Жаңалықтар

Сырттай проактивті куәландыру дегеніміз не?

Қазақстан Республикасында әлеуметтік саланы цифрландыру шеңберінде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің заманауи тәсілдері енгізілуде. Солардың бірі – сырттай проактивті куәландыру. Сырттай проактивті куәландыру – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінен келіп түсетін дербестендірілмеген, яғни толықтай иесіздендірілген құжаттар негізінде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу.ьБұл тәсіл азаматтың жеке қатысуын және сарапшылармен тікелей байланысын қажет етпейді. Бұл ретте медициналық-әлеуметтік сараптама ұсынылған медициналық құжаттар мен ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер негізінде жүргізіледі.

Сурет ЖИ

Сырттай проактивті куәландыру уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын нозологиялық нысандардың тізбесі бойынша жүргізіледі. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес аталған рәсім мүгедектікті және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеу мақсатында жүргізіледі.

СЫРТТАЙ КУӘЛАНДЫРУ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙЛАРДА ЖҮРГІЗІЛЕДІ?

Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес сырттай проактивті куәландыру кезінде сараптамалық қорытынды белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі.

Алғашқы куәландыру кезінде сырттай проактивті формат аурулардың немесе жарақаттардың еңбек жарақатымен, кәсіптік аурумен, төтенше экологиялық жағдайлармен, ядролық сынақтар кезіндегі радиациялық әсермен немесе әскери және қызметтік міндеттерді орындаумен себеп-салдарлық байланысын растайтын құжаттары жоқ адамдарға жүргізіледі.

Қайта куәландыру кезінде сырттай проактивті формат аурулардың еңбек жарақатымен немесе кәсіптік аурумен байланысын растайтын құжаттары жоқ азаматтарға қолданылады.

Сонымен қатар сырттай проактивті куәландыру диагнозы уәкілетті орган бекіткен сырттай проактивті куәландыру жүргізілетін нозологиялық нысандар тізбесіне сәйкес келетін жағдайларда жүзеге асырылады.

ЭКСТЕРРИТОРИЯЛЫҚ ҚАҒИДАТ ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАМАУ НЕГІЗДЕРІ

Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу процесі экстерриториялық қағидатқа негізделеді. Бұл ретте дербестендірілмеген материалдар азаматтың тұрақты тіркелген жеріне қарамастан, басқа өңірлердегі медициналық-әлеуметтік сараптама сарапшыларының қарауына жіберіледі.

Экстерриториялық медициналық әлеуметтік сараптама бөлімдерінің сарапшылары құжаттарды қарау барысында медициналық ұйымның азаматты МСЭ-ге жолдауы негізсіз деп таныған жағдайда, тиісті шешім қабылдай алады.

Мұндай жағдайларға уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімдерінің белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі, мүгедектік тобын белгілеуге немесе күшейтуге қажетті медициналық деректердің болмауы, сондай-ақ азаматтың соңғы екі ай ішінде медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуі жатады.

Егер екі немесе үш сарапшы «сапасыз толтырылған» деген белгі қойса, №031/е нысаны қабылданбайды.

Мұндай шешім организм функцияларының бұзылу дәрежесін растайтын зертханалық және функционалдық зерттеулердің нәтижелері болмаған кезде, медициналық көрсетілімдер болған жағдайда абилитациялау және оңалту іс-шараларының жоспарында тиісті ұсынымдар көрсетілмегенде, сондай-ақ ұсынылған құжаттар мен мәліметтердің дұрыс еместігі анықталған жағдайда қабылданады.

Бұл ретте анықталған себептерді жою және құжаттарды қайта жолдау мәселесін шешу үшін медициналық ұйымға тиісті хабарлама жіберіледі.

СЫРТТАЙ ПРОАКТИВТІ КУӘЛАНДЫРУДЫ КӨЗБЕ-КӨЗ КУӘЛАНДЫРУҒА АУЫСТЫРУ ТӘРТІБІ

Қағидаларда сырттай проактивті куәландыруды көзбе-көз куәландыруға ауыстыру жағдайлары да көзделген.

№031/е нысаны мынадай жағдайларда азаматтың тұрақты тіркелген жері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне автоматты түрде қайта жіберіледі:

* диагноз нозологиялық нысандар тізбесіне сәйкес келмеген жағдайда;

* жолдау мақсаты көрсетілген мақсатқа сәйкес келмеген жағдайда;

* зертханалық және функционалдық зерттеулер нәтижелері организм функцияларының бұзылу дәрежесіне сәйкес келмеген жағдайда;

* мүгедектік тобы бойынша үш тәуелсіз сарапшының шешімдері сәйкес келмеген жағдайда.

Осындай жағдайлар туындаған кезде қызмет алушыға (оның өкіліне) тұрақты тіркелген жері бойынша МСЭ бөліміне көзбе-көз куәландырудан өту үшін келу қажеттігі туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Қызмет алушы хабарламаны алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде МСЭ бөліміне келуі тиіс. Қабылдау сағат 15:30-дан 18:00-ге дейін жүргізіледі.

МСЭ бөлімі қорытындыны қызмет алушы жүгінген күні шығарады. Қызмет алушы келмеген жағдайда оған қайтадан SMS-хабарлама жіберіледі.

Егер қызмет алушы 4 (төрт) жұмыс күні ішінде келмесе немесе көзбе-көз қабылдаудан бас тартса, №031/е нысаны «сапасыз толтырылған» және «пациент келмеді» деген белгімен медициналық ұйымға автоматты түрде қайтарылады. (Adilet)

НӘТИЖЕЛЕРДІ БЕКІТУ ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАРДЫ АЛУ

Сарапшылар шешімдерге электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойғаннан кейін мәліметтер тіркелген актілер тізіліміне енгізіледі.

Мүгедектік тобынан басқа параметрлер бойынша сараптамалық шешімдер сәйкес келмеген жағдайда қорытындыны экстерриториялық сарапшылар бөлімінің басшысы шығарады.

Сараптамалық қорытындыға азаматтың тұрақты тіркелген жері бойынша МСЭ бөлімінің басшысы акт келіп түскен күні электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды. Осыдан кейін медициналық ұйымға тиісті хабарлама жіберіледі, ал азаматқа қабылданған шешім туралы SMS-хабарлама келеді.

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі бойынша азамат немесе оның заңды өкілі электрондық үкіметтің www.egov.kz веб порталындағы жеке кабинеті арқылы мынадай электрондық құжаттарды алады:

* мүгедектік белгіленген жағдайда – мүгедектік туралы анықтама;

*абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік немесе кәсіптік бөлігінен үзінді көшірме;

* жалпы еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі туралы анықтама;

* немесе мүгедектіктің белгіленбегені туралы хабарлама.

Алынған құжаттардың барлығында «Сараптамалық қорытынды сырттай проактивті түрде шығарылды» деген ресми белгі қойылады.

Азаматтың талап етуі бойынша құжаттардың қағаз нұсқалары тұрақты тіркелген жері бойынша аумақтық медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінде беріледі.

Нуркен БЛЯЛОВ
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау Комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button