Бас тақырыпРуханият

Белгілі суретші Кәріпбек Күйіковтің «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптарының тұсаукесері өтті

Тағдырдың ауыр сынағын еңсеріп, өмірге деген іңкәрлігін өнермен ұштастырған жандардың ғұмыры кейінгіге өнеге болып қалады. Белгілі суретші, халықаралық «АТОМ» жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіковтің өмір жолы – сондай тағылымды ғұмырдың бірі. Қос қолсыз дүниеге келген жерлесіміз қылқаламды аяғымен ұстап, көкірегіндегі көркем дүниені кенепке түсірді. Полигон зардабын тартқан жұрттың мұңын әлемге жеткізіп, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыруға күш салды. Енді оның бастан кешкендері мен көңілге түйгендері кітап бетіне көшіп, оқырманға жол тартты. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында Кәріпбек Күйіковтің «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптарының тұсаукесері өтті. Рухани басқосу Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 35 жылдығына арналды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, тарихи-өлкетану музейі мен Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұйымдастырған жиынға ғалымдар, қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Тұсаукесерде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қос кітаптың өскелең ұрпақ үшін тағылымы мол екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін жандандыруға айрықша мән беріп отыр. Бүгін оқырманға жол тартқан осы екі кітап та өскелең ұрпақтың рухани болмысын байытып, таным көкжиегін кеңейтуге үлес қосады деп білемін. Кәріпбек ағамыздың өмір жолы мен шығармашылығы – ерліктің, тағдыр тауқыметіне мойымаған қайсарлықтың үлгісі. Оқырман бұл еңбектер арқылы оны суретші әрі қоғам тағдырына бейжай қарамайтын азамат ретінде тереңірек таниды. Тұсаукесердің Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуымен тұспа-тұс келуінің мәні зор. Сынақ тоқтағанымен, зардабы жойылған жоқ. Кәріпбек ағамыздың өмір жолы сол қатпарлы тарихты зерделеуге мүмкіндік береді, – деді Әлібек Үсенұлы.

Сонымен қоса, облыс әкімінің орынбасары қос кітапты аймақтың барлық кітапханаларына жеткізу мәселесін өз жауапкершілігіне алатынын да айтты. Бұдан кейін Әлібек Әлденей мен облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Қобжанов «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптарының тұсауын кесіп, автор еңбегінің оқырманға жол тартуына ақ тілек білдірді.

– Кәріпбек замандасымыздың шығармашылығы әрі қарай дамып, өрістей беруі керек. Жастар – біздің болашағымыз. Өткеннен өнеге алып, кемел келешек қалыптастыру үшін тарихымызды зерделеуіміз қажет. Сіздің еңбегіңіз ешқашан елеусіз қалмайды, – деді Нұркен Қобжанов.

Жиында әнші Димаш Құдайбергеннің кітап туралы бейнеүндеуі де жұртшылық назарына ұсынылды. Өнер иесі «Жизнь без рук» туындысын оқып, әлеуметтік желідегі парақшасында әсерімен бөліскен. «Кітап оқитын ұлт» жобасының маңызына тоқталып, тыңдармандарына осы еңбекті оқуға кеңес берген.

Өз кезегінде Кәріпбек Күйіков кітаптың жазылу тарихын әңгімеледі. Оның айтуынша, естеліктерін қағазға түсіруге алғаш қолдау көрсеткен – қарағандылық журналист Владимир Литвинов. Алайда, журналист өмірден өткеннен кейін қолжазба аяқталмай қалған. Биыл автор ұзақ жыл сақталған жазбаларына қайта оралып, естеліктерін дауыстық хабарламалар арқылы толықтырған. Әдеби редактордың көмегімен сол дүниелер реттеліп, кітап болып жарық көрді.

– Владимир Иванович «Есіңде не бар – бәрін жаз, әрі қарай көмектесемін» деп жігерлендірген еді. Сөйтіп, естеліктерімді жаза бастадым. Бірақ, ол кісі өмірден өткеннен кейін жұмыс тоқтап қалды. Жазғандарым 35 жыл бойы компьютерде сақталып тұрды. Биыл сол дүниелерді қайта қолға алып, естеліктерімді дауыстық хабарламалармен айтып отырдым. Осы еңбектің жарыққа шығуына көмектескен барша жанға шын жүректен алғыс айтамын, – деді Кәріпбек Күйіков.

Автордың өмір жолында ата-анасының қамқорлығы мен ұстаздарының еңбегі айрықша орын алады. Әкесінің білім алып, мамандық меңгеруге бағыттауы, мұғалімдерінің суретшілік қабілетін танып, шыңдауы оның дербес өмірге қадам басуына тірек болған. Туған жерден жырақта өткізген 18 жылдан кейін елге оралып, қазақ тілін қайта үйренген суретші алғашқы картиналарынан түскен табысын анасына әкелгенін тебірене еске алды. Кейін полигон зардабын тартқан отбасыларды аралап, балаларға көмек ұйымдастырған, қайырымдылық көрмелерін өткізген. Осы белестердің бәрі қос кітапта автордың өз естеліктері арқылы өріледі.

Тұсаукесерде пікір білдірген Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қуат Асқаров әріптесінің табандылығы шығармашылық ортаға да жігер беретінін айтты.

– Бұл – өте қажет, маңызды кітап. Суретшілер атынан осындай мақсатшыл адамның алдында басымды иемін. Шығармашылық ортада да өмірге деген құлшынысы бәсеңдеп, қажып жүрген жандар кездеседі. Ал, Кәріпбек аға – жалын, от! Өзінің жылуымен бізді жылытып, жолымызды жарықтандырады, әрі қарай қалай даму керектігін көрсетеді. Сондықтан, бүгінгі шараның бәріміз үшін мәні зор. Кәріпбек ағаға зор денсаулық тілеймін, – деді Қуат Асқаров.

Тұсаукесер аясында суретшінің, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың бірлескен көрмесі ұйымдастырылды. Келушілер картиналар мен кітаптар арқылы автордың шығармашылық әлемімен, өмір жолымен және полигон тарихымен танысты.

Кәріпбек аға өзіне қолдау көрсеткен жерлестеріне де ризашылығын білдірді.

– Қарағандылықтарға, қарапайым халыққа, маған қолдау көрсеткен баршаңызға басымды иіп, алғыс айтамын. Сіздер болмасаңыздар, мұндай дәрежеге жете алмас едім. Осы күнге жетуіме көмектескен, қамқор болған адамдардың бәріне ризамын, – деді суретшІ

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button