АймақБас тақырыпСпорт

Қарағандыда спорт саласының үздіктеріне айрықша құрмет көрсетілді

Өңірде жыл басынан бері спорттың сан алуан бағытында ел мерейін үстем етіп, халықаралық және республикалық додаларда жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар аз емес. Бүгінде Қазақстанның Спорт күніне орай Қарағандыда мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен спорт саласының үздіктеріне құрмет көрсетілді. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей мен облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Қобжанов қатысып, спортшылар мен сала мамандарын айтулы мерекемен құттықтады.

Суреттерді түсірген А. МАРЧЕНКО

Мерекелік шара барысында 2024 жылғы Паралимпиада және 2025 жылғы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне құрмет көрсетіп, оларға пәтер кілті табысталды. Сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігінің «Спорт саласының үздігі», «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен де бірқатар сала мамандары марапатталды. Бұдан бөлек, Ұлттық Олимпиадалық комитетінің І және ІІ дәрежелі «Қазақстан Республикасындағы Олимпиада қозғалысының құрметті қайраткері», «Спорт саласының кәсіподақ үздігі» төсбелгісі де өз иелерін тапты.

Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде спорт саласын дамытуға мемлекет тарапынан айрықша басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Әрі жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен бұл бағытта кешенді әрі жүйелі жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылып келе жатқанын жеткізді.

– Спорт – тек жеңіс пен қуаныштан тұрмайды. Жеңіліс пен таразыланатын сынақ. Алайда, ең бастысы, спорт ұлттың рухы мен деңгейінің айнасы. Ал, оның артында ұшан-теңіз еңбек, спортшыларымыз бен бапкерлеріміздің мұқалмас жігері, темірдей тәртібі тұр. Бүгінгі таңда қол жеткізген жетістіктеріміз ең алдымен, сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің және мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі. 2023 жылы облысымызда спортты дамытуға 24 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 2,5 миллиард теңгеге артық. Бірақ біздің басты мақсатымыз – қаржы көлемін арттыру емес, бөлінген әрбір теңгенің тиімділігі мен сапасын қамтамасыз ету.​ Өңірде спортшылардың әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жүйелі орта қалыптастырып келеді.​
Біздің маңызды қадамдарымыздың бірі – заманауи инфрақұрылымды дамыту. Жекелеген нысандар салудан заманауи кластерлік тәсілге көшіп жатырмыз. Жоба аясында футбол академиясының құрылысы басталды. Келешекте бұл кластер универсалды мұз айдынын, жеңіл атлетика манежін және жаңа олимпиадалық резерв мектеп-интернатын біріктіретін болады, – деді Әлібек Үсенұлы.

Ал, Нұркен Сайфиддинұлы өз сөзінде өңір тұрғындары үшін дене шынықтырумен тұрақты айналысуға қолайлы жағдай қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Бұқаралық, кәсіби, инклюзивті және ұлттық спорт түрлерін дамыту – саланың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

– ​Арқа өңірі – саңлақ спортшылардың отаны. Василий Жиров, Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Дмитрий Карпов, Серік Елеуов, Эльмира Сыздықова сынды әлемге танымал саңлақтардың жолын бүгінде жас дарындарымыз дара дәстүрмен жалғастырып келеді. ​Ұлттық спорт түрлерін жаңғырту мен насихаттауға айрықша мән берілуде. Өйткені, ұлттық спорт – халқымыздың төл мәдениеті мен рухани мұрасының ажырамас бөлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, ұлттық спортты олимпиадалық спорт деңгейіне көтеру – ортақ мерейіміз. ​Бүгінгі таңда алдымызда спорттық инфраструктураны дамыту, федерациялар мен мамандандырылған мектептерді қолдау, қала мен ауылдық жерлердегі тұрғындарға тең мүмкіндіктер жасау міндеттері тұр. Ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қарағанды облысының спорттық даңқын одан әрі асырып, жаңа белестерді бағындырарымызға кәміл сенемін, – деді Нұркен Сайфиддинұлы.

Мерекеге орай Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, сурдотаеквондодан Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Аян Абраш пен Айжамол Абдиакатоваға, Айда Макатоваға және парадзюдодан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Даяна Федосоваға бір бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, сурдодзюдодан Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері Еркебұлан Қанафинге 3 бөлмелі пәтердің кілті берілді.

– Дүбірлі додада ел намысын қорғап, ІІІ орыннан көрінген еңбегімнің елеусіз қалмағанына өте қуаныштымын. Спортшылардың бағын жандырып, осындай қуаныш сыйлаған облыс әкімдігіне, дене шынықтыру және спорт басқармасына шексіз алғысымды білдіремін. Тхэквондо секциясына алғаш рет атама ілесіп келген едім. Осы спорт түрі бірден жаныма жақын болып, үлкен қызығушылығымды оятты. Содан бері табантай 18 жыл өтіпті. Бүгінде сол таңдауыма еш өкінбеймін. Алға қойған мақсаттар мен тынымсыз жаттығулардың арқасында Сурдлимпиада ойындарының чемпионы атандым. Соңғы екі Сурдлимпиадада екі мәрте қола жүлдеге ие болдым. Барша спортшыларды төл мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын, – деді Жапонияның астанасы Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында қола жүлдегері Аян Абдраш.


Таеквондодан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Виктор Фрундин «Спорт саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбодан КСРО-ның халықаралықаралық дәрежедегі спорт шебері, кәсіпкер, меценат, Спорт ардагері Талғат Байшолақов, Бұқар жырау ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олег Цыганков және облыстық кешенді мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Александра Анисимоваға «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тағылды.

Үстел теннисі бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің басшы Тоқтамыс Хасенов, облыстық кешенді мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі басшысының орынбасары Гүлнара Туғанбекова, Олимпиадалық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің бас есепшісі Алмагүл Исаева мен мектептің әдіскері Алмагүл Мауленова «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісінің иегері атанды.

Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетінің І дәрежелі «Қазақстан Республикасындағы Олимпиада қозғалысының құрметті қайраткері» төсбелгісімен Үстел теннисінен олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Эльмира Алиева мен Еркін күрестен КСРО спорт шебері, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Спорт ардагері Амангелді Мұсабеков марапатталды. Ал, ІІ дәрежелі «Қазақстан Республикасындағы Олимпиада қозғалысының құрметті қайраткері» төсбелгісі Еркін күрестен КСРО спорт шебері, Спорт ардагері Шафхат Мурсалимовтың кеудесіне тақты. Теміртау қаласының олимпиадалық резервтегі мамандандырылған спорт-мектебінің басшысы Нұрлан Түсіпов «Спорт саласының кәсіподақ үздігі» төсбелгісінің иегері атанды.

Одан бөлек, сала мамандарына, өзге де спортшылар мен олардың ата-анасына, жаттықтырушыларға министрліктің және Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Құрмет грамотасы табысталды.

Және облыс әкімі мен мәслихаттың Алғыс хаты, дене шынықтыру және спорт басқармасының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button