АймақБас тақырыпРуханият

«Тұлпар мініп, ту алған!»: Қарағанды облысында SDU гранты сарапқа салынады

Қарағанды облысында «Тұлпар мініп, ту алған» жобасына қатысушыларды тіркеу аяқталды. Биыл оқушылар Сүйіншәлі Жаңбыршин нұсқасындағы «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтып, сөз бәйгесінде бақ сынайды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Cурет облыс әкімінің орынбасарының ресми парақшасынан

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей жобаға қатысушылардың санына тоқталып, биыл 6 169 оқушының бақ сынайтынын атап өтті. Жас талапкерлердің дайындығына 2 446 мұғалім атсалысады.

«Осы тұрғыдан алғанда, батырлар жыры – елдік мұрат пен адамдық қасиетті ұрпақ санасына сіңірген тәрбие мектебі. Жыр жаттаған бала тілін ұстартып қана қоймай, ел алдындағы парызын ұғынып, ерлік пен адалдықты бойына сіңіреді», – деп жазды Әлібек Әлденей.

Былтыр жоба жеңімпазына Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің білім гранты берілген. Ал биыл сөз бәйгесінде үздік нәтиже көрсеткен оқушыға SDU University-дің білім гранты табысталмақ.

Әлібек Үсенұлы өз жазбасында кітап оқудың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына да тоқталған. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу – жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан» деген сөзін келтірді.

Облыс әкімі орынбасарының пікірінше, батырлар жыры жас ұрпаққа елдік мұрат пен адамдық қасиеттерді танытатын маңызды тәрбие құралы. Жыр жаттаған бала тілін дамытып қана қоймай, ел алдындағы парызын түсініп, ерлік пен адалдық ұғымдарын бойына сіңіреді. 

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button