Балқашта Руслан Ильдебаевты еске алуға арналған турнир басталды
Балқаш қаласында дзюдо күресінен жасөспірімдер мен қыздар арасында спорт саңлағы Руслан Рымбекұлы Ильдебаевты еске алуға арналған ашық біріншілік басталды. Биыл оныншы рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі жарысқа 120 спортшы қатысып, бозкілемде өзара мықтыны анықтауға кірісті. Бұл жолғы дода бұрынғыдан ауқымды сипат алып, республикалық деңгейде өтіп жатыр.

2011–2012 жылдары туған жасөспірімдер мен қыздар арасындағы жарысқа сегіз команда жиналды. Спортшылар 18 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде. Оның сегізі қыздарға, оны ұлдарға арналған. Ұлдар арасындағы ең жеңіл салмақ 38 келіден басталса, ең жоғары салмақ дәрежесі 81 келіден асады.

Бұл біріншілік – жай ғана спорттық жарыс емес, бозкілемде өзіндік із қалдырған балуанның есімін ұлықтап, оның өнегелі жолын кейінгі буынға үлгі етуге бағытталған тағылымды шара. Сонымен қатар, турнир жас дзюдошылардың шеберлігін шыңдап, Балқаш қаласындағы күрес спортының дамуына серпін беріп келеді.

Жарыстың тарихына тоқталған жеке сайысынан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрлан Омаров оның алғашқы қадамдарына Русланның ағасы Роллан Ильдебаевпен бірге атсалысқанын айтты.

– Биыл бұл турнир оныншы рет өткізіліп отыр. Алғашында жарысты қалалық деңгейде бастадық. Кейін облыстық дәрежеге көтеріліп, бүгінде республикалық турнирге айналды. Осы Балқаштағы жеті жыл бойы жарысты үзбей ұйымдастырдық. Сол кезде Русланның ағасы Роллан да үлкен қолдау көрсетті. Екеуміз бірігіп, осы істің бастауында тұрдық. Қазір турнирдің ауқымы кеңейіп, қатысушылардың қатары артып келеді. Алдағы мақсатымыз – жарысты республикалық күнтізбеге енгізіп, спорт шеберіне үміткер нормативін орындауға мүмкіндік беретін деңгейге жеткізу. Русланның өзі де кезінде ірі жарыстарға қатысып, республикалық турнирлерде жеңіске жеткен мықты балуан еді. Сондықтан, оның атындағы жарыстың осылай жалғасын табуы біз үшін маңызды, – деді Нұрлан Омаров.

Расымен де, спорттағы үлкен жетістіктің артында тынымсыз еңбек, табандылық пен жақындарының қолдауы тұрады. Руслан Ильдебаевтың күреске келуі де отбасындағы тәрбие мен әке қолдауының нәтижесі еді. Ол небәрі 13 жасынан бастап дзюдо күресімен айналысып, уақыт өте келе шеберлігін шыңдап, республикалық және халықаралық жарыстарда бақ сынады. Балқаштың спорттық шежіресінде өзіндік орны бар балуанға айналды.

Русланның отбасы әуелі Егіндібұлақ ауылында, кейін Ақжал кентінде тұрған. 1998 жылы Балқаш қаласына қоныс аударған соң, жас спортшының күреске деген қызығушылығы одан әрі арта түсті. Оның спорттық жолында жаттықтырушылары Данияр Болат пен Руслан Инаркиевтің де еңбегі болды. Әсіресе, әкесінің қолдауы балуанның үлкен жарыстарға қатысып, биік белестерді бағындыруына ықпал етті.

Алайда тағдыр оған ұзақ ғұмыр жазбады. Спортшы небәрі 32 жасында өмірден озды. Қысқа ғұмырында талай белесті бағындырып, артында жарқын із қалдырған Русланның есімі бүгінде осындай жарыстар арқылы жаңғырып келеді.
Марқұмның ағасы Роллан Ильдебаев үшін бұл турнирдің орны бөлек. Өйткені, жарыс – бауырының есімін ұлықтаумен қатар, оның спорттағы арман-мақсатын жалғастырудың бір жолы.
– Руслан кішкентайынан күреске жақын болды. Он үш жасынан бастап дзюдомен айналысып, талай жарысқа қатысты. Республикалық және халықаралық турнирлерде күресіп, спорттың саңлағы атанды. Оның жетістіктеріне отбасымызбен бірге қуандық. Әсіресе, әкеміз Русланның спортпен айналысуына көп қолдау көрсетті. Өкінішке қарай, бауырымыз ортамыздан ерте кетті. Бірақ оның артында ұрпағы, туған-туысы, достары қалды. Екі ұлы –Нугреден мен Нұрәли жары Динара қалды. Ұлы Нұрәли әке жолын жалғап, дзюдомен айналысып жүр. Біз үшін бұдан асқан қуаныш жоқ. Балалар әкесінің есімін ұмытпай, оның жолын жалғастырса дейміз, – деді Роллан Ильдебаев.
Сондай-ақ, ол жарыстың ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдірді. Атап айтқанда, Балқаш қаласының меценаты Серік Қасымбековке, қазақ күресі мен дзюдо федерациясының өкілі Шотбай Тоғызбайұлына, жеке кәсіпкер Наталья Болдачоваға,«Ақтеңіз» спорт кешені директоры Айдын Тәтибековке, кәсіпкерлер Сұлтан Микеевке, Дәурен Мәдениетұлына, Русланның сыныптастары мен достарына, туған-туыстарына ризашылығын жеткізді.
Марқұмның анасы Рымкеш пен жары Динара үшін де бұл жарыстың мәні терең. Бүгінде Русланның есімі бозкілемге шыққан әрбір жас балуанның жігерімен, әр жеңістің қуанышымен қайта жаңғырып келеді. Әсіресе, ұлдарының әке жолын жалғап, спортпен айналысуы – отбасы үшін үлкен үміт.
Жарыстың маңызын атап өткен «Жекпе-жек түрлері және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу бойынша спорт клубы» КММ өкілі Талғат Әбдішев те турнирдің кейінгі буын үшін тәрбиелік мәні зор екенін жеткізді.
– Балқаш қаласында дзюдо күресін жоғары деңгейге көтеруде осы турнирдің үлесі мол. Жарыстың жыл сайын жалғасып, ауқымы кеңейіп келе жатқаны қуантады. Руслан ағамыздың ғұмыры ұзақ болғанда, әлі талай биікті бағындырар еді. Бірақ, адамға берілген ғұмырдың ұзақтығынан гөрі, артында қалдырған ізі маңызды. Русланның жақсы жолын жалғап, турнирді тоқтатпай өткізіп келе жатқан ағалары, балалары, жақындары бар. Бұл – кейінгі ұрпаққа өнеге. Осындай жарыстар жас спортшыларға жігер беріп, ел спортының дамуына қызмет ете берсін, – деді Талғат Әбдішев.
Айта кетейік, бозкілемдегі белдесулерде жас балуандар жеңіс үшін бар күшін салса, жарыс мінберінде Руслан Ильдебаевтың есімі тағы бір мәрте ұлықталды. Алдағы жылы турнирдің республикалық күнтізбеге еніп, спорт шеберіне үміткер нормативін орындауға мүмкіндік беретін жарыс дәрежесіне көтерілуі көзделіп отыр. Бұл мақсат жүзеге асса, Руслан Ильдебаев атындағы біріншіліктің беделі артып, жас дзюдошылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылмақ.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»



