Балқашта ALGA! балалар футбол фестивалі өтті
Балқаш қаласындағы «Металлург» стадионында Қарағанды облысының әр ауданынан келген 500-ден астам оқушы қатысқан ALGA! футбол фестивалі өтті. Бұл жайлы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өз парақшасында хабарлады.

Фестиваль барысында балалар командалық ойындар мен түрлі футбол сайыстарында бақ сынады. Олардың арасында футболмен бұрыннан айналысатындармен қатар, бұл спорт түріне алғаш рет қадам басқандар да болды.

ALGA! жобасы өткен жылы Саран қаласында басталып, оған 400-ге жуық оқушы қатысқан еді. Алдағы үш жылда жобаға 100-ден астам оқу орнын қосып, 40 мыңнан астам оқушы мен 4 мыңға жуық студентті қамту жоспарланып отыр.

Жобаның басты мақсаты – балаларды бұқаралық спортқа тарту, олардың футболға қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Командалық ойындар арқылы жасөспірімдер тәртіпке, жауапкершілікке, табандылыққа және өзара ынтымақтастыққа үйренеді.
— Бұл – өңірдегі футболды дамыту бағытындағы үлкен жұмыстың бір бөлігі. Алдымен футболға мүмкіндігінше көп баланы тартсақ деп отырмыз. Кейін солардың арасынан қызығушылығы мен қабілеті бар балаларға шеберлігін шыңдап, әрі қарай өсуіне жағдай жасаймыз. Қазір салынып жатқан футбол академиясы – ауқымды жоспардың бір сатысы ғана, — деді Әлібек Әлденей.

Өңірде мектеп футболын дамыту үшін спорт секциялары ашылып, жарыстар ұйымдастырылып, инфрақұрылым жаңаруда. Қазір салынып жатқан футбол академиясы да осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың бір бөлігі.
Футболмен неғұрлым көп бала айналысса, соғұрлым дені сау, белсенді ұрпақ қалыптасады. Бүгінгі фестивальдің негізгі мәні де – балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыру.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



