Ботақара кентіне Ту тұғыр орнатылды
Еліміздің айтулы мерекесі Республика күні қарсаңында Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентіндегі Даңқ алаңында қасиетті Ту тұғырының орнатылуы салтанатты түрде ашылып, оған аудан тұрғындары мен аудандық Қоғамдық және Аналар кеңестерінің төрағалары Мұрат Байғожин мен Мәрияш Ибраева және Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Қанағат Жұмашев қатысты.

Мерекелік салтанат оған жиналған жұрттың Әнұранымызды орындауымен басталып, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Серік Әміралин құттықтау сөзінде:

«25 қазан – ел тарихындағы маңызды күндердің бірі.Дәл осы күні, 1990 жылы, Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданып, ол еліміздің тәуелсіздігіне алғашқы қадам болды. Бүгін соған орай мемлекеттігіміздің символдарының бірі – Ту тұғырын орнатып отырмыз. Енді тұғырына қонақтаған көк байрағымыз көтеріліп, мәңгі желбірей берсін!»– деді ол.

Сол күні осы көк туымыздың астында аудан мектептерінің оқушылары еліміздің болашақ патриоттарын біріктіретін “Жас ұлан” ұйымының “Жас қыран” тобының қатарына қабылданып, оларға көк түсті галстукті аудан әкімінің орынбасары Серік Әмірәлин тақты.

Мерекеге келген көпшілік алдында арнайы шақырылған әнші Ибрагим Ескендір “Көк тудың желбірегені”, “Қазақтай ел қайда” әндерін әуелетіп, Қали Байжанов атындағы облыстық концерттік бірлестіктің “Әуен” ансамблі орындаған “Қазағым, қасиетіңнен айналайын!” әні мерекелік салтанатты түйіндеді.

Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы



