Жаңалықтар

«Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігі «Жүсіпбек айлығын» бастады

«Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігі Абай онкүндігінен кейін қыркүйек айын «Жүсіпбек айлығы» ретінде жалғастырып отыр. 

Бұл бастама – ұлт зиялыларының рухани мұрасын дәріптеп қана қоймай, олардың тағылымды ойларын бүгінгі қоғаммен сабақтастыруға бағытталған. Абай мен Жүсіпбек Аймауытовты біріктіретін ортақ мұрат – саналы адам қалыптастыру, білім мен тәрбиені дәріптеу, ұлттық сананы ояту.

Жүсіпбек мұрасы – ұрпақ тәрбиесіне аманат

Жүсіпбек Аймауытов – қазақ әдебиеті мен педагогикасына, психологиясы мен публицистикасына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға. Оның шығармашылық мұрасы ұлттың рухани дамуы, білім мен тәрбие, адам болмысы мен азаматтық жауапкершілік мәселелерімен тығыз байланысты.

Жүсіпбектің «Психология» және «Тәрбиеге жетекші» еңбектері – осы бағыттағы құнды мұра. Бір ғасырға жуық уақыт бұрын жазылған бұл еңбектерде көтерілген мәселелер бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Осы құнды еңбектерді «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігі қайта шығарып, қазіргі оқырманға ұсынды. Бұл – ұлт ұстазының ой-тұжырымдарын жаңа буынға жеткізудің маңызды қадамы.

Жүсіпбек айлығының мақсаты

«Жүсіпбек айлығы» – тұлға мұрасын еске алумен шектелмейтін, оның білім, тәрбие, ұлттық сана және азаматтық жауапкершілік туралы идеяларын бүгінгі күннің құндылықтарымен байланыстыратын тағылымды жоба.

Айлық аясында Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларын насихаттау, кітап оқу, танымдық дәрістер, кездесулер мен пікірталастар ұйымдастыру жоспарланған.

Жүсіпбек мұрасы бізге білімді болудың ғана емес, өзімізге, отбасымызға, қоғамымызға және елімізге жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетеді.

«Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің басты миссияларының бірі – саналы азамат қалыптастыру және жауапкершілік мәдениетін арттыру. Бұл тұрғыда Жүсіпбек Аймауытовтың педагогикалық әрі ағартушылық идеялары бүгінгі тәрбие жұмысы үшін де аса құнды.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button