Қарағанды облысынан 1200-ден астам адам әскерге шақырылады
Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. 1 қыркүйекте басталған науқан 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Қарағанды облысының Қорғаныс істері департаменті Әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының хабарлауынша, облыстан 1200-ден астам жасты әскери қызметке шақыру жоспарланып отыр.

Әскери қызметке жіберілмес бұрын әрбір шақырылушы медициналық комиссиядан өтеді. Бұдан бөлек, 2025 жылдың күзінен бастап «PSY-Риск» психологиялық тестілеуі енгізілді.
– Бұл әдістеме психоэмоционалдық тұрақсыздық пен суицидке бейімділік белгілерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Оның қолданылуы әскери қызметшілердің қауіпсіздігін арттырып, әскери бөлімдерде қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға ықпал етеді, – деді Қарағанды облысының Қорғаныс істері департаменті Әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының бастығы Дмитрий Буксман.
Әскерге шақырылушыларға медициналық тексеруден өту және әскери қызметке жіберілу үшін келу қажеттігі шақыру қағазы, SMS-хабарлама немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы хабарланады.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



