Халық Конституциясы

Конституция және келешек ұрпақ

Жаңа Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде белгіленді. Өнеркәсібі өркендеген Қарағанды облысы үшін бұл ұстанымның салмағы ерекше. Өңірдің ертеңгі инженері де, дәрігері де, ғалымы да бүгін мектеп партасында отыр.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

1 шілдеден күшіне енген Конституция білімге қатысты мемлекеттік жауапкершілікті айқындайды. Оның 33-бабында азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей орта білім алуына кепілдік берілген. Ал білім мен ғылымды стратегиялық басымдыққа айналдыру осы кепілдіктің мазмұнын нақты іспен толықтыруды талап етеді. Баланың мектепке қабылдануы қаншалықты маңызды болса, оның қандай жағдайда оқитыны да соншалықты маңызды.

Облыстың білім басқармасының 2026-2027 оқу жылы қарсаңындағы мәліметінде өңір мектептеріне 175 мыңнан астам оқушы келетіні, оның 15 мыңнан астамы бірінші сынып табалдырығын аттайтыны айтылған. Осынша баланың әрқайсысына жағдай жасау – ғимараттың сыйымдылығынан бастап, отбасының әлеуметтік мүмкіндігіне дейін қамтитын міндет.

Мектептердің дайындығына жүргізілген тексеру де осы жауапкершіліктің ауқымын көрсетеді. Қарағанды облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті 2026 жылғы 1 шілдеде жариялаған ақпарат бойынша, мониторингтің алғашқы кезеңімен 404 мектеп қамтылған. Анықталған мәселелерге байланысты 21 мектеп екінші кезеңде күрделі жөндеу жүргізуге бағытталған. Бұл – оқу орындарының жағдайын бағалау кезінде назар аударуды қажет еткен нақты көрсеткіш.

Жөнделген шатыр мен жаңарған жылу жүйесінің маңызын қысы қатал өңірдің тұрғындары жақсы біледі. Дегенмен, білімге жұмсалған қаражаттың нәтижесі сынып ішіндегі мүмкіндіктен де көрінуі керек. Деректерге сүйенсек, өткен оқу жылында облыста химия, биология, физика, STEM және робототехника бағыттары бойынша 78 заманауи пәндік кабинет пайдалануға берілген. Мектептердің осындай кабинеттермен жабдықталуы 85 пайыздан 91 пайызға жеткен.

Білімге қолжетімділіктің әлеуметтік жағы да бар. Облыстық білім басқармасының жаңа оқу жылы алдындағы хабарламасында баланы мектепке дайындауға арналған бір реттік материалдық көмек 50 851 теңге екені көрсетілген. Көмекті тағайындау кезінде отбасының табысын тексеру рәсімі цифрландырылған.

– Енді ата-аналарға табысы туралы анықтама ұсынудың қажеті жоқ. Қажетті мәліметтердің барлығы Отбасының цифрлық картасы мен мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде алынады, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Сыздықов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Құжат жинауға кететін уақыттың қысқаруы да отбасы үшін нақты жеңілдік. Ал әлеуметтік қолдаудың түпкі мақсаты – тұрмыстық қиындықтың баланың оқуына кедергі келтірмеуіне жағдай жасау.

Жаңа Конституциядағы білімге берілген басымдықтың өңірдегі нәтижесін осындай күнделікті өзгерістерден бағалауға болады. Жаңарған кабинеттің қаншалықты пайдаланылғаны, жөндеудің сапасы, ауыл баласының мүмкіндігі, көмектің мұқтаж отбасына жетуі – бәрі ортақ жауапкершілікті талап етеді. Қарағандының келешегіне салынған қаржының қайтарымы да бүгінгі оқушының ертең қандай маман, қандай азамат болып қалыптасқанынан көрінеді.

Салтанат ІЛИЯШ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button