Дәстүрге бай дәуір үні
Өткен күндерді қайта жазу қажеттігі әрдайым өзекті. Биыл «Индустриальная Караганда» облыстық қоғамдық-саяси газеті 95 жылдық белесіне қадам басты. Уақыт табына сарғайғанымен, мән-мағынасын еш жоғалтпаған газет тігінділерінде тоқсан бес жылдық журналистік ғұмыр менмұндалайды.

«Saryarqa Aqparat» ЖШС директорының орынбасары, облыстық қоғамдық-саяси «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Станислав Песнев мырзамен оқырманына деген адалдығынан айнымаған басылымның өткені мен бүгіні турасында ой өрбіткенді құп көрдік…
– Станислав Альбертович, әңгімені қарапайым сауалдан бастасақ. Атаулы дата сіз және ұжымыңыз үшін нендей мән үстейді?
– …Білесіз бе, «95» деген сан «газет» деген сөзбен қатар тұрғанда, еріксіз ойға қалады екенбіз. Қайткенмен, адамзат жадындағы бір ғасырға жуық уақыт межесі ғой. Мұрағат та өзі, мұражай жәдігері де өзі, дәлме-дәл мағынасындағы уақыттың бір белесін белгілеп отыр.
Біз үшін «Индустриалканың» 95 жылы ең алдымен жауапкершілік. Газет 1930-шы жылдардың басында, Қарағанды енді ғана өнеркәсіптік орталық ретінде қалыптасып келе жатқан тұста дүниеге келді.
«Ол кездегі басылым қандай еді?» дер болсаңыз, қысқаша айтқанда, бүгін біз білетін газеттен бөгенайы мүлде бөлек еді. Болашақ «Индустриалканың» алғашқы сандары алғашқы шахтаның маңындағы теміржол тұйығында тұрған вагондарда басылған. Бір вагонда редакция орналасса, екіншісінде баспахана жұмыс істеді. Ол кезде электр жарығы болған жоқ. Жұмыс керосин шамының жарығымен атқарылды. Сенесіз бе?! Ал, терімшілер «реал» деп атаған баспаханалық қаріптер салынған жәшіктердің үстіне майшам қояр еді.
Егеулі қалам қолға алған газет қызметкерлері мақаласын да жазды, мәтінді де терді, газет жолдарын да құрастыра білді. Олар баспа станогының басында жұмыс істеді. Бәрі де қолмен жасалды. Әріптен әріпке, жолдан жолға!
Иә, газеттің негізін қалаған бірегейлер ол шақта мәңгілік тарих жасаймыз деп ойлаған жоқ болар. Олар болғаны сол күнгі міндетін атқарды. Күн сайын өз жұмысын адал өткерді. Міне, дәл сол қарапайым еңбектің нәтижесінде бүгінде біз мақтан тұтатын дәстүрдің негізі қаланды.

– Тоқсан бес жыл ішінде редакциядан республикалық деңгейде танылған талай журналист пен ақын-жазушылар түлеп ұшты…
– Иә, өз басым Қазақстан журналистикасының қарашаңырағында талай жыл еңбек етіп, кәсіби ортада өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан көрнекті қаламгер, журналистика мэтры Владимир Рыжковпен бірге қызмет атқарғанымды әрдайым мақтанышпен еске аламын. Оның журналистік шеберлігі мен өмірлік ұстанымы, сөзге деген талғамы біз үшін үлкен мектеп болды.
Сондай-ақ, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы, ел журналистикасының абызы Сейітқазы Матаев 1986-1989 жылдары газетімізде бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. Өз кезімде мен сол азамат қызмет еткен кабинетте де жұмысымды жалғастырған сәулелі сәттерім жадымда.
Қарапайым әңгімеден бастап, журналистиканың өткені мен бүгіні, баспасөздің қоғамдағы орны мен қаламгер жауапкершілігіне дейінгі талай өзекті мәселе ортаға салынатын. Осындай тұлғалармен қатар жүріп, пікірлесу, олардың тәжірибесі мен тағылымын көру – мен үшін үлкен кәсіби мектеп әрі өмірлік сабақ болды.
Қарағандыдағы журналистика мектебі бүгінде де өзінің дәстүрі мен тағылымын сақтап, республика көлеміндегі білікті де беделді журналистерді қалыптастырған айтулы ұстаханалардың бірі саналады. Бұл мектептің басты ерекшелігі – кәсіби шеберлікпен қатар, сөзге жауапкершілікпен қарауды, ел мен қоғам алдындағы азаматтық ұстанымды қатар сіңіруінде. Осындай ортадан түлеп шыққан қаламгерлердің әр буыны қарағандылық журналистиканың абыройын асқақтатып келеді.
– Басылымның атауы бүгінге дейін бірнеше рет өзгерді. «Большевистская кочегаркадан» «Индустриальная Карагандаға» дейінгі аралықты алсақ, басылым бірнеше идеологиялық қабаттарды еңсергендей. Солай ма?

