АймақБас тақырып

Қарағандыда «Тіл-FEST» облыстық фестивалі өтті

Қарағандыда Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл-FEST» облыстық фестивалі өтті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен сабақтас айтулы мерекеге арналған шара тіл арқылы ұлт бірлігін нығайту, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі мен қолданыс аясын арттыру көзделді.

Қазақстан халқының тілдерін сақтау мен дамытуға қолдау көрсету, сондай-ақ түркі халықтарының тілдік мұрасын дәріптеу және тіл мерекесінің жалпыхалықтық маңызын кеңінен насихаттауға бағытталды.

Суреттер облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармадан

Орталық мәдениет және демалыс саябағында өткен фестивальге облыстың барлық қала-аудандарынан келген қатысушылар және көрермендер, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Мерекелік шара барысында тіл мен өнер, ұлттық дәстүр мен заманауи форматтар өзара сабақтасты. Фестивальдің «Мерекелік концерттік шоу» сахнасында Қарағанды облысының белгілі өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, көрермендерге мерекелік концерттік бағдарлама ұсынды.

«Қазақша сөйлейік!» Talk&Play интерактивті алаңында қатысушылар мемлекеттік тілде еркін форматта пікірлесіп, тілдік кедергіні еңсеруге бағытталған тренингтер мен сөйлесу клубтарына қатысты. Алаң қазақ тілін күнделікті қарым-қатынаста қолдануға деген қызығушылықты арттыруға мүмкіндік берді.


«Qazaq Brand Market» жәрмеңкесінде отандық шеберлердің төл өнімдері мен ұлттық нақыштағы бұйымдары таныстырылды. Жәрмеңке отандық өнімдерді насихаттап, ұлттық құндылықтар мен жергілікті шеберлердің еңбегін көпшілікке таныстыруға мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында мемлекеттік тіл саясатын белсенді насихаттап, өңірдің қоғамдық-мәдени өміріне елеулі үлес қосып жүрген азаматтарға арнайы естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

«Тіл- FEST» фестивалі Қазақстан халқы тілдері күнінің маңызын кеңінен насихаттап, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тіл мәдениетін арттыру және қоғамдағы өзара құрмет пен достықты нығайту бағытындағы жұмыстарды бір арнаға тоғыстырды.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button