Жаңалықтар

Қарағандыда жарты млрд теңгеден асатын вейп өнімдерінің ірі партиялары жойылды

Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, өңірде жалпы құны 570 млн теңгені құрайтын электрондық тұтыну жүйелері мен вейптерге арналған сұйықтықтардың ірі партиялары жойылды. Өнімдер екі қылмыстық іс аясында тәркіленіп, заттай дәлелдемелер ретінде танылған.

Сурет Қарағанды облысы бойынша ЭТТД

Қылмыстық істердің бірі вейп өнімдерін Telegram мессенджері арқылы сатқан интернет-дүкеннің қызметіне қатысты. ЭТТД мәліметінше, ұйымдастырушылар өнімді өткізудің тармақталған жүйесін құрған: тауарларды сақтау үшін төрт қойма пайдаланылып, интернет-дүкеннің жұмысын операторлар мен курьерлер қамтамасыз еткен.

— Вейптердің заңсыз айналымы барған сайын онлайн кеңістікке ауысып жатыр. Мұнда өнімді өткізу үшін мессенджерлер, интернет-дүкендер, курьерлік жеткізу қызметтері және тауар сақтауға арнайы ұйымдастырылған орындар пайдаланылады. Бұл жағдайда дәл осындай тармақталған схема анықталды. Соның арқасында өнімді тікелей сатушылардың ғана емес, оны өткізуді қамтамасыз еткен инфрақұрылымның да қызметіне тосқауыл қойылды, — деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша ЭТТД.

Тінту барысында құқық қорғау органдары 30 мыңға жуық электрондық тұтыну жүйесін анықтады. Тәркіленген партияның құны 340 млн теңгеге бағаланды.
Заңсыз интернет-дүкенді ұйымдастырушылар сот алдында жауап берді. Оларға 2,5 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Тәркіленген өнім қажетті процестік рәсімдер аяқталғаннан кейін белгіленген тәртіппен жойылды.
Тағы бір ірі партия басқа қылмыстық іс аясында тәркіленді. Оның құрамында 3 495 электрондық тұтыну жүйесі және вейптерге арналған 1 785 сұйықтық болды. Өнімдердің жалпы құны 230 млн теңгені құрады. Бұл партия да жойылды.
Осылайша, екі қылмыстық іс аясында жалпы құны 570 млн теңгені құрайтын өнім заңсыз айналымнан шығарылып, жойылды.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button