Қазақстан мен Корея өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі желісі бойынша жалпы сомасы $401,9 млн болатын 15 құжатқа қол қойылды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының қатысуымен «Астана Моторс» ЖШС мен Hyundai Motor Company арасында жаңа Hyundai Tucson моделін өндіру туралы құны $67 млн болатын келісімге қол қойылды. Hyundai Motor Company Қазақстанға жаңартылған Hyundai Tucson моделін өндіру үшін жаңа технологияларды шағын торапты әдіспен береді.
Бүгінде Қазақстанда Hyundai Tucson автокөлігі жоғары деңгейдегі локализациялау бойынша өндіріліп келеді. Әлемдік тұсаукесер аясында модельдің жаңа нұсқасы таныстырылды. Компания модельдің технологиялық платформасын айтарлықтай жаңартқан. Қазақстанның осы жаңа технологияларға қол жеткізуі автомобиль өнеркәсібін дамытудағы маңызды қадам болып саналады. Тұтынушылар үшін бұл – Қазақстанда шығарылған Hyundai Tucson-ның дәл осы жаңа нұсқасын сатып алу мүмкіндігі.
«Еуразиялық Топ» ЖШС мен Hyundai SungWoo Casting Co. Ltd автомобиль компоненттерін локализациялау бағдарламасы аясында автомобиль дискілерін өндіру бойынша ынтымақтастық туралы құны $50 млн болатын меморандумды бекітті. Жоба арқылы ҚР автозауыттары үшін негізгі техникалық серіктесті тарту көзделген.
QazIndustry мен Оңтүстік Кореяның жетекші мемлекеттік ғылыми-зерттеу институты – KIET Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатты бекітудегі мақсат – өңдеу өнеркәсібін дамыту, озық цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізу мәселелері бойынша ынтымақтастық орнату және тәжірибе алмасу. Меморандумға қол қоюдың стратегиялық маңызы бар, өйткені Қазақстан тарапы бұл арқылы индустрияландыруды сараптамалық сүйемелдеу бойынша қажетті серіктеске ие болады.
Сондай-ақ «Mineral Product International» ЖШС мен SAC Co., Ltd арасында Екібастұз қаласындағы ферросилиций өндіретін зауыттың екінші кезеңіне арналған жабдықтарды жеткізу туралы Ниеттестік хатына және серіктестік байланыстар мен өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге бағытталған басқа да бірқатар құжатқа қол қойылды.
Қазақстанның «Ұлттық технологиялық болжау орталығы» РМК мен Оңтүстік Кореяның Ұлттық сирек металдар институты Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім Қазақстандағы зертханалық мүмкіндіктерді дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге, шикізат базасын, өңдеу технологияларын және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін бірлесіп дамытуға серпін береді деп күтілуде.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



