Жаңалықтар

Білім беру саласында соңғы жеті жылда не өзгерді?

Соңғы жеті жылда Қазақстанның білім беру саласында ауқымды өзгерістер жүзеге асты. Педагогтердің еңбекақысы өсіп, әлеуметтік қолдау шаралары күшейді. Сонымен қатар жаңа мектептер салынып, білім беру инфрақұрылымы жаңаруда.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Мұғалімдердің жүктемесін азайтуға және еңбек жағдайын жақсартуға басымдық берілді. Педагогтерге кәсіби жетістіктері үшін қосымша үстемақылар қарастырылып, жас мамандарды қолдау шаралары да кеңейді.

Білім беру жүйесінде жаңа мектептер салу жұмыстары қарқын алып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске қосылды. Бұл бастама оқушы орындарының тапшылығын азайтып, балаларға заманауи әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталды.

Оқу бағдарламалары да заман талабына сай жаңаруда. Білім алушыларға жасанды интеллект негіздері оқытылып, Конституция негіздері оқу бағдарламаларына енгізілді.

Кәсіби мереке – Мұғалімдер күні қарсаңында Президент ұстаздарды құттықтап, білім саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мемлекет басшысы білім беру жүйесінің дамуына үлес қосып жүрген педагогтерге алғыс білдіріп, еңбегі еленген бірқатар ұстазды марапаттады.

Білім саласындағы бұл өзгерістер педагог мәртебесін көтеруге, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және оқушыларға сапалы білім алуға мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button