Рохус Шох «Шахтердің» алдағы жоспарын айтты
Қарағандылық «Шахтер» жаңа маусымда Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсетеді. Клубтың директорлар кеңесінің төрағасы Рохус Шох команданың алдағы мақсаттары мен клубты дамыту жоспарына тоқталды.

«Шахтер» Бірінші лигада 20 турдан кейін 55 ұпай жинап, маусым аяқталуына алты тур қалғанда Премьер-лигаға жолдама мәселесін шешті. Рохус Шох бұл жетістікті клубтың қайта қалыптасуындағы маңызды қадамдардың бірі деп атады.
Оның айтуынша, клубтың дамуына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен клуб иесі Тимур Турловтың қолдауы маңызды рөл атқарып отыр. Қаржының бір бөлігі академияға, инфрақұрылымға және мамандар тартуға бағытталған.

«Шахтер» Премьер-лигаға дайындықты маусым аяқталмай тұрып бастаған. Клуб құрылымында селекциялық-аналитикалық департамент құрылып, скауттар мен сарапшылар жұмысқа тартылған. Қазір мамандар қазақстандық және шетелдік футболшыларды бақылап, келесі маусымға үміткерлер тізімін қалыптастырып жатыр.
Рохус Шохтың сөзінше, клуб бірнеше жүз футболшыны қарастырып отыр. Негізгі басымдық еркін агенттерге берілмек. Сонымен қатар қазіргі құрамдағы ойыншылар мен жас футболшыларға да мүмкіндік беріледі.

«Біз өз мүмкіндіктерімізді де, бәсекелестердің деңгейін де нақты бағалаймыз. Сондықтан әзірге өзімізге аса жоғары міндеттер қоймаймыз. Клубтың дамуы жоспарлы түрде жүреді», – деді ол.

Клуб академиясын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Толыққанды академияның құрылысы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде жас футболшыларға жағдай жасалып, іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Клубқа Қазақстанның әр өңірінен жас ойыншылар қызығушылық танытып отыр.
Алдағы уақытта «Шахтер» бұқаралық футболды дамыту бағытында Қарағанды облысының футбол қауымдастығымен бірлескен жұмысын жалғастырмақ.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



