Сәлімбаевтың сәулелі ғұмыры
Биыл – қазақ театр өнерінің қажырлы қайраткері Аманжол Сәлімбаевтың туғанына 90 жыл. Театр тарланының мерейтойына орай Сәкен театрында сахна саңлағын еске алу кеші өтті. Кешке театр аңызының туған-туыстары мен зиялы қауым өкілдері жиналды. Сәкен театрының актерлері Аманжол Сәлімбаевтың өнегелі ғұмырынан сыр шертетін қойылым қойды.

Аманжол Сәлімбаев 1960 жылы арнайы жолдамамен Сәкен театрына қызметке келеді. Ол кезде театр музыкалық драма театры ретінде жұмыс істеп, жаңа келген жас актерлердің көпшілігі әншілік және музыкалық қабілетімен ерекшеленді. Жас актерлерге жауапты рөлдер сеніп тапсырылды. «Қыз Жібек» спектаклінде Аманжол Сәлімбаев Төлеген образын сомдап, актерлік шеберлігімен көрермен ықыласына бөленді. Сондай-ақ, Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуі» шығармасында Досым бейнесін, Бәкір Тәжібаевтың «Ана жүрегі» спектаклінде Арман рөлін сәтті сомдады. Әсіресе оның актерлік шеберлігімен қатар, табиғи әншілік дарыны да ерекше бағаланды. Алайда жүрегінің түпкірінде режиссер болу арманы жатқан еді. 1964 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның режиссерлік факультетіне оқуға түсіп, бес жылдан кейін оқуын тәмамдайды. Жоғары білім алып, режиссер мамандығын игерген Аманжол Сәлімбаев өзінің өнердегі алғашқы жолын бастаған Сәкен театрына қайта оралды. Мұнда Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» драмасын сахналап, режиссер ретінде алғашқы үлкен табысына қол жеткізді. 1974–1975 жылдары Мәскеуге білімін жетілдіруге жіберіліп, ірі театрлардың жұмысымен танысып, тәжірибесін шыңдайды. Кейін талантты режиссер Жамбыл облыстық драма театрына бас режиссер болып тағайындалды. Алты жылдан астам уақыт ішінде Қ.Мұқашевтің «Парторг», Б.Лавреневтің «Күйреу», Ш.Құмаровтың «Сүйікті ақбас шалдарым», Р. Мамушвилидің «Асыл ана», М. Әуезовтің «Қаракөз», Д. Исабековтің «Әпке», А. Петрашкевичтің «Дабыл», Ш.Елеукеновтің «Емтихан», Ш.Мұртазаның «Қара маржан», Қ.Мұхамеджановтың «Қайдасың, Қайдарбек?» сияқты көптеген спектакльдерге өмір сыйлады. Әсіресе «Қаракөз» бен «Әпке» қойылымдары қазақ театр өнеріндегі шоқтығы биік туындылардың қатарынан орын алды.

1983 жылы Аманжол Сәлімбаев Сәкен театрына қайта оралды. Мұнда Е.Домбаевтың «Біздің ауылда қызықтар бола береді» комедиясы мен М.Ақынжановтың «Алтын сақа» ертегісін сахналады. Бұл қойылымдар оның режиссерлік қызметіндегі соңғы еңбектері болды. Актерлермен тіл табысып, шығармашылық ортада үлкен із қалдырған режиссердің еңбегін көрермен қауым жоғары бағалады.

Кеш барысында Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков Аманжол Сәлімбаевтың асқақ болмысы туралы жылы естелігімен бөлісті.
– Алдыменен көзге түсетіні – кішіпейілділігі мен адамгершілігі және қасиетті өнерге деген адалдығы еді. Досқа да адал болды. Ол – актер, режиссер ғана емес, ғаламат әнші. Бәкір Тәжібаевтың «Ана жүрегі» спектаклінде Арманның рөлін ойнады. Сонда Арман майданға аттанады. Ал, соңында қалған жары оны күтпей, басқа біреуге көңілі ауып кетеді. Майданнан балдақпен оралған Арман жарына жалт бұрылып, «Сен менің арманым, асылымсың» деп шырқағанда, бүкіл көрермен көзіне жас алған. Сол көрініс – әлі күнге дейін көз алдымда, сол үн – әлі күнге дейін жүрегімде. Міне, ол сондай керемет талант иесі еді, – деді Кеңес Жұмабеков.

Аманжол Сәлімбаевтың асыл жары Баян Нұрланқызы да еске алу кешіне келді. Ол құдай қосқан қосағының жарқын бейнесін сағынышпен еске алды.
– Оның жаны сондай нәзік еді. Екеуміз қосылғаннан бері маған бір рет болсын қабақ шытып, дауыс көтеріп көрген емес. Мінезі жібектей еді. Таңертең мені әнмен оятып, әнмен ұйықтататын. Балаларына мейірімді әке болды. Өнерге деген махаббаты мен отбасына, достарына деген махаббатын қатар ұстады. Жүзінен нұр шашырап тұратын. Артық туған жан еді, шіркін! – деп тебіренді асыл жары.

Қойылымда Аманжол Сәлімбаевтың бозбала шағы суреттелді. Көрермен көкірегіне ұя салған арман құсының соңынан еру үшін талай құрбандыққа барған жас Аманжолдың жан әлеміне үңілді.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



