Ел тағдырын екшейтін тұғыр
Қазақстан Республикасы үш онжылдық ішінде тұңғыш рет билік сәулетін қалай өзгерте алды? «Құрылтай» деген қасиетті ұғым неге қайта оралды? Асқақ атаудың жаңғыруы – тарихи сабақтастықтың көрінісі ме, әлде мемлекетті басқарудың жаңа моделіне бастар жол ма? Мәжіліс пен Сенаттан кейінгі жаңа саяси құрылым елдің ертеңіне қалай әсер етеді? Ең бастысы, 23 тамызда қазақстандықтар қандай тарихи таңдау алдында тұр?

Алдымен айтарымыз, «Құрылтай» сөзі кеңсе қабырғасынан немесе заңнамалық сөздіктен келе салмады. Құрылтай бізге ұлы даладан, ежелдегі ел билеушілері бас қосып, мемлекеттің тағдырын шешкен заманнан жетті. Сол даңғайыр жиындарда хандар сайланып, бітім жасалды. Ол кезде құрылтай бір жерге топтасқан күллі жұрттың ықтиярлы үні еді. Бүгін болса, осы ұғым сана көкжиегіне қайта оралып, сол бір тарихи мағынасына жаңа сипат үстеп отыр. Тек енді ат тұяғы дүбірлеген сәмиян даладағы жиынның орнын сайлау жәшіктері, бюллетеньдер мен Орталық сайлау комиссиясы толықтырады.
Биыл 1 шілдеге дейін Қазақстан қос палаталы Парламенті қалыптасқан, көпшілікке әбден таныс жүйемен жұмыс істеді. Кез келген Заң жобасы алдымен Мәжілісте әзірленіп, Сенатта пісіп-жетіліп, содан кейін ғана Президенттің қарауына жолданатын. Елдегі саяси жүйенің ажырамас бөлігіне айналған мұндай құрылым отыз жылға жуық уақыт бойы қалыпты құбылыс саналып келді. Тіпті, жыл мезгілдерінің алмасуы секілді үйреншікті көрініс-тұғын.
Халық Конституцияның қабылдануымен қалыптасқан ырғақ соны сүрлеуге түсті. Мәжіліс пен Сенаттың өкілеттігі тоқтатылып, олардың орнына бірыңғай Заң шығарушы орган – Құрылтай келді. Келер күндерде Заң қабылдау, мемлекеттік бюджетті бекіту және миллиондаған қазақстандықтың күнделікті өміріне әсер ететін маңызды мәселелерді шешу жауапкершілігі осы органға жүктеледі. Қос палаталы модельден бір палаталы жүйеге көшу – саяси-философиялық тұрғыдан да салмақты қадам. Яғни, посткеңестік кеңістіктегі көптеген мемлекеттерге таныс тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінен бас тартып, шешім қабылдауды анағұрлым тікелей әрі, реформаны қолдаушылардың пікірінше, жедел жүзеге асыратын модельге бетбұрысты білдірсе керек.
Алайда, жылдамдық әрдайым тиімділікке бастай ма? Екі палаталы жүйенің басты артықшылықтарының бірі болған тежемелік тетігі бір палаталы құрылым жағдайында қалай қамтамасыз етіледі? Құрылтай Заң шығару үдерісінің жеделдігін арттыра отырып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтай ала ма? Бұған уақыт өзі жауап береді. Ақиқаты, келісімді мерзім ішіндегі қолайлы шешімді қабылдай алатын сананың жаңғыруы созғыға түскен істі әсте көтермесі һақ.
Бөгенайы бөлек сайлаудың қисабын бір ғана дәйексөздік формулаға сыйғызуға болар. 145 депутаттық мандат, 546 кандидат, жеті партия, бюджеттен бөлінетін 34,3 миллиард теңге. Сандар соңында толғаулы тарих, саяси бәсеке және елдің асыл таңдауы тұр. Партиялық тізімдер түзіліп, бекітілді. Соңғы апталарда ақпарат кеңістігін толтырған партиялық ұрандар мен уәде-уәждердің мәні де дәл осы кезеңде таразыланады. Сайлауға қатысу партиялар үшін де тегін емес. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, әр кандидат үшін сайлау жарнасы 15 ең төменгі жалақы, яғни, 1 миллион 275 мың теңге көлемінде белгіленген. Не дегенімізбен, заңнамада жеңілдіктер де қарастырылған. 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында 5 және одан да көп пайыз дауыс жинаған партиялар жарна төлеуден толық босатылады. Ал, 3-тен 5 пайызға дейін дауыс алғандар оның жартысын ғана төлейді. Қалғандары белгіленген соманың 70 пайызын өтейді. Алғашқы Құрылтай сайлауын ұйымдастыруға мемлекет те қомақты қаржы сарп етпек. Үкімет қорынан 34,3 миллиард теңге бөлінді.
Бастысы, «Мұндай саяси өзгерістен соң-ақ қарапайым тұрғын не сезінеді?» деген сындарлы сауалға да жауап іздеп көрелік. Мұндай реформалардың басты парадоксы да жоқ емес. Сайлауыт шақтан соңғы күндері қаймана ел ешқандай өзгерісті бірден байқамауы кәдік. Жолаушы көлігі бұрынғы бағытымен жүре бермек. Мектептер әдеттегі уақытта есігін айқара ашпақ. Зейнетақы мен жәрдемақы белгіленген күні есепшотқа түсе бермек. Билік жүйесіндегі өзгеріс әсері біртіндеп, жаңа құрамдағы депутаттар айлар мен жылдар өте қабылдайтын Заңдар арқылы сезіле бастайды.
Құрылтай құрамының әрбір мүшесіне ел өміріне тікелей әсер ететін маңызды шешімдер қабылдау міндеті жүктеледі. Өйткені, халықтың Құрылтайға деген сенімі немесе сенімсіздігі дәл осы күнделікті тіршіліктің қарапайым сұрақтарына берілген нақты жауаптардан қалыптасады. Құрылтай тарихи атаумен аталғанымен, оның жұмысының бағасы халықтың ең қарапайым өмірлік мәселелерінен көрінбек.
23 тамыз – Халық Конституцияның қабылдануымен басталған, айларға созылған дайындықты, партия съездерін, сайлауалды пікірталастар мен саяси бәсекені қамтыған мемлекеттік биліктің соны сәулетіне көшу үдерісін түйіндейтін тарихи белес. Тұтас халықтың бас қосып, елдің ендігі бағытын айқындайтын қастерлі сәті.
Ерқанат Кеңесбекұлы
Ortalyq.kz
