқа атауы да жоқ. Оған қоса бір-бірімен онша көп араласпау, жұрт көзіне түспеу жағы қатты ескерілді. Кешке кездескен сәтте де бір-бірінің атын атамау ұсынылды.
– Енді мұнда келер кезде қолтықтарыңа бір оқулық кітап ұстай келіңдер. Егер біреу-міреу тоқтатып: «Не істеп жүрсің?» – деп сұрайтын болса, «Бір жолдасымнан, немесе бір курстасымнан кітап әкеле жатырмын» деулеріңе жақсы болады. Бұл жерде не айтылғаны, кімнің болғаны туралы тіс жармайтын боласыздар, – деп түсіндірді үйірме мүшесінің бірі Максим деген жігіт. – Арамызда жаңадан келіп отырған адамдар болған соң айтып отырмын.
Келесі жолы ол:
– «Петербургские ведомости» газетін оқыған боларсыздар? Онда Якубтың мақаласы жарық көрді. Міне, бұл біздің жұмысымыздың нәтижесінің алғашқы көрінісі, – деп атап өтті.
Ол мақаланы кешкі үйірмеге қатысушылар да оқып, жоғары баға берді. Кейін оның біреуін қазақ тіліне аударып, «Дала уәләяты» газетіне бастырды. Онда мемлекеттің салық саясаты қатты сынға алынған еді.
Сөйтіп, Жақаңның мына кең дүниеге, айналадағы ортаға деген көзқарасы осы үйірме арқылы қалыптасты. Тіпті, саяси көзқараста өрбіді деп айтуға әбден болады. Сол кездегі империялық өктем билік, әділетсіздік, мемлекет басындағылар мен жай қатардағы шенеуніктердің өздерінің жең ұшынан жалғасуы жас жігітті бүкіл қоғамдық құрылысқа, оның ішінде, өзінің туған халқының тағдырына өзгеріс енгізу қажеттігін ойына оралтқан болатын.
Бұдан соң да ол Ресей астанасында озық ойлы талай жанмен кездесіп, пікірлесіп, мемлекеттік жүйе туралы ойларын ортаға салысқан. Әділетсіз билікті төңкеру қажеттігінің әбден пісіп-жетіліп отырғандығын, бұдан әрі бұған төзуге болмайтындығы туралы да жиі ауызға алынып, ашық айтыла бастады. Бірақ ашық айтамын дегендерге патша билігі жол беріп қойған жоқ, оларды түрмелерге қамап, Сібірге жер аударып жатты.
Сол кездегі басты әңгіме декабристер туралы болатын. Олардың алға қойған істері мен пікірлерінің өміршеңдігі, бірақ күрес тәсілінің әлсіздігі ортаға салынады.
«Азаматтық құқық» пәнінен университет ректоры Адольф Христианович Гольмстеннің өзінің дәріс оқуы жас Жақыптың өмірінде өлшеусіз із қалдырды. Сабаққа ынталы, алға қойған мақсаты зор студент белгілі құқықтанушы ғалымның көзіне бірден түсті.
Профессор өзінің тақырып бойынша лекциясын уақыт бітерден оншақты минут бұрын үзіп, одан әрі студенттермен еркін әңгіме өткізуді ұнататын. Сондай сәттерде Қырдан келген жас жігіттің алғырлығына ерекше тәнті болған. Оған арнайы беріп көрген тапсырмаларын тап-тұйнақтай етіп, көңілден шығара орындауы да профессорға қатты ұнаған.
Университет қабырғасында
Білімге мүлде бет бұрған Жақып тек заң қызметкері болып қана қалғысы келген жоқ. Оның тылсымы терең тарих қойнауларына көз жүгіртетін зерттеулер де қатты қызықтыратын еді. Соған орай «шіркін, осылардың тарихын жақсы білетін тарихшы болсам ғой» деген қиялдар баурайтын кездері де болып қалатын. Сондай сәттің бірінде өзінің ойын айтып факультет деканына жолыққан.
