Батыл қадамдарға бел будық
Президентіміздің Жолдауы түсінікті, көңілге қонымды болды, еліміз үшін өте өзекті мәселелер қамтылды. Әсіресе, әлемдік саяси картадағы тұрақсыздыққа ерекше мән берілді. Өйткені, бұл жағдайлар Қазақстанға жанама болсын, тікелей болсын әсер етері анық. Осындай дүрбелең кезеңде Президентіміз ел ішінде ынтымақ пен берекені сақтай отырып, маңызды салаларды дамыта беруіміз керек екенін айтты. Мұндай уақытта қателікке бой алдыруға болмайды. Елдің шаңырағын шайқалтатын қате шешімдер қабылдауға хақымыз жоқ. Мемлекет басшысының әлемдік саяси ахуалға қатысты айтқан бұл сөзін еліміздің әр азаматы салқын ақылмен, биік парасатпен қабылдауы керек деп.

Қазақстанның бұл күнде әлемдік дипломатияда өз тұғыры бар. Төрдегі орынды сақтау жолында әрқайсымыз еңбек етіп, жауапкершілік арқалауымыз керек. Еліміз өркендеу үшін Ана тілімізді, Ата заңымызды қадірлеуіміз – маңызды.
2027 жылды «Жалпыхалықтың ауқымды құрылыс жылы» деп жариялағаны қазақстандықтарды елең еткізді деп ойлаймын. Қазақстан ауқымды өзгерістер жасауға бел буған мемлекет. Батыл қадамдардан қашпайды. Келесі жылы елді дамыту жолында ауқымды құрылыстар басталмақ.
Ел мен елді жалғайтын, ұлттық экономикаға серпін беретін – жол. Өңірімздегі аудандарды аралап шықтым. Облыс аумағындағы тасжолдардың сапасы жоғары деп сеніммен айта аламын. Қасым-Жомарт Тоқаев жол мәселесі реттелмесе, елімізде өркендеу болмайтынын басып айтты.
Президент әлемде ірі инвестицияларға талас жүріп жатқанын, сол үшін де еліміз инвестиция мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауы керек екенін айтты. Расымен де, әр қазақстандық инвестицияның ел экономикасына қаншалықты ықпал ететін түсінуі керек деп ойлаймын.
Мұғалімдерге қатысты айтқан сөзі де елең еткізді. Расымен де, елімізде мұғалім мен оқушы арасындағы түсініксіз қарым-қатынас өзекті болып тұр. Ұстаздар қауымы ұрпақ тәрбиесімен айналысудың орнына есеп-қисаппен және ата-аналардың орынсыз айыптауларымен әуре болып кетті. Бұл мәселе шешілмейінше ұрпақты тәрбиелеу және оларға сапалы білім беру ісі дүбәралана беретіні анық.
Майра АБДРАХМАНОВА
«Parasat» қоғамдық бірлестігінің төрайымы


