Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандыда студенттерге жалған пәтер ұсынған әйел ұсталды

Қарағандыда әлеуметтік желі арқылы жоқ пәтерлерді жалға беру жарнамасына ұсынып, студенттерден алдын ала төлем алған 31 жастағы әйел ұсталды. Оның әрекеті бойынша келтірілген шығын 2,2 млн теңгеден асқан.

Cурет ЖИ арқылы жасалды

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, күдікті тамыз айынан бастап әлеуметтік желілерде пәтерлерді тиімді бағамен жалға беру туралы хабарландырулар жариялаған. Жарнамалардағы тұрғын үйлердің фотосуреттері интернеттегі ашық дереккөздерден алынған.

Арзан баспана іздеген студенттер хабарландыруда көрсетілген нөмірге хабарласып, пәтерді жалға алу үшін алдын ала ақша аударған. Алайда төлем түскеннен кейін күдікті байланысқа шықпай қойған.

Полицияға бірнеше жәбірленуші арызданғаннан кейін күдіктінің жеке басы анықталды. Тергеу барысында алаяқтықтың 10 дерегі дәлелденді. Барлық жәбірленушілер – баспана іздеген студенттер.

Қазір полиция қызметкерлері әйелдің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Осыған байланысты жәбірленушілер саны артуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары азаматтарды әлеуметтік желідегі жылжымайтын мүлік туралы хабарландыруларға сақтықпен қарап, баспана үшін ақша аудармас бұрын пәтердің бар-жоғын және жалға берушінің деректерін мұқият тексеруге шақырады.

Күдіктіге қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның кінәсі сотта дәлелденгенге дейін ол заң бойынша кінәсіз деп есептеледі.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button