Әуелде декан шошып кетті. Өйткені, университетте заңгерлікке оқып жүріп, археология институтының дәрісін тыңдау мүмкін емес қой.
Жақыптың бетіне қарап тұрып:
– Жоқ, мен рұқсат бере алмаймын. Жо-жоқ, – деп тұрды да, ректордың бұл студенттен көп үміт күтетіні есіне түсіп: – Мүмкін Адольф Христиановичпен өзің сөйлесіп көрерсің, – деп бір үміттің шетін қылтитты.
Бұл кеңес студенттің көңілінен шығып, ол дереу ректордың қабылдауына сұранды. Ректордың көмекшісі студенттің өтінішін жазып алып қалған.
Көп ұзамай университеттің ұзын дәлізімен бір топ студент келе жатыр еді. Қарсы алдынан жанында тағы бір профессор бар, ректор қарсы жолықты. Бұлар ізет сақтап, қабырғаға қарай ығысып, тұра қалысқан. Оларға көз салған ректор араларында Жақыптың бар екендігін байқап қалып:
– Студент Ақбаев, сіз менің қабылдауыма жазылған екенсіз. Ертең жұмыс аяғына қарай келуіңізге болады, – деді.
Келесі күні қабылдауға барған Жақыпты ректордың көмекшісі есіктен қарсы алып, бірден кіргізді.
– Иә, көгершінім, сізді тыңдап отырмын. Айта беріңіз, айта беріңіз, – деп профессор пенсінесін шешті.
Жақып та іркілген жоқ, әдеттегі қалпымен мұрынын бір қағып қойды да, сөйлей жөнелді. Өзінің тарихтан да білім алғысы келетіндігін, оған мұндай екінші білімнің өте қажет екендігін айтып берді. Сондықтан да тарихты терең оқытатын осы қаладағы Императорлық археология институтына түсуіне рұқсат етуін өтінді.
– Солай ма? Так, так… Мұның дұрыс ақыл сияқты. Бірақ университеттегі сабағыңа кедергі келтірмей ме?
– Жоқ, жоғары мәртебелі ректор мырза! Мұндағы оқуымды ешқашан ақсатпауға Сізге уәде етемін! Менің өтінішімді қабыл алуыңызды сұраймын.
– Жарайды, менің атыма прошение жазып алып келіңіз.
– Ол өтініш дайын, – деп Жақып қолтығындағы қағаздарының арасынан бір параққа жазып әкелген өтінішін ұсынды.
Студенттің бетіне сынай қараған ректор қағаздағы жазуды мұқият оқып шықты да, қол қойып берді.
Сөйтіп, төртінші курстағы Жақып негізгі сабағына ешбір нұқсан келтірмей, археология институтының да толық курсын бітірді. Бір айта кететін мәселе – археология институтына жоғары білімнен соң қабылданып, екі жыл оқытылатын. Бірақ заң университетінің ректоры ұсынып отырғандықтан болар, Ақбаевты студент кезінен-ақ қабылдап, аталған институттың тыңдаушысы болуына ешқандай қарсылық жасалмады.
Қанша дегенмен де Петербургтың ауасы дымқыл, қырдағы құрғақ ауа райына үйренген Жақып үшін онша қолайлы болған жоқ. Өкпесі ауырып, бір жөтел кетпей қойды. Сондықтан да оған басқа университеттердің бірінің заң факультетінде оқу қажет деген кеңес айтқандар болды. Мұны досы Айдархан да қолдаған. Өйткені, жиі ауырып, ауруханаға түсе беруі жиілеген еді.
Петербургтың дымқыл климатының Жақып үшін қолайсыздығын дәрігерлер де растаған. Бұл ұсыныс жас жігіттің көкейіне қона кетті. Өйткені, бұл кезде ол ілім-білімнің әр саласын меңгеруге бұрынғыдан да құлшына кіріскен. Осы мақсатта Жақып Одесса қаласындағы мнемоника профессоры С. Файнштейннен дәріс алуға бет бұрды.
