Спорт

«Сарыарқа» «Бейбарыс» командасына қарсы екі ойында жеңіске жетті

Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы соңғы төрт кездесуде жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі орынын нықтап алды. Бұл жолы жерлестер Pro Hokei Ligasy ойындарының кезекті турында өз айдынында атыраулық «Бейбарысты» қабылдап,  5:0 және 6:0 есебімен жеңіске жетті.

Қарағандылықтар алғашқы кездесуден-ақ мұз айдынында толық басымдық танытты. Ойынның бірінші кезеңінде Владислав Никулин, Дмитрий Преснов және Артем Лихотников көзге түсіп, команданы алға сүйресе, екінші кезеңде Егор Наместников есепті 4:0-ге жеткізді. Ал, шешуші кезеңде Константин Пальмтаг қарсылас қақпасына бесінші шайбаны соғып, матчтың нүктесін қойды.

Қарымта кездесуде де қарағандылықтар қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Ойынның алғашқы бөлігінде Руслан Демин мен Владислав Дюкарев есеп ашып, командаға сенімділік сыйлады. Үшінші кезеңде Руслан Демин қарсыластар қақпасын тағы үш мәрте дәл көздеп, өз есебіне бір ойында төрт шайба жазды. Сонымен қатар, Владимир Волков та мергендігімен танылып, таблодағы қорытынды көрсеткішті 6:0-ге жеткізді.

– Жігіттер қос кездесуде де жүктелген тапсырманы орындап шықты. Сәтті шабуылдар ұйымдастырып, шешуші сәттерде батыл ширақ шешімдер қабылдай білді. Ең бастысы – екі кездесуде де өз қақпамызға бірде-бір шайба өткізген жоқпыз. Бұл матчтағы басты мақсат – ойын тізгінін өз қолымызға алу болатын. Олар бұл міндетті мүлтіксіз орындап, өз бастамаларымен өршелене шабуылдады. Нәтижесінде, сенімді жеңіске қол жеткіздік, – деді команданың бас бапкері Владимир Князев.

Қазіргі таңда турнир кестесінде елордалық «Nomad» клубы 42 ұпаймен көш бастап тұр. Одан кейінгі сатыға 40 ұпаймен Өскеменнің «Torpedo» ұжымы жайғасса, үздік үштікті көкшетаулық «Арлан» түйіндеген. Еншісінде 35 ұпайы бар жерлестер турнир кестесінің төртінші сатысына табан тіреді. Қарағандылық команда еншісінде 29 ұпайы бар рудныйлық «Горняктан» алты ұпайға озып келеді.

Енді жерлестер өз алаңында «Алматы» клубын қабылдайды.

 

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button