Еркіндік пен үнемнің арасы қанша?
Басқа өңірден келген студент үшін «Қайда тұрамын?» деген сұрақтың жауабы «Қайда оқимын?» деген сұрақтың маңызынан кем емес. Студент үшін жаңа оқу жылы басталғанда баспана мәселесінің де құлағы қылтияды. Жатақханадан орын бұйырса, бір мәселе шешілді. Ал, орын жетпесе, жалдамалы пәтердің есігін қағуға тура келеді. Оның үстіне, оқу жылы қарсаңында баспанаға сұраныс көбейген сайын пәтер жалдау да қымбаттайтыны белгілі.

Пәтер жалдау қалтаға салмақ
Қаламыздың жоғары оқу орындарының мәліметіне сүйенсек, бүгінде студенттер жаппай баспанасыз қалып отырған жоқ. Дегенмен, білім алушылар санының өсуі, жатақханаға сұраныстың артуы және жалдамалы пәтер бағасының студент қалтасына салмақ салуы бұл мәселені жыл сайын қайта көтеруге мәжбүр етеді.
Жатақханада орын бар. Бірақ, студенттің көңілінде орын бар ма? Мәселенің түйіні дәл осы жерде. Бір қарағанда, «жатақхана жетеді» деген жауап мәселені жауып тастағандай. Жатақханадағы орын саны мен студенттің сол жерде тұруға мүмкіндігі, қалауы бір нәрсе емес. Бірі сабақтан бөлек жұмыс істейді, бірі кеш қайтады, енді бірі ішкі тәртіпке бейімделе алмайды. Жатақханадан шыққан сәтте студентті күтіп тұрған басқа шындық бар – жалдамалы пәтер. Бағасы қымбат, коммуналдық төлемі тағы бар. Осы екі таңдаудың ортасында қалған жастардың бірі Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Сетора Тугалова.
– Жатақханадан көшудің басты себебі – жұмысқа байланысты болды. Жоғары курста білім алып жатқан соң қосымша жұмыс істейміз, кей күндері жұмыстан кеш қайамыз. Жатақханаға белгілі бір уақыттан кейін кіру қиындайды. Жалпы жатақханада студенттерге жағдай жасалған, ыңғайлы болды. Бірақ, кейде белгілі бір уақытта жарықты өшіру талап етілетін. Біз сол уақытта сабақ оқып, қосымша тапсырмалар орындауымыз керек еді. Сондықтан, пәтерге көшуді жөн көрдік. Меніңше, жоғары курс студенттерінің пәтер іздеуінің негізгі себептерінің бірі – осы. Біз оқуымызға да, жұмысымызға да үлгеретін болсақ, неге жұмыс істемеске? Егер жатақханада студенттерге белгілі бір деңгейде еркіндік берілсе, пәтерге көшудің қажеті болмас еді. Қаражат жағынан жатақхана әлдеқайда ыңғайлы. Ай сайын шамамен 18 мың теңге төлейтін едік. Ыстық су және қажетті жағдайлардың барлығы қамтылған. Қазір бір пәтерді бірнеше қыз болып жалдап тұрғанымызға қарамастан, әрқайсымыз ай сайын 40 мың теңгедей жалдау ақысына, оған қоса шамамен 10 мың теңге коммуналдық қызметке төлейміз, – дейді Сетора Тугалова.
Яғни, жатақханадан пәтерге көшкеннен кейін баспанаға кететін ай сайынғы шығын шамамен 18 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін өскен. Ал, қыркүйек айы жақындағанда бұл шығынның тағы да өсуі мүмкін деген қауіп бар.
– Қыркүйекте пәтер бағасы қымбаттайды. Себебі, барлығы пәтер іздейтінін біледі. Қай дүниеге сұраныс көп болса, сол заттың құнын екі есеге арттырғысы келіп отырады, – дейді студент.
Сұраныс артса, баға өседі
Қазірдің өзінде Қарағандыдағы жалдамалы пәтер бағасына көз жүгіртсек, студенттің қалтасына түсетін салмақ аз емес. Krisha.kz сайтындағы бір бөлмелі пәтерлер шамамен 150 мың теңгеден басталса, екі бөлмелі пәтерлер 150-250 мың теңге аралығында ұсынылған. Ал, үш бөлмелі пәтерлердің бағасы 170 мың теңгеден басталып, 300 мың теңгеден де асып түседі. Әрине, бұл – нарықтағы барлық пәтердің орташа бағасы емес, сайттағы жеке хабарландырулар. Дегенмен, қыркүйек қарсаңында студенттер саны көбейгенде жалдамалы баспанаға сұраныстың артуы баға мәселесін қайта күн тәртібіне шығаратыны анық.
ҚарҰЗУ-дың Студенттер үйінің директоры Бектас Жұманның айтуынша, қазіргі таңда орын тапшылығы жоқ.
– Жалпы, университетімізде 7 Студенттер үйі бар. Барлығы 2676 орынмен жабдықталған. Сонымен қатар, 500 адамдық жаңа жатақхана бой көтеруде. Дәл қазіргі уақытта орын тапшылығы жоқ, – дейді Бектас Жұман.