Құқықтану сабағында мнемоника туралы жиі айтылатын кездері бар. Ол заңгердің есте сақтау қабілетін арттырудың және айғақ-дәлелдерді екшелеудің әдіс-тәсілдері екендігі айтылады. Осы сөзді көкейіне берік орнықтырған студент жігіт әуелі университеттің кітапханасынан мнемоника туралы кітап іздестіріп көргенімен, ол табылмады. Одан соң Ресей астанасының талай кітапханасына кіріп, мнемоника туралы сұрастырған. Тіпті, Мәскеу қаласына да барып қайтты. Басында ол осы оқулықты табамын деген ойда болған. Тек бір жазбалардан «мнемоника профессоры С. Файнштейн» деген үш сөзді оқып қалды. Енді осы профессорды іздестірді. Ол кісіні университет ректоры Адольф Христианович жақсы біледі екен.
Астана дәрігерлерінің оның денсаулығын нығайтуы үшін Ресей мемлекетінің оңтүстік губернияларында емделуі қажеттігі туралы ұсынысы осы кезбен орайласып кетті. Сөйтіп, 1901 жылдың наурыз айында жолға шығуға жиналады. Ондағы ойы профессор С. Файнштейннен мнемоника сабағын алу болды. Сол жылғы күздің аяғында Жақыпқа университет дәрігері «Петербургтегі алған емінің шипалы болмауына орай» Қырымның оңтүстік жағалауында емделуі қажеттігі туралы ұйғарым жасайды. Таңдау өзінің еркінде болғандықтан, Жақып Керчь қаласын дұрыс санады. Келесі жылы науқасы қылаң берген кезде Ялта қаласында емделді. Ректорат болса, Якуб Ақбаевтың сабаққа еркін қатысуына және кейбір пәндерден емтиханды келесі сессияда тапсыруға рұқсат еткен болатын.
Бірақ Қыр даласынан, сонау Қарқаралыдан келген студенттің өмір сүруіне мұның барлығы жеңілдік жасай алмады. Соған орай оның 1901 жылдың 17 сәуірі күні ректордың атына: «Алған дәрістерім үшін ақы төлеуден босатуыңызды өтінемін. Мен тек 400 рубль шәкіртақы аламын. Бұл ақша мені кедейшілікте өмір сүруден құтқара алмайды. Денсаулығымның әлсіздігіне байланысты сабаққа бара алмаймын» деген өтініш жазуына тура келеді.
Қырымда Жақып өзін жаман сезінген жоқ. Өйткені, мұнда Петербургпен салыстырғанда ауа райы әлдеқайда жылы, әрі қолайлы еді. Оған қоса және ең бастысы – Қырым татарлары жылқы ұстап, бие сауатын. Жақыптың жасынан үйренген сусыны оған майдай жағып, дала емі шипасын бергендей әсер етті. Сондықтан, профессордың қолдауымен біраз уақыт Одессаға барып-келіп жүрді. Ойлана келіп, Одессаға жақынырақ болуы үшін Киев университетіне ауысқанды қолайлы көрді. Сөйтіп, ректордың рұқсатымен Қасиетті Владимирдің Киев Императорлық университетіне ауысты да. Барып орналасқанымен, тағы бір қиындық туындады.
– Сіз өз қаражатыңызбен оқисыз ба? – деп сұрады мұнда келген соң.
– Жоқ, мен Қыр өлкесі генерал-губернаторының стипендиясымен оқып жатырмын.
– Ол қаржы қайда?
– Ол қаржы Императорлық Санкт-Петербург университетіне аударылған. Мен шәкіртақыны содан аламын.
– Олай болса, мен бұл қаржының Киев университетіне қалай аударылатынын біліп қояйын. Ертең түске қарай соғып кетіңіз, – деді қартаң тартқан әйел бұған байыпты түрде қарап.
Бірақ ертеңіне келгенде ол әйел Санкт-Петербург университетімен хабарласқанын, бұл қаржының Киев университетіне аударылмайтынын айтты. Өйткені, Қыр өлкесі оқуға сол университетке жіберді ғой. Сондықтан, жаңа оқу орны стипендия төлей алмайды.
