Құрылтай Олжас Бектеновті Премьер-министр лауазымына тағайындауға келісім берді
Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Олжас Бектеновті Премьер-министр лауазымына тағайындауына келісім берді. Бұл жайлы kaz.inform.kz мәлім етті.

Жалпы отырысқа қатысқан 144 депутаттың 137-сі Олжас Бектеновтің Үкімет басшысы болуына келісті.
Олжас Абайұлы 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын (2001 ж.) үздік бітірген, мамандығы «Заңгер». ІІ дәрежелі «Айбын» (2014 ж.) және «Даңқ» (2021 ж.) ордендерімен наградталған.
2002-2005 жылдары — Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы.
2005-2006 жылдары — ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы.
2006-2009 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде жұмыс жасады.
2009-2012 жылдары — ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары.
2012-2014 жылдары — ҚР Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы.
2015-2016 жылдары — Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі.
2016-2017 жылдары — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы.
2017-2018 жылдары — Ақмола облысы әкімінің орынбасары.
2018-2019 жылдары — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары.
2019-2022 жылдары — Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.
2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.
2023-2024 жылдары Президент Әкімшілігін басқарды.
2024 жылдың ақпанында сол кездегі Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Премьер-министр лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновті тағайындау ұсынысына келісім берген еді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



