АймақЖолдау – 2026

Ұлт саулығы – қуатты мемлекеттің негізі

Мемлекеттің қуаты экономикалық әлеуетімен ғана емес, ең алдымен, азаматтарының денсаулығы мен өмір сапасы арқылы өлшенеді. Өйткені, дені сау ұлт қана елдің ертеңіне берік негіз қалап, қоғамның өркендеуіне елеулі үлес қоса алады. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласының дамуына қатысты айтылған мәселелердің маңызы айрықша.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгінде медицина бұрынғыдай дертті емдеумен ғана шектелмейді. Аурудың алдын алу, оны ерте анықтау, емдеу үдерісін тиімді ұйымдастыру және әрбір азаматтың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі – саланың басты міндеттері. Қазіргі науқас үшін білікті дәрігердің көмегімен қатар, уақытылы қойылған диагноз бен емнің нәтижелілігі де маңызды. Сондықтан, медицинаның тиімділігін көрсетілген қызметтің санымен емес, ең алдымен, адам денсаулығына тигізген нақты пайдасымен бағалауымыз қажет.

Біздің медициналық ұйымда дәрігердің кәсібилігі, қызмет көрсетудің қолжетімділігі, медициналық ұжымның жауапкершілігі – бәрі де бір-бірімен тығыз байланысты. Ең бастысы, пациенттің дәрігерге деген сенімі болуы керек. Ал, сол сенім сапалы қызмет пен шынайы жанашырлық арқылы қалыптасады.

Заман талабына сай денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану да айрықша мәнге ие. Жаңа технологиялар ауруларды ерте анықтауға, медициналық деректерді жүйелеуге, дәрігерлердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Дегенмен, цифрландыруды түпкі мақсат деп қарастыруға болмайды. Ол – адамның игілігіне қызмет ететін құрал. Жасанды интеллект дәрігердің кәсіби пайымын алмастырмай, керісінше, оның жұмысын жеңілдетіп, қағазбастылықты азайтуға және науқасқа көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасауы тиіс.

Тағы бір маңызды мәселе – қала мен ауыл арасындағы медициналық қызметтің қолжетімділігі. Адамның қай жерде тұратыны оның сапалы ем алу мүмкіндігін шектемеуге тиіс. Шалғай елдімекендердегі тұрғындарға да дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, қажетті мамандар мен диагностикалық қызметтер қолжетімді болуы қажет.

Әрине, қандай заманауи қондырғы орнатылып, қаншалықты озық технология енгізілсе де, оның игілігін көрсететін – білікті маман. Сондықтан дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру, еңбек жағдайын жақсарту, жас мамандарды қолдау мәселелері үнемі назарда болуы керек. Болашақ дәрігерлерге дәріс беріп жүрген оқытушы ретінде кәсіби білім мен адамгершілік қасиеттің қатар қалыптасуын аса маңызды санаймын. Медицинаға тек білімді маман емес, адам тағдырына бейжай қарамайтын, өз ісіне адал азамат қажет.

Шын мәнінде, дәрігердің алдындағы ең үлкен жауапкершілік – адам өмірі. Оның күнделікті еңбегінің өлшемі де осы қасиетті ұғыммен сабақтас. Сондықтан саланы жаңғыртуға бағытталған әрбір бастама қарапайым азаматтың денсаулығын жақсартуға, өмір сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс.

Мен үшін Жолдаудың басты мәні – белгіленген міндеттерді нақты іспен ұштастыру. Мемлекеттік деңгейдегі өзгерістердің нәтижесі әрбір медициналық ұйымның жұмысынан, әрбір маманның кәсіби жауапкершілігінен көрінуі қажет. Өйткені, адам денсаулығы – ең қымбат құндылық. Ал, оны сақтау мен қорғау – біздің кәсіби міндетіміз ғана емес, азаматтық парызымыз.

Дені сау ұлт – елдің ең үлкен байлығы. Қуатты мемлекеттің негізі де осы.

Аманжол ӘБДІРАХМАНОВ
«Archimedes Medical Group» ЖШС клиникалар желісінің Қарағанды филиалының бас дәрігері

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button