Жат жерде оқу үшін қаражат керек екені белгілі. Енді шәкіртақысыз оқуға Жақыптың жағдайы келмейтін еді, еріксізден келісімнен бас тартуына тура келді.
– Олай болса, тезірек өзіңнің оқу орныңмен хабарлас, біз қабылдамайтын болсақ, ол жақ оқудан шығарып жіберіп, өзің далада қалып жүрме. Жағдайды түсіндіріп айт, – деді мұның орысша таза сөйлеп тұрғанына қызыға қарап, буырыл шашын бұйралап, төбесіне түйіп қойған, қартаң келген әйел.
Бұдан соң Жақып болса, Киевтен өзінің университетіне жеделхат жолдап, қайтадан оралатындығын ескертіп, оқуынан шығармауын өтінді. Сөйтіп, қайтып келген соң оқуын одан әрі жалғастыра берді, мнемоникадан да дәрісін тыңдауды тоқтатқан жоқ.
Алғырлығының, көкірегінің көмбе, ақылының молдығының арқасында барлық алға қойған мақсатын жүзеге асырып шықты. Енді алған білімді өмір жүзінде жүзеге асыруы керек болатын.
Санкт-Петербургте оқыған жылдары жастардың саяси үйірмелеріне қатысқан Жақыптың көзқарасы демократиялық бағытта дамығаны даусыз. Озық ойлы адамдармен қарым-қатынаста болған, олармен кездесулерде қозғалған әңгімелерден өзіне қажетті ой түйген Жақкең жазғы каникул кезінде ауылға келгенде де өз жөнімен жүрген жоқ, ел ішіндегі істерге де араласып кетті. Сондай кездерде ол ел арасындағы өрескел әрекеттерге деген өзінің көзқарасын көрсетіп отырды.
Бірде, ауылға жазғы демалысқа келгенінде, киіз үйдің іргесін көтеріп қойып, самал желмен рахаттанып кітаптар оқып, өзіне қажет жерлерін қағазға түртіп алып отырған. Кенет сырт жақтан айқай-шу шығып қалды. Оның не екенін түсінбеген Жақып әуелде жайбарақат отыра берген. Бірақ дауыс одан сайын үдей түсті. Отыра беруге болмайтын болған соң ақырындап есіктің алдына шыққан. Ауылдың шеткі жағындағы ат Бақалдың Ақтайының есігінің алдындағы ат байлайтын жерде бірнеше адам керілдесіп жатыр. Мұрынын бір қағып қойған Жақып солай қарай жақындады.
Мұны көргендердің бағанадан бергі дауыстары бірден бәсеңдеп қалды. Қашан да мұның әділетті жақтайтынын білетін Ақтай жасының үлкендігіне қарамастан студент Жақыпқа қарай қарсы аяңдады.
– Айналайын, Жақыпжан, мынадай да болады екен-ау, мына поштабай келе салып, менің кермеде тұрған атымның ертоқымын алып тастап, өзінің ертоқымын ерттейін деп жатыр. «Мұныңыз не?» десем, бас-көз жоқ: «Менің мінуім керек» дейді. Неге оның мінуі керек? Былтыр да жалғыз атымды рұқсатсыз мініп, болдыртып тастап кеткен жерінен зорға жеткізіп алғанмын.
Бұл атышулы Өтепәлінің Бәкеші туралы Жақып бұрын да естіген болатын. Қарқаралы оязының поштабайы екендігін арқаланып, елдің атын тартып мінуді әдетке айналдырған озбырлығы жұртқа мәлім. Сондықтан да Жақып:
– Өзінің астында аты бар ма? – деп сұрады, тіпті, оған көз салмастан.
– Бар, – деп жауап берді сол жерде тұрғандар.
