Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында алғашқы медалін иеленді
Қазақстандық балуандар Братиславада (Словакия) өтіп жатқан жастар арасындағы күрестен әлем чемпионатында алғашқы медалін жеңіп алды, деп хабарлайды Қазақстанның еркін күрес федерациясы.

Алғашқы жүлдені грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Қазыбек Қалмағамбетов еншіледі. Қазақстандық балуан жарыс барысында сәтті өнер көрсетіп, финалға жолдама алды.
Шешуші белдесуде Қазыбек Қалмағамбетов Беларусь өкілі Михаил Марковскиймен кездесті. Финалдық бәсекеде отандасымыз қарсыласын 13:7 есебімен жеңіп, алтын медальға қол жеткізді. Осылайша, Қазыбек Қалмағамбетов U20 әлем чемпионатының жеңімпазы атанып, Қазақстан құрамасына жарыстағы алғашқы алтын жүлдені сыйлады.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында бір медаль бар. Братиславадағы әлем чемпионатында ел намысын өзге де қазақстандық балуандар қорғап жатыр.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



