“Таза Қазақстан”: Қарағандыда қоқыс тастағандарға 50 млн теңге айыппұл салынды
Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Мониторинг нәтижесінде өңірде рұқсат етілмеген 500 қоқыс орны анықталып, оның 427-сі тазартылды.

Облыс аумағында стихиялық қоқыс орындарының қайта пайда болуына жол бермеу үшін тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бұл жұмыс «Ғарыш сапары» геопорталының түсірілімдерін талдау, әкімдік қызметкерлерінің жергілікті жерлерге шығуы және тұрғындардың өтініштері негізінде жүзеге асырылады.
Қарағанды облысы бойынша Экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Ерназ Мұқанның айтуынша, өткен жылы өңірде 587 заңсыз қоқыс орны анықталған. Биыл бұл көрсеткіштің төмендеуіне бірлескен бақылау жұмыстары әсер еткен.

Тұрғындардың жауапкершілігін арттыру бағытында да шаралар қабылданып жатыр. Жыл басынан бері абаттандыру ережелерін бұзған шамамен 34 мың азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал қоқысты заңсыз жерлерге төккен 90-ға жуық жүргізушінің көлігі арнайы тұраққа қойылған.
Заңсыз қоқыс тастау фактілері дрондар, бейнебақылау камералары және тәулік бойы жүргізілетін патрульдеу арқылы анықталады. Әрбір дерек бойынша келтірілген экологиялық залалға баға беру үшін Экология департаментіне ақпарат жолданады.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы учаскелік инспекторларының қызметін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Эдуард Гончаровтың мәліметінше, құқық бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 50 млн теңгеге айыппұл салынған. Оның шамамен 30 млн теңгесі өндірілген.

Қарағандының Әлихан Бөкейхан ауданында да заңсыз қоқыс орындарымен күрес күшейтілген. Аудан аумағындағы кейбір жолдардың бойына қоқыс тасымалдайтын көліктердің өтуіне кедергі келтіретін траншеялар қазылып жатыр. Сонымен қатар, Полиция департаменті, прокуратура және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп рейдтер өткізуде.
Мамандардың айтуынша, кейбір кәсіпкерлер тұрғындардан ақша алып, тұрмыстық немесе құрылыс қалдықтарын полигонға жеткізбей, далаға төгеді. Мұндай фактілерді анықтауға жергілікті тұрғындардың хабарламалары да көмектеседі.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстар қоршаған ортаны қорғаумен қатар, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Өңірде заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою жұмыстары жалғаса береді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