Жоғары курс студенттерінен мамыр айында өтініш қабылданған. Қазіргі таңда 1249 өтініш келіп түскен және барлығына жолдама берілген. Бірінші курсқа түсушілерден онлайн өтініш 20 тамыздан бастап қабылданады. Осы тұста мәселенің екінші қыры көрінеді. Жоғары курс студенттерінің өтініштері қанағаттандырылғанымен, төртінші курс студенттерінің бір бөлігі әзірге уақытша резервте тұр. Бірінші курс студенттері орналастырылғаннан кейін қалған орындарға қайтадан өтініш қабылданады.
– Жатақханада тұру үшін өтініш берген барлық студенттердің өтініші қанағаттандырылып, жолдама берілді. Қазіргі уақытта тек IV курс студенттерін уақытша резервке қойдық. I курс студенттерін орналастырып болған соң қалған орындарға қайтадан өтініш қабылдаймыз, – дейді Студенттер үйінің директоры.
Жатақханаға орналастыру кезінде студенттердің әлеуметтік санаты да ескеріледі. Студенттердің әлеуметтік санатын анықтау, жатақханаларға бөлу және орналастыру жұмыстарымен тұрғын үй комиссиясы айналысады. Комиссия Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №219 бұйрығын басшылыққа алады.
Университет мәліметінше, биыл жатақханаға орналастыру жұмысына байланысты шағым түспеген. Студенттер үйінде тұру құны да жалдамалы пәтермен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді. Университеттің 2026-2027 оқу жылына бекіткен прейскуранты бойынша жылдық төлем 249 мыңнан 314 мың теңгеге дейін. Бұл ай сайын шамамен 20-26 мың теңге көлеміндегі шығын.
Бұған қоса, жатақханадағы тұрмыстық жағдай да біртіндеп жақсарып келеді. Бұған дейін студенттер жиі көтерген ыстық су мен жылу мәселесі шешілген. Былтыр барлық Студенттер үйі қалалық жылыту жүйесіне толық қосылған. Ыстық су мәселесіне байланысты 50 жаңа су жылытқыш орнатылған. Жатақханада орын болғанымен, кей студенттің одан өз еркімен бас тартып, пәтерге көшуіне басқа себептер әсер етеді.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде де қазір студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі шешілген. Бүгінде университет қарамағында жалпы сыйымдылығы 1600 орындық үш студенттік жатақхана жұмыс істейді. «Армандастар Ордасы» тұрғын үй кешені – 862 орын. Ауданы 16 600 шаршы метр болатын 9 қабатты заманауи кешен. «Студенттер үйі» – 346 орындық 5 қабатты ғимарат. №3 студенттік жатақхана – 392 орындық 4 қабатты ғимарат.
Университеттің Маркетинг және PR департаментінің директоры Нұрлан Айтбаевтың айтуынша, бұл орын саны студенттердің нақты сұранысын толық қамтамасыз етеді.
Өткен оқу жылында жатақханаға өтініш білдірген студенттердің барлығы орынмен қамтамасыз етілген. Орын ала алмай қалған студент болмаған. Орындарды бөлу кезінде бірінші курс студенттеріне және әлеуметтік осал санаттағы білім алушыларға басымдық беріледі. Университет жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерді жатақханада тегін тұру мүмкіндігімен қамтамасыз етеді. 2025-2026 оқу жылында «Армандастар Ордасында» тұру құны айына 18 500 теңге болған. «Студенттер үйі» мен №3 жатақханада ай сайынғы төлем 11 500 теңгені құраған. ҚарТУ-да қазіргі 1600 орындық инфрақұрылым студенттердің баспанаға деген сұранысын толық өтеп отырғандықтан, жаңа жатақхана салу немесе қосымша ғимараттарды бейімдеу бойынша нақты жоспарлар қарастырылмаған.
Түйін
Бүгінгі көрсеткіш бойынша жатақхана тапшылығы жоқ. Әйтсе де, студенттер саны көбейген сайын сұраныстың да өсуі заңды. Осы жерде мәселенің негізгі түйіні шығады, жатақханадағы орын саны жеткілікті болғанымен, студенттердің бәрі бірдей онда қалуды таңдай бермейді. Бірі жұмыс кестесіне байланысты, бірі ішкі тәртіпке байланысты, енді бірі жеке кеңістік үшін пәтерге көшеді. Жатақханадан тыс қалған студенттің алдында жалдамалы баспана нарығы тұр. Қыркүйекке қарай сұраныс артады. Баға қымбаттауы мүмкін. Коммуналдық төлем қосылады. Жол шығыны тағы бар. Жатақхана мәселесін тек «Орын жете ме?» деген сұрақпен өлшеу жеткіліксіз. Студент үшін жатақхана қаншалықты қолжетімді, оның тәртібі оқу мен жұмысқа қаншалықты бейімделген және жатақханаға балама баспананың бағасы қанша? Мәселенің шынайы салмағы осында. Студент жатақханадан орын алса, ай сайынғы шығынын алдын ала біледі. Пәтер жалдаса, оның бағасы қыркүйек айында өзгеруі мүмкін. Білім алуға келген жастың оқуымен қатар баспана қамын ойлап, ай сайынғы жалдау ақысын есептеп отыруы – бүгінгі студенттік өмірдің көзге көрінбейтін, алайда, қалтаға бататын мәселесі. Жатақхана саны жеткілікті болуы мүмкін. Бірақ студентке қолжетімді баспана мен қолайлы жағдайдың екеуі қатар қажет.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



