Ақжалда 250-ге жуық терек отырғызылған жаңа саябақ ашылды
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ақжал кентінде тұрғындарға арналған жаңа саябақ пайдалануға берілді. Жаңа қоғамдық кеңістік Сейфуллин көшесінің бойында мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен абаттандырылған.

Саябақтың ашылуы елді мекенді көркейту, көгалдандыру және тұрғындарға қолайлы демалыс ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың жалғасы болды. Аумағына 250-ге жуық терек ағашы отырғызылып, жасыл желек көлемін арттыруға басымдық берілді.

Жаңа саябақ алдағы уақытта тұрғындардың серуендеп, таза ауада тынығуына арналған ортақ орынға айналмақ. Сонымен қатар көгалдандырылған аумақ кенттің көркін арттырып, экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді.

Саябақтың ашылу рәсімі аясында кент тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде жергілікті өнімдер ұсынылып, тұрғындарға қажетті тауарларды тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берілді.

Іс-шара «Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаттарына сай елді мекендерді абаттандырумен қатар, тұрғындардың туған жерді таза ұстауға деген жауапкершілігін арттыруға және қоғамдық белсенділікті күшейтуге бағытталды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



