ЖаңалықтарБас тақырып

Қарқаралыда туристерге арналған 56 қонақ үй салынбақ

Қарағанды өңірінің экотуризмді дамытуға әлеуеті зор. Бұл бағыттағы негізгі туристік нысандардың қатарында Қарқаралы және Бұйратау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бар. Қос ұлттық парк те жыл сайын туристердің қызығушылығын арттырып, саяхатшыларды өзіне тартуда. Бүгінде табиғи мұраны сақтай отырып, экотуризмді дамытудың жаңа бағыттарына басымдық беріліп отыр. Бұл ретте өңірдің көрікті жерлерін туристік айналымға енгізіп, инфрақұрылымды жетілдіруге және саяхатшылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға ерекше мән берілуде.

Сурет облыс әкімдігі сайтынан
Сурет облыс әкімдігі сайтынан

Бизнес өкілдері үшін ұлттық парктің төрт функционалдық аймағы бар. Оның ішінде, рекреациялық және шектеулі шаруашылық қызмет аймағының туристік әлеуеті ерекше. Рекреациялық аймақта кәсіпкерлер туристерге арналған жаңа маршруттар әзірлеп, жаяу, атпен және аралас бағыттағы экологиялық соқпақтар ұйымдастыра алады. Мамандар бұл бағытты табиғат аясындағы демалысты заманауи туристік сервистермен ұштастырып, өңірдің тартымдылығын арттыруға жол ашады деп отыр.

– Қолданыстағы талаптарға сәйкес, жер учаскелері бес жылға дейінгі мерзімге уақытша нысандарды орналастыру үшін берілуі мүмкін. Олардың қатарына шатырлы лагерьлер, глэмпингтер, кемпингтер және күрделі құрылыс нысандарына жатпайтын өзге де туристік инфрақұрылым түрлері кіреді. Ең бастысы, ұлттық парктің табиғи келбеті мен экожүйесіне залал келтірмеу шарт.Ауқымды туристік жобаларды шектеулі шаруашылық қызмет аймағында да жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Бұл аумақта жер учаскелері 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Кәсіпкерлерге экологиялық талаптарды сақтай отырып, қонақүйлер, демалыс орындары және туристерге қызмет көрсетуге арналған өзге де нысандар салуға рұқсат етіледі, – деді Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Руслан Төлепбаев.

Туризмді дамыту жолындағы басты мәселенің бірі – инженерлік инфрақұрылым. Ал, ол үшін бөлінетін қажетті қаржы қомақты болуы қажет. Аймақта бұл мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Бюджет қаражаты есебінен кезең-кезеңімен жоспар құрылған. Яғни, мемлекет инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті инженерлік желілерді жүргізуге жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өз мойнына алмақ.

– Инвесторлар жобаларын ұсынса, су, электр энергиясы және интернет желісін тарту шығындарын жергілікті бюджет есебінен өтейміз. Бұл жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және өңірдегі туристік әлеуетті одан әрі дамытуға жол ашады, – деді туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Осы тұрғыда «Бұғылы» рекреациялық аймағын нақты мысал ретінде алып қарасақ. Аталған аймақтың аумағы – 75 гектар. Алдағы уақытта бұл жерге ірі туристік кешен құру жоспарланып отыр. Жоба экотуризм аумағы, этноауыл, ойын-сауық саябағы, демалыс үйлері және тау шаңғысы кешені сынды бес функционалдық аймақтан тұрады. Сонымен қатар, қонақүйлер, пансионаттар, глэмпингтер мен мейрамханалар салу да жоспарда бар. Туристер үшін 56 қонақ үй де салынбақ.

Кәсіпкерлер туристік нысандар, санитариялық-гигиеналық тораптар орнатса немесе туристік автобустар мен тау шаңғысы жабдықтарын сатып алса, онда осы салада қарастырылған мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана алады. Яғни, кәсіпкерге жұмсаған қаржысының бір бөлігін мемлекет өтеп беру мүмкіндігі қарастырылған.

– Біздің тарапымыздан инвесторларға жан-жақты қолдау бар. Олар үшін арнайы инвестициялық гид әзірледік. Онда бос жер учаскелері мен кәсіпкерлер сатылымға ұсынған нысандар туралы ақпарат жинақталған. Бұл ұсыныстарды кәсіпкерлердің келісімімен бір арнаға тоғыстырып, инвесторларға қолжетімді еттік. Сонымен қатар, бизнеске туризм саласында тұрақты түрде қолдау көрсетіп, туындаған мәселелерді шешуге және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану арқылы жобалардың шығынын азайтуға көмектесеміз, – деді Ирина Любарская.

Кезек пен қағазбастылықты жойған жүйе

Енді туристерге бақылау-өткізу бекетінде кезек күтіп, құжаттарды қолмен рәсімдеудің қажеті жоқ. Олай дейтініміз, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде көлік қозғалысын бақылауға арналған алғашқы автоматтандырылған жүйе іске қосылды. Жаңа жүйе «Берлога» демалыс базасына және Шайтанкөл көліне апаратын туристік маршруттың кіреберісіндегі бақылау-өткізу бекетіне орнатылған. Кіру ақысын алдын ала немесе тікелей бекетте төлесеңіз болды. Камера автокөліктің мемлекеттік нөмірін автоматты түрде танып, жүйе төлемнің жүргізілгенін тексереді. Егер барлық талап орындалса, шлагбаум өздігінен ашылады.

– Туризмді дамыту және келушілерге қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында бақылау-өткізу бекеттерін автоматтандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заң талаптарына сәйкес ұлттық парк туристік маршруттарға қызмет көрсету бойынша тиісті қызметтер ұсынады. Бұл ретте Экология министрлігі бекіткен тарифтер қолданылады. Мәселен, жеңіл автокөліктің ұлттық парк аумағына кіру құны тәулігіне – 0,5 АЕК, яғни, 2 162 теңге. Төлем көліктегі жолаушылар санына емес, көлік құралының өзі үшін ғана алынады, алдын ала төлеп, паркке келгенде кідіріссіз бірден аумаққа өтеді. Әуре-сарсаңға салынып, уақыт жоғалтпайды. Туристер табиғат аясында алаңсыз демалып, кейін еш кедергісіз кері шығып кете алады, – деді Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Руслан Төлепбаев.

Мұндай автоматтандырылған жүйе бүгінде Шарын және Баянауыл ұлттық парктерінде, «Көлсай көлдері» аумағында және Бурабай мен Көкшетауда жұмыс істеп тұр. Ал, Қарқаралыда әзірге ұлттық парктің алты туристік маршрутының біреуінде ғана іске қосылды. Енді «Шахтер» демалыс орны мен «Каскад» демалыс аймағына апаратын жолға осындай шлагбаумдар қойылады деп күтілуде.

Алдағы уақытта автоматтандырылған бақылау жүйесін парктегі алты туристік маршрутқа кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жүйе ең алдымен туристер үшін қолайлы. Кіру ақысын алдын ала төлеп, паркке келгенде кідіріссіз бірден аумаққа өтеді. Әуре-сарсаңға салынып, уақыт жоғалтпайды. Туристер табиғат аясында алаңсыз демалып, кейін еш кедергісіз кері шығып кете алады, – деді Руслан Төлепбаев.

Бүгінде өңірде ішкі туризм қарқынды дамып келеді. Егер, табиғи әлеуетімізді тиімді пайдаланып, туристік инфрақұрылымды одан әрі жетілдіре түссек, Қарағанды өңірі шетелдік саяхатшылардың да қызығушылығын тудыратын, халықаралық деңгейдегі перспективалы туристік бағыттардың біріне айналары сөзсіз.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button