Бас тақырыпЖаңалықтар

Жылыту жіті бақылауда

Облыстың алдағы жылу беру маусымына дайындығы мәреге жақын. Маңызды мәселе облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде жан-жақты қарастырылды. Келелі жиында Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев атқарылған жұмыстардың барысы туралы баяндады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Салалық басқарма басшысының мәлімдеуінше, өңірдегі жылу тарату желілерін оңдау науқаны аяқталу сатысында. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстардың 99,6 пайызы орындалған. Биыл осы мақсатқа 196,4 млрд теңге қарастырылған.

– Бүгінде қысқы маусымға 602 жергілікті жылу көзі, 1,3 мың шақырымнан астам инженерлік желі, әлеуметтік саланың 1116 нысаны және 6068 көппәтерлі тұрғын үй қамтылды. Жоспарланған 37 қазандықтың 24-інде жөндеу толық аяқталған. Сондай-ақ, 27 турбинаның 17-сі жөндеуден өтті. Жылу желілерін жаңғырту бағытында биыл жалпы құны 28,7 млрд теңгені құрайтын сегіз жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар аясында ұзындығы 12,3 шақырым болатын жылу желілерін қайта жаңғырту көзделген. Қазіргі уақытта негізгі монтаждау жұмыстары аяқталып, аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, – деп мәлім етті Тілектес Темірбекұлы.

Отын қоры да назарда. Облыстағы барлық энергия өндіруші стансалар көмір жеткізуге келісімшарттар жасасқан. Алдағы жылыту маусымына 7,3 млн тоннадан астам көмір жеткізу жоспарланып отыр. Жергілікті жылу көздері, халық пен бюджеттік ұйымдарға қажетті көмір қорын қалыптастыру бойынша қазіргі таңда 531,7 мың тонна отын дайындалған. Бұл – жалпы қажеттіліктің 49,8 пайызы. Оның ішінде, коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке арналған көмір қоры 81,2 пайызды, халық үшін 39,6 пайызды құрайды.

Облыс өңірлерінде жылу тарату амалдары ауа райына байланысты 1-15 қазан аралығында жүзеге асырыла бастамақ. Аппараттық кеңесте Теміртау қаласының жылу маусымына дайындығы да жеке қаралды. Биыл қаладағы жөндеу жұмыстарына шамамен 40 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде, 15,6 млрд теңге – жеке инвестициялар, 20 млрд теңге – Ұлттық жоба қаражаты, 4,4 млрд теңге – бюджет қаражаты. Qarmet АҚ-ның ЖЭО-2 негізгі жабдықтарын жөндеуге 9,86 млрд теңге бөлінген. Жұмыстарды 2026 жылғы 13 қарашаға дейін аяқтау жоспарланған. Осы мерзімге дейін алты қазандықты толық дайындау көзделіп отыр.

ҚарГРЭС-1 стансасында жабдықтарды жөндеуге 3,5 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта №10 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізілуде. Жылу маусымы басталғанға дейін барлығы үш қазандық агрегаты дайын болуы тиіс. Теміртаудағы жылу желілерін жөндеу жұмыстары бойынша жоспарланған 26,83 шақырымның 19,83 шақырымы еңсерілді. Бұл – 74 пайыз.

Ұлттық жоба аясында 2-шағынаудан бойындағы жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Мұнда жұмыстар аяқталуға жақын. Сонымен қатар, ЖЭО-2-ден шығатын ұзындығы 6 шақырым жылу магистралінің құрылысы жүргізілуде. Биыл оның 3,5 шақырымын қамтитын бірінші кезең жүзеге асырылуда. Жобаны толық аяқтау 2027 жылға жоспарланған.

Сондай-ақ, құны 8,7 млрд теңге болатын, ұзындығы 27 шақырым «Қарағанды – Теміртау» су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бүгінге дейін жобаға 3,2 млрд теңге қаржы түскен. Жұмыстарды толық аяқтау 2027 жылғы шілдеге межеленді.

Құрыш қаладағы басқа инженерлік желілердің дайындығы да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Атап айтқанда, су құбыры желілерінің 81 пайызы, кәріз жүйесінің 77 пайызы, электр желілерінің 75 пайызы жөндеуден өтті. Жөндеуге жоспарланған 15 трансформаторлық қосалқы стансаның 11-інде жұмыс аяқталған. Әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығы 90,4 пайызды құраса, көппәтерлі тұрғын үйлер бойынша бұл көрсеткіш – 74 пайыз.

Балқаш қаласында жылу желілерін жөндеуге 250 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржыға 8,7 шақырым желіні жаңарту жоспарланды. Қажетті материалдар толық көлемде жеткізілген. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарын «Балқаш Жылу» ЖШС өз күшімен жүргізіп жатыр.

Саяқ кентінде әрқайсысының қуаты 1 МВт болатын алты ТОМ-1 су жылытатын қазандығы сатып алынды. Бір қазандықтың құны – 24,2 млн теңге, ал, алты қазандықты сатып алуға жалпы 145,2 млн теңге жұмсалған. Кентте ұзындығы 1,54 шақырым болатын жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары да жалғасуда. Бүгінде оның 1 шақырымында жұмыс орындалған. Бұл мақсатқа 6,2 млн теңге бөлінген.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жылумен қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда екенін атап өтіп, барлық деңгейдегі басшыларға жылу маусымына дайындыққа тікелей жауапты екенін ескертті. Яғни, тиісті жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтамауға немесе іске формалды қарауға жол берілмейді. Қала және аудан әкімдеріне, сондай-ақ, мүдделі мемлекеттік органдарға барлық жұмыстарды уақытылы аяқтауды, қажетті отын қорын жасақтауды және апаттық қызметтермен өзара іс-қимылды пысықтауды тапсырды.

– Инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары ерекше бақылауда болуы тиіс. Жоспарланған барлық жұмыстар жылу беру маусымы басталғанға дейін толық аяқталуы қажет. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында табиғи монополия субъектілерімен бірлесіп, инженерлік желілерді жаңғыртудың белгіленген мерзімдерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар, жергілікті жылу көздеріне көмірді уақытылы жеткізуге басымдық беріп, тұрғындарға отынды алдын ала сатып алудың маңызын түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді сөзінің соңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Әлбетте, аймақтағы дайындық деңгейі 99,6 пайызға жеткенімен, көзайым көрсеткіш нақты жұмыспен бекемделуі ләзім. Алдағы күндер – соңғы межені еңсеретін жауапты кезең. Сондықтан, бүгінгі тиянақты жұмыс ертеңгі қыстың алаңсыз өтуінің басты кепілі болмақ.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button