– Дәл солай. Адамның өз өмірбаяны болатыны секілді, газеттің де өз ғұмырнамасы бар. Демек, басылымның жасы ұлғайған сайын, оның өмірбаяны да оқиғалар мен тарихи даталарға байи түседі.
«Большевистская кочегарка», «Социалистическая Караганда», «Индустриальная Караганда» дейтін мәнзелді атаулар – елде болып жатқан өзгерістердің газет бетіндегі көрінісі. Қоғамдық құрылым өзгерді, басылымның форматы өзгерді, мазмұны жаңарды. Тіптен, бір кезеңде газет дүниеге келген мемлекеттің өзі өмір сүруін тоқтатты.
Кеңес Одағы ыдырап, басылым жаңа атауымен, бірақ қалыптасқан журналистік мектебін сақтай отырып, тәуелсіз Қазақстанның ақпарат кеңістігіне қадам басты.
Задында өзгермеген бір ақиқат бар. «Индустриалка» әрдайым уақыт көшінен қалмай, өз оқырманына жақын болды. Тоқсан бес жыл бойы өзгермей келе жатқан жалғыз тұрақты ұстанымымыз да – осы! Оқырманға адалдық!
– «Индустриальная Караганда» шахтерлер мен металлургтер жайын ғана жазған жоқ. Газеттің ғарыш тақырыбымен де тағдыры егіз десек, қателеспеспіз…
– Газет талай жыл бойы жер қойнауындағы кеншінің еңбегін, домнадағы металдың қызуын жазды. Бірақ, оның қаламы жермен шектеліп қалған жоқ. Бір күні сол қалам иелері көкке көз тікті. Ғарышқа ұшқан адамның тағдырын, алыстағы сапардың тынысын, елдің көкейіндегі арманды оқырманға жеткізді.
Қарағандының кеңестік және қазақстандық ғарыш тарихында өзіндік орны бар. Мұны біздің журналистер де назардан тыс қалдырған емес. Соның бір жарқын мысалы – қарымды журналист Валерий Савин тәжірибесі дер едік. Ол Қазақ КСР-інің ғарышкер жасағына іріктеу жұмыстарына қатысып, іздестіру-құтқару және эвакуациялық топтардың тыныс-тіршілігін қаламына арқау етті. Ғарыш экипаждарының қонған жерлерінен репортаждар әзірледі.
1989 жылы дәл осы біздің газетте ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев туралы көлемді материалдардың бірі жарық көрді. Ол кезде Талғат Мұсабаев әлі Халық қаһарманы емес, арманын ақиқатқа айналдыру жолындағы арда азамат еді. Сондықтан, облыстық баспасөзде ғарышты игеру тарихының едәуір бөлігі «Индустриалка» беттерінде жазылды деуге толық негіз бар.
– Газеттің өзіндік спорттық дәстүрі бар ма?
– Бар. Оның үстіне, өте дестелі дәстүр. Яғни, облыстық газеттің жүлдесі үшін өтетін жеңіл атлетикалық эстафетаны айтқым келеді. Қаламыздың спорт тарихындағы тұңғыш әрі ең көне жүгіру додасы саналатын бұл жарыс тоқсан жылдан астам уақыт ішінде басылымның жарқын спорттық мерекесінің біріне айналды.
Жалпы қашықтығы – 5,7 шақырым. Осы уақытқа дейін жарыс 74 мәрте өткізілді. Эстафетаға екі дүркін Олимпиада чемпионы Дмитрий Карпов, жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Владимир Муравьев, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Вячеслав Муравьев, Ольга Сафронова, Александра Романова және басқа да танымал спортшылар қатысты.
Эстафетаның ғұмыры – «Индустриалканың» өз ғұмырымен тамырлас. Сөреге шыққан әр буын, жүгіріп өткен әр кезең – біз үшін үлкен мектеп болды.
– Осы күні кез келген басылымның әр саны компьютердегі файлдан бастау алады. Өзіңіз айтқан «шахтаның маңындағы теміржол тұйығында тұрған вагондарда» бастау алған қызмет үдерісі қалай өзгерді?
– Бір сөзбен айтсақ, заманбап арнаға ойысты. Тек мамандықтың мәніне қатысты ештеңе өзгерген жоқ. Өз байқағаныңды бөлісу, өзгенің тәжірибесін елге жеткізу, оқырман үшін маңызды әрі қажет дүниенің бәрін жазуға деген ұмтылыс сол күйінде қалды.
Бүгінде газет мазмұны медиа кеңістіктің интерактивті сипатына бейімделіп, қағаз бетінен цифрлық форматқа да еркін қадам басты. Қағаз басылым мен электронды нұсқа қатар қолданыста. Бұл – газеттің дәстүрден ажырауы емес, қайта уақыт талабына сай түлеп, жаңа тыныс ашуы.
Өйткені, технология жаңарғанымен, жақсы журналистиканың басты өлшемі өзгермейді. Шындықты айту, маңыздыны саралау, оқырманға қажет дүниені дер кезінде жеткізу – негізгі міндетіміз.
– Ұжымның мемлекеттік тілді меңгеруге деген талпынысы туралы айтып өтсеңіз…

– Ұлағатты дәстүрді ту еткен ұжымымыз былтырдан бері мемлекеттік тілді меңгеруге айрықша ықылас танытып, мұндай бағытта жүйелі түрде ізденіп келеді. Биыл да бұл игі бастама өз жалғасын тауып, «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының білікті мамандарына жүгініп, қазақ тілінің қыр-сырын тереңірек меңгеруге мүмкіндік алып отырмыз.
Сабақ барысында жаңа сөз үйреніп, сөйлем құрастырып қана қоймай, күнделікті қызметте мемлекеттік тілді еркін қолдануға ұмтылыс бар. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, білмегенімізді сұрап, үйренгенімізді ортаға салып келеміз.
Асылында, болашағына байыппен қарайтын әр азамат үшін тіл білу – үлкен мүмкіндік. Ал қос тілді қос қанатындай қатар меңгеру адамның кәсіби көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, елдің қоғамдық-мәдени өміріне еркін араласуына септеседі.
Осыны түсінген әріптестеріміздің мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасы бізді ерекше қуантады. Әсіресе, әріптестеріміздің жасына, қызметіне қарамастан тіл үйренуге уақыт тауып, жаңа сөздерді жаттап, қазақша сөйлеуге талпынып жүргені көңілге жылу ұялатады. Біріміздің қателігімізді екіншіміз түзеп, біріміздің жетістігіміз екіншімізге жігер беріп келеді. Мұндай ортада тіл үйрену де жеңіл, әрі нәтижелі болмақ.
– Әлеуметтік желідегі мөлт еткен мәлімет лезде тарайтын дәуірде «облыстық газет» деген түсінік ескіріп қалған жоқ па?
– Ескірмеді. Әлеуметтік желінің бір артықшылығы – жылдамдық. Алайда, онда көбіне фактіні тексеру де, айтылған сөзге жауапкершілік те, тарихи жады атымен жоқ. Керісінше, газетте осы үш құндылықтың үшеуі де бар.
Біз ешкіммен жарыспаймыз. Кернеу күшіміз – тереңдікте, контексте, оқиға мен адамды байыппен танып-білу қабілетінде бұқпантайлап жатады. Дәл бұрнағы жылдары домна пешінің қасындағы жас жұмысшының болмысын тамыршыдай тап басып байқағандай, бүгін де адамның бойындағы маңызды дүниені қаз қалпында аңғаруға тырысамыз.
«Индустриальная Караганда» – дәстүрі мен ұстанымына адалдығын сақтай отырып, үнемі дамып келе жатқан басылым. Ұжым алдыңғы буын журналистері қалаған негізді жоғалтпай, оны жаңа уақыттың талаптарымен толықтырып келеді.
Медиа нарығындағы барлық қиындықтарға қарамастан, ұжымның кәсіби тұрғыдан да, адами тұрғыдан да өз болмысын сақтап қалғанын ең басты жетістік деп санаймын. Бізде өз ісіне шын берілген, журналистиканы өмір салты деп қабылдайтын адамдар еңбек етеді.
Газетіміз ғасырлық мерейтойына жеткенде де рухани болмысынан айнымай, технологиялық тұрғыдан ешқандай шектеуге байланбаса екен дейміз. Оқырман өзіне ыңғайлы кез келген форматта – қағаз бетінде де, сайтта да, әлеуметтік желіде де қолжетімді болғанын қалаймыз.
Бастысы, оқырман сенімін әрі басылымның алғашқы күнінен қалыптасқан еңбек адамына деген сол бір айрықша ықыласын сақтап қалу. Әрине, тағы бір асқар арман бар. Шамамен бес-он жылдан кейін біздің эстафетаны қабылдап алатын жас журналистер көптеп шықса екен.
– Осы мерейлі күні газет оқырмандарына қандай тілек қосасыз?
– Оқырмандарға айтарымыз, тоқсан бес жыл бойы бізбен бірге болғандарыңыз үшін риясыз рақмет! Біз шығаратын әр санның өз оқырманына жетіп, өз мекенжайын табуы – біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені, редакциядағы бар еңбектің түпкі мақсаты да – газет пен оқырманның жүздесуі.
«Индустриальная Караганданың» дарынды ұжымына әрі газетіміздің адал оқырмандарына шығармашылық табыс, шабыт пен зор денсаулық тілеймін!
Тоқсан бес жыл – басылымның жасы емес, оқырман сенімінің жасы. Газеттің ғұмыры қағаздың ғұмырынан ұзақ. Алда – ғасырлық белес! 95 жасың салиқалы болсын, аса мәртебелі оқырманның «Индустриалкасы!».
– Оқшау ойлар тұнған әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