– Онда неге біреудің атына жармасады? Бұған ешкім де ат мінгізбейтін болсын. Өзіне бөлінген көлігі бар, сонымен жүрсін. Егер керек болса, ақысын төлеп, бекеттердегі аттарды пайдалансын. Қазір өз жөнімен кететін болсын! Әйтпесе мен тиісті жеріне қағаз түсіріп, жұмысында қалдырмауға әрекет етемін…
Поштабай не дерін білмей тұрып қалды. Кімнің жұмыссыз қалғысы келсін?! Оның үстіне ел арасында үстемдігі ояздан да кем емес Бәкеш болса. Күреңітіп, қаны бетіне шыққанымен, не айтарын білмей, болыстың студент баласына қарсы келе алмай тұрып қалды. Ақыры өзінің қатты жүрістен тер басқан керіне мініп, аяңдаған беті кете барды.
Бұрын ешкім қарсы келе алмайтын поштабайды жерге қаратып, кедейлердің сөзін қолдаған Жақкеңнің атағы тіпті, аспандай түсті.
Петербургте саяси тақырыптардың, мемлекеттің конституциялық құрылымын өзгертуге қатысты әңгімелердің ортасында болған Жақып реті келгенде әділетсіз билікке қалай тойтарыс беруді де іштей түйген еді. Сондай ойлардан туған екі мақаланы «Санкт-Петербургские ведомости» газетінде жариялады. Оның мемлекеттің салық саясатына арналған бір мақаласын «Дала уәләяты» газетінің 1900 жылғы №12 санында қазақ тілінде бастырып шығарды.
Алғыр, алға қойған мақсатына жеткенше тыным таппайтын, жан-жақты, білімді жігіт маңайындағы достары мен курстастары арасында да беделді болды. Оқытушы-профессорлар да басқа студенттерге сене бермейтін кейбір істерді Жақыпқа алаңсыз тапсыра беретін.
Сонау алыстағы Қыр өлкесінен келген «қырғыз» студентке 1899-1903 жылдары осы университеттің ректоры, сол кездегі Ресейдегі белгілі заңтанушылардың бірі, атақты ғалым, «Азаматтық құқық және процесс» пәні бойынша талай ауқымды жұмыстар қалдырған Адольф Христианович Гольмстеннің өзі оның ғылыми жұмысына жетекшілік етуі сондықтан да болар.
Соңғы курстың студенттері жиналған дәрісханаға курс бастығы жарқын жүзбен кіріп келді. Оған студенттер таңданыспен қарап қалған. Өйткені, өзінің жаратылыс мінезі солай болған соң ол кісінің жадырап жүретін сәті онша көп бола бермейтін. Бұл бір қуанышты хабардың белгісі еді. Көп күттірген жоқ:
– Біздің курстың студенті Якуб Ақпаевтың диплом жұмысына университетіміздің ректоры, профессор Адольф Христианович Гольмстен мырзаның өзі жетекшілік ететін болды. Бұл біз үшін, біздің курс үшін өте қуанышты жағдай, қадірлі студенттер! – деп шын мәніндегі қуанышын жасыра алмай, жария етті.
Бұл шын мәнінде курс үшін өте қуанышты жағдай еді. Оқу орнының басшылық жұмысынан қолы босай бермейтін ректор жыл сайын бір ғана студенттің диплом жұмысына жетекшілік ететін. Бұл жолғы таңдау жүзге тарта бітірушілердің арасынан Жақыпқа түскен екен.
Ректор жетекшілік еткен студенттің диплом жұмысы да осал болмасы белгілі. Ол ректордың өзі қатысқан қорғау жұмысы кезінде жарқырап көріне біліп, дипломын «аса қанағаттанарлық» деген бағамен қорғап шыққан. Бұл осы күндегі «үздік», «өте жақсы», ал «қанағаттанарлық» дегені «жақсы» дегенді білдіреді. Ал «аса қанағаттанарлық» бағамен бітіргендерге бірінші дәрежелі диплом беріледі. Университетті бірінші дәрежелі дипломмен бітіргендер магистр болып шығады екен.
Сөйтіп, Жақып Ақбаевты «Петербургтың императорлық университетін Алтын медальмен бітірген, қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі» деп атайтынымыз сондықтан.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ
жазушы



