Өңірлерде жаңа нысандар мен өндіріс орындары ашылды
Еліміздің бірқатар өңірінде жаңа өнеркәсіп кәсіпорындары, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жүзеге асқан жобалар көлік қатынасын жақсартуға, өндіріс көлемін арттыруға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын көтеруге бағытталған.

Көлік инфрақұрылымы
Шығыс Қазақстан облысында Тереңсай асуын айналып өтетін автомобиль жолы мен Пихтовка өзені арқылы өтетін Қазақстандағы ең биік таулы автомобиль көпірі ашылды. Жаңа нысандар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді.
Алматы облысында республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автожолының 74 шақырымдық учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жобаға 8,1 млрд теңге жұмсалған. Күн сайын 1,2 мыңнан астам көлік өтетін жол бойындағы 14 аялдама, 78 жол қиылысы мен кірме жол да жөнделді.
Жетісу облысында Мұқыры асуы арқылы өтетін ұзындығы 21 шақырымдық төрт жолақты автожол пайдалануға берілді. Жаңа бағыт жол жүру уақытын қысқартып, қозғалыс қауіпсіздігін арттырмақ.
Өнеркәсіп және өндіріс
Алматы облысында 2,5 млрд теңге инвестиция тартылған ет өңдеу кәсіпорны жұмысын бастады. Кәсіпорын тәулігіне 10 тонна ет өңдеуге қауқарлы. Жоба отандық өнім көлемін арттырып, өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін бермек.
Түркістан облысында 1,5 млрд теңгеге өнеркәсіптік металл конструкциялар мен бұйымдар өндіретін зауыт іске қосылды. Кәсіпорын жылына 100 дана өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Абай облысында 8,4 млрд теңгелік өсімдік майын құю және қаптау цехы ашылды. Өндіріс орны тәулігіне 200 тонна май шығаруға қауқарлы. Жобаның нәтижесінде 100-ден астам жұмыс орны құрылып, өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізу көлемі ұлғаймақ.
Қарағанды облысында 20,5 мың құсқа арналған құс шаруашылығы кешені пайдалануға берілді. Жасанды интеллект негізіндегі климатты бақылау жүйесімен жабдықталған кешен жылына қосымша 250–280 тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандар
Алматы облысының Нарынқол ауылында жаңа емхана ашылды. Медициналық мекеме ауысымына 250 адамды қабылдай алады. Мұнда күндізгі стационар мен заманауи диагностикалық жабдықтар қарастырылған.
Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының тұрғындарына қызмет көрсететін 148 орындық Гематология орталығы салынды. Нысан құрылысына, оның ішінде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 33,6 млрд теңге бағытталған.
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында шағын футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, сондай-ақ воркаут-аймақтары бар спорт және балалар ойын алаңдары ашылды.
Қостанай қаласында 2,9 гектар аумақты алып жатқан көпфункционалды стадион пайдалануға берілді. Нысанда 1000 орындық трибуналар, жүгіру жолдары, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары бар.
Осылайша, өңірлерде жүзеге асқан жобалар өндірістік әлеуетті нығайтып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



