Қарағандылық сегіз спортшы Көшпенділер ойындарында бақ сынайды
Қырғызстанның Ыстықкөл облысында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды. Халықаралық додада Қазақстан құрамасы сапында Қарағанды облысының сегіз спортшысы ел намысын қорғайды.

31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтетін жарысқа әлемнің 100-ден астам елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысып жатыр. Олар 43 спорт түрі бойынша өзара мықтыны анықтайды.

Қазақстан құрамасының сапында 150-ден астам спортшы мен 49 жаттықтырушы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ойындардың ашылу салтанатына қатысып, қазақстандық спортшыларға қолдау білдірді.
Қарағанды облысынан Аңсаған Қожанәсіп овари, Бақытжан Тілеуқабылов ордо, Жандос Бейшенбаев пен Болат Сапар самбодан, Мирас Тақауиев көк-бөрүдeн, Ерғанат Молдағұлов гюлештен, Нариман Тұтқышев қырғыз күрөштен, Нурдаулет Мырзаханов тайган жарысынан өнер көрсетеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпелі халықтардың мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін халықаралық спорттық-мәдени шара саналады. Жарыс барысында ұлттық спорт түрлерімен қатар дәстүрлі өнер, қолөнер мен музыка да таныстырылады.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 6 қыркүйекке дейін жалғасады